Ақсақал, абызды сыйлау қазақ пен шешеннің қанына сiңген қасиет

Dalanews 15 қыр. 2021 04:01 1816

Тұрақтылық, бiрлік, жаңару. Бұл үш ұғым – қазір тәуелсіз Қазақстан саясатының сәулелі шырағына айналып отыр. Тұрақтылығы – тұғырсыз, бiрлiгi – селкеу, жаңаруы – жадағай елдердің болашағы – күңгiрт, ертеңi – бұлыңғыр. Күннен туған ұлттың күрделі болмысы жаңа ғасырдай, толған айдай толысып келеді. Бұған мәдени ағысы, географиялық мүмкiндiгi, iшкi үйлесiмi сеп болуда. Түрлi себеппен Ұлы далаға қоныс тепкен ұлттар шоғыры кеңқолтық қазақтың пейiлi мен мейiрiнiң шұғыласына бөленді. Ешкiмдi етегiнен тартып, еңсесін басуды көздемейтiн ұлтымыз көсегемiздi бiрге көгертудiң ұлық жолын нұсқады. Қазақ – басшы, өзгелер – қосшы. Қазақ өркендесе, өзгелер көркейедi, қазақ байыса, өзгелер дамиды. Бұл – бүгiнде елiмiздегi әрбiр ұлттың iзгi тiлегi десек артық айтқандық болмас еді.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде алдарына жан салмайтын шешендердің қанға сіңген қасиеттерi жайында Алматы облыстық шешен-ингуш орталығының мүшесі, Еңбекші қазақ ауданына қарасты Ақши ауылының тұрғыны Бексұлтан Дудуев әңгімелеп берді.

– Дәстүр мен елдiктiн тұтқасы үлкендер, яғни, ақсақалдар екенiн қазақтар жақсы бiледі. Өйткені қазақтар үлкеннiң алдын киып етпейтін халық қой. Өз басым үлкенді құрметтеуде қазақ пен шешендей халықты кергенiм жоқ. О шеті мен бұ шетiне дейiн құс қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын сайын дала төсін мекен еткен қазақтарда зындан, түрме деген атымен болмағанын тарихтан бiлемiз.

Кеңес заманының өзінде шешендер ойланбай от басқан жастарды араларында тәртіпке салып, оған жаза кесiп, түрмеге жiбермеуге күш салған. Түрмеге бiр отырып келген адамның ой-санасы өзгеріп, түзелуi қиын болатыны жасырын емес. Сондықтан шешен ақсақалдары мұндай бұзықтарға жұмыс істетіп, ағаттыққа барғанын ұғындарған.

Мұндай дастүр қазақ халқында да бар екенін білеміз. Қазақтар шектен шығып, оспадарлыққа барған тентегiн өз арасында тиып, қатарға қосқан ғой. Яғни, тұтас бір ауыл үшін ақсақалдың сөзі заң болған.

Yлкеннiң лебiзiне құлақ асқан Қазақ халқы бүгiнде Құдайдын мейiрiм-шапағатына бөленіп, осындай кең сахараны бауырына басып отыр емес пе?! Егер береке-бiрлiгi болмаса, мұндай ұлан-ғайыр жер қазіргі ұрпаққа мирас болып қалар ма еді? Әй, қайдам. Сондықтан ақсақал, абызды сыйлау қазақтың қанына сiңген қасиет деп ойлаймын.


Мен қазақ топырағына аяқ басқанда оңы мен солын танымаған 4 жастағы бала едім. Әке-шешемiз Сталиннiң жандайшаптары шешендердi жүк пойызына тиеп, Қазақстанның пойыз жол баратын аумақтарына әкеліп, зат сияқты төгiп тастағанын айтып отыратын. Ауыр жолды көтере алмай қаншама адам мерт болды десеңізші... Сондай қиын кезеңде шешеннiң көптi көрген шалдары жас ұрпақтың болашағын ойлап, шешен халкының басына түскен қасiретке тасты жарып шыққан қарағайдай қайсарлық танытқанын айтуға тиіспін.

Шешендерді Қазақстанға күштеп қоныстандырғанда Сталиннiң қолшоқпарлары «бұлар адамның етін жейтін халық» деп жергiлiктi қазақтарға сыртымыздан жамандапты. О заманда, бұ заман тұтас бір халықтың адам етін жепті дегенін естімеген қазақтар олардың сөзiне құлақ аспаған. Қайта шешеннiң шалдарының намазға жығылып, сәждеге бас қойып жатқанын көріп, мұның арандату үшін әдейі айтылған сөз екенін түсінеді.

Осыдан кейін қазақтар бізді құшақ жая қарсы алғанын әке-шешеміз жыр қылып айтып отырушы еді. Сол кезде жергілікті қазақтардың жағдайы мәз емес еді. Бірақ соған қарамастан қолындағы барын бізбен бөліскенiн қалай ұмытуға болады.

Бiздер 1943 жылы ақпанның сақылдаған сары аязында қазақ топырағына табан тіредік. Сол кезде күштеп қоныс аударылғандардың денi шал-кемпір, бала-шаға мен әйелдер болатын. Ал ер азаматтардың көпшілігі соғысқа кеткен едi. Қыстың көзi қырауда сонау Кавказдан Қазақстанға қоныс аудару, адамды ажалға итермелегенмен бiрдей ғой.

Күштеп көшiрiлген шешендердiң сол кезде алды кұз, арты жар, болашағы бұлыңғыр болған еді. Жаны жаралы көштi бастап келген шешен шалдарының сол кезеңдегі қайсарлығына әлі күнге дейін тәнті боламын. Кiндiктен тараған балалары майдан даласында от кешіп жүрсе, өмiрiнiң жалғасы ұрпақтары тағдыр тәлкегіне ұшырап, бөтен елге босып барады. Шешен ақсақалдары аласапыран заманда шешен халқының отын өшiрмеуді басты мiндет санады. Олар бұл мiндеттi абыроймен атқарғаны анық.

Сырт жерде жүрсек те ана тiлiмiз бен салт-дәстүрiмiздi ұмытқан жоқпыз. Құйма құлақ шешен шалдары бәрiн санамызға құйып бердi. Бiздiң бақытымызға қарай қазақ халқы мейiрiмділік танытып, бауырмалдық көрсетуi бiздiң өсiп-өніп ел қатарына қосылуымызға үлкен демеу болғанын айтуға тиіспін.

Қазір таяққа сүйенген шалдардың iзiн басып, сол ақсақалдық жасқа біз де келдік. Кейде сонау нәубет кезіңдегі ақсақалдардың жағдайы қазiргi бiздiң хал-күйiмiзден жақсы болды-ау деп ойға шоматын кездерім болады. Өйткені сол кезде тағдыр-тәлкегіне ұшыраған тұтас бір халықтың арман-тілегі болды. Ал қазір бейбіт заман, бiздi ешкім түртпектеп жатқан жоқ. Әркім қалауынша өмір сүреді. Біреуге бірдеңе деп ақыл айтудың өзi қиын. Ел, жер болған соң қызуқанды жастар бір-бірімен келіспей жататын кездері болады. Сол кезде былайғы жұрт «бұл ауылдың тентегіне тыйым салатын ақсақалы жоқ па?» деп айтады емес пе? Сондықтан қазіргі ақсақалдардың да қоғам алдындағы жауапкершiлiгi бiр мысқалда кеміген жок десем артық айтқандық болмас еді.

Мұндайда данагөй қазақ халқы «қадiрiн бiлiп ұкпаса, нақыл айтқан сөз ғаріп» демей ме? Қазіргі таңда жастардың назарын өзiне аударып, теріс жолға жетелейтін жайттар өте көп. Сондықтан көптеген жастар үлкеннің сөзіне құлақ аспай, өзінше әрекет iстеп, опық жеп қалатыны жасырын емес.


Үлкендi тыңдау бiртiндеп қалып бара жатқандай... Осы ретте Yкiметтiң жергiлiктi жерлерде ақсақалдар алқасын құрып, жастарға тәлім-тәрбие беру мәселесіне көңiл бөлiп отырғанын өте орынды деп есептеймін.

Қазіргі таңда ауылымыздағы ақсақалдар жастарды қазақ-шешен деп бөлмей, ақыл-кеңесiмiздi айтып тұрамыз. Ал шешен ақсақалдары жастарын қалай тәрбиелейдi деген сұраққа жауап берсем. Бiздер бiрiншi кезекте жастарды адалдыққа тәрбиелейміз. Жастарға «ешкiмнiң ала жібін аттамаңдар» деп үнемi айтып отырамыз.

Көпшiлiк шешендер жайында сөз еткенде «Тау заңы» төңiрегiнде түрлi алыпқашпа әңгiме айтатыны жасырын емес. Менiңше, «Тау заңы» шешен халқының ержүректiгi мен адалдығын танытатын дәстүр. «Тау заңы» жекпе-жекке шыққан екi жiгiттiң тең жағдайда күш сынасуын көздейді. Қазақтар «дәстүрдің озығы мен тозығы бар» дейді ғой. Сондықтан өз басым «Тау заңы» қазіргі заман ағымынан қалып бара жатқан дәстүр деп есептеймін.

Бұдан басқа бiзде әке баласын қолына алып көтерiп, еміреніп мандайынан иіскемейтін дәстүр бар. Жаугершілік заманда мұндай дәстүр қажет болған шығар. Ал қазір әке мен бала арасын бұлайша алшақтатуға болмайды. Қазір бiлiм мен бiлiктiң заманы ғой. Сондықтан біздер жастарымыздың білім алып, ортақ Отанымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне өз үлестерiндi қосыңдар деп үнемі айтып отырамыз.

Заңғар тауларды мекен еткен шешен халқы әлмисақтан мал өсiрудi басты кәсiбi деп бiлгенi белгiлi. «Мал бақпасаң мандымассың» деп соңына өсиет қалдырған қазақ пен шешеннің тұрмыстық өмiрiнде осындай ұқсастықтар өте көп. Қазір Үкімет халыққа мал өсіріп, егін салыңдар деп қолдан келген көмегін көрсетуде. Бiздер осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Қазір ауылда жүрген жастар несібесін жерден теріп жеуді үйрендi. Алдағы уақытта бәрiмiз Қазақстанды ауылшаруашылығы өркендеген мемлекетке айналдыруымыз керек.

Айнұр Жұмахан 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар