ҚЖСА директоры Жасұлан Сүйіншіәлиевтің айтуынша, қазіргі таңда мекеменің мамандандырылған техникасы ескірген. Қалалық инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 1232 шақырымды құрайды, оның 82 пайызы тозған.
– 1-шағынауданнан 29-шағынауданға дейінгі инженерлік желілер жаңартуды қажет етеді. Осыған орай арнайы жоба әзірленіп, жұмыс тобы құрылды. Жобаны жүзеге асыру үшін қала бес аймаққа бөлінді. Барлық құбырларды жаңғыртуға шамамен 194 миллиард теңге қажет. Қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 1 және 6-шағынаудан аралығындағы 67 шақырым құбырды диаметрі 220 см заманауи полиэтилен құбырларына ауыстыру жоспарлануда. Осылай жұмыс жалғаса беретін болса, 2025 жылға дейін қаладағы ескірген құбырлардың барлығын ауыстырамыз, – деді Жасұлан Сүйіншіәлиев.
Аймақ басшысы аталған мәселелер ел Президенті мен Үкіметтің қолдауы арқылы шешілетінен атап өтті. Бұл шара – қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға және инженерлік желілердегі апаттар мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Өткен жылы құбырлардың ескіру салдарынан 1500-ден астам апаттық жағдай орын алған. Бұл – күніне орта есеппен 5 апаттық оқиға болады деген сөз. Соның салдарынан тұрғындарды тұрақты сумен және жылумен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Айта кетерлік жайт, 2018-2021 жылдар аралығында тарифтің төмендеуі мен тұтынушылардың төлемдерді уақытында төлемеуі салдарынан мекеме 422 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сондықтан кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуі үшін тұрғындар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеуі қажет.мекеме 422 миллион теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сондықтан кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуі үшін тұрғындар коммуналдық төлемдерді дер кезінде төлеуі қажет.
Жиын барысында аймақ басышысы қаладағы тұрғын үй құрылыстарының бей-берекет салынуы салдарынан, халықтың су мен жылу мәселесінде жиі қиындықтарға тап болатынын айтты.
– Қала әкіміне Ақтаудағы бей-берекет құрылысты тоқтатуды тапсырамын. Қаланың коммуналдық қызметінің қуаты құрылыс қарқынына сай емес. Соның салдарынан тұрғындар зардап шегуде. Иә, біз қаланы көркейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді құрметтейміз. Бірақ бұл мәселені шешпей, қаланың қарқынды дамуын ұйымдастыру қиын. Бір ерекшелік – халықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ететін әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың құрылысы жалғаса береді. Бізге тұрғындардан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты көптеген шағымдар түседі. Сондықтан нақты шешімдер қабылдаймыз, – деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ жиында 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері көтерілді. Айта кету керек, Ақтау қаласына 745 г/кал жылу қажет. Оның 500 г/кал жылуын «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» мекемесі өндіреді. Бүгінгі таңда жылу тапшылығы 245 г/кал құрайды. Бұл мәселені шешу үшін Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға қосымша қазандық салу бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Ол өз кезегінде қаладағы жылу тапшылығын жояды деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыс басшысы жауапты тұлғаларға меншік иелері бірлестігінің жылу беру маусымына дайындығын тексеру жұмысын күшейтуді тапсырды.