Әміржан Қосан: "Бұл ақпараттың астарында саяси арандатудың екі түрі болуы мүмкін!"

Сағыныш Сардарова 15 қар. 2024 12:01 449

Алдағы күндері елімізде тәуелсіз медиа мен еркін ойлы журналистерге қарсы арандату әрекеттері жасалуы мүмкін деген қауесет тарауда. ҚазТАГ-тың мәліметіне сәйкес, белгілі бір құрылымдар осы бағыттағы жұмысқа қауырт кірісіп кеткен.

Ақпараттық алаңдағы ахуалды ушықтыру арқылы әлгіндей құрылымдар "төртінші биліктің" аузы дуалы өкілдерін қып-қызыл интригаға араластырып жіберуді көздеп отыр. Сонда мұндағы мақсат не? Мұның артында ескі Қазақстанның сұлбасы көрінбей ме? Әлі де болса ескі жүйенің ықпалындағы ақпарат құралдары бұл жағдайда қандай рөл ойнайды?

Осы турасында Dalanews.kz танымал саясаткер, журналист Әміржан Қосанның пікірін білді.

Сарапшы сөз басында ескі Қазақстан тұсында тәуелсіз БАҚ-қа неге тұсау көп болғанын түсіндірді.

"Тәуелсіз БАҚ жүйесіне екі түрлі формацияда – демократиялық және авторитарлық – екі түрлі көзқарас болатыны белгілі. Демократиялық, яғни халықтың қалауымен құрылған билік үшін тәуелсіз БАҚ – биліктің терезесі-тең әріптесі, көмекшісі, өйткені елдегі шынайы ахуалды тек қана тәуелсіз БАҚ айта алады. Ал авторитарлық билік үшін кез келген тәуелсіз БАҚ – оның қарсыласы, дұшпаны. Сол себептен болса керек, күні кешегі ескі Қазақстан тұсында еркін БАҚ қуғын-сүргіннің көкесін көріп келді", - дейді саясаткер.

Әміржан Қосан БАҚ-та тараған "тәуелсіз БАҚ-қа арандату әрекеттері орын алуы мүмкін" деген ақпаратқа пікір білдіріп, қауіп қай жақтан болуы мүмкін екенін ескертті.

"Хабардың нақты қайнар көзі жазылмаса да, "жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды" және "аузы күйген үріп ішеді" деген сөздерді басшылыққа алуымызға тура келеді.

Оның басты себебі сол: бүгінде ескі Қазақстан мен Жаңа, Әділетті Қазақстан арасында мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Шын мәнінде біз әлі сол саяси транзит кезеңінен шыға алмай келеміз. Осындай тұста саяси технологиялар алдыңғы қатарға шығады. Қарап отырсаңыз, тәуелсіз БАҚ-та жарияланып жатқан сын екі жақты: бірінде ескі Қазақстан әшкереленсе, екіншісінде жаңа биліктің кемшіліктері әмбеге аян болуда. Сондықтан тәуелсіз БАҚ жүйесіне шабуыл екі жақтан да болуы мүмкін. Соны ескеруіміз керек", - дейді ол.

Саяси сарапшы мәселенің тағы бір көлеңкелі жағын атады.

"Біздегі өзін тәуелсіз атайтын БАҚ-тың нақты қожайындары бар. Олардың нақты аты-жөны, керек десеңіз, көкелері де белгілі. Ендігі мәселе нақ соларға тірелуі мүмкін.

Жаңа Қазақстанға ренжулі ескі Қазақстан өкілдерінің қолында әлі де ықпалды әрі тәуелсіз саналатын БАҚ жүйесі баршылық. Олардың ойында не бар екенін бір Құдайдың өзі біледі. Ақпараттық тапсырыс орындайтын тәуелсіз-сымақ БАҚ та бар. Олар да өзінің кесірлі ролін ойнап келеді. Сонымен бірге, ескі және жаңа билікке қатысты сын айтып жүрген журналистер де өз жауапкершілігін сезіну керек сияқты: біреуге мін тағу үшін алдымен өзің таза болуың шарт. Әйтпесе, шығармашылығың тапсырыспен шектеліп жатса немесе жүргізіп отырған кәсібіңде кінәрат болса, қарсыластарың ертең соның бәрін алдыңнан шығаруы мүмкін...

Жалпы түрде айтқанда, жоғарыда айтылған сөздің рас не өтірігі биліктің өзіне байланысты, оның қимыл-әрекетіне байланысты, өйткені соның бәрін болдырмаудың барлық тетігі биліктің өз қолында деп санаймын", - деп түйіндеді Әміржан Қосан.

Тәуелсіз БАҚ туралы сөз болғанда ең бірінші мәселе сөз еркіндігіне кеп тіреледі. Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, БАҚ еркіндігі бойынша халықаралық ұйымдардың рейтингтерінде (мысалы, "Шекарасыз репортерлер" ұйымының рейтингінде) Қазақстан төменгі орындарды алады. Сонымен қатар, кейінгі кезде журналистерге қатысты түрлі қылмыстық істер қозғалғанын да атап өтуге болады.

Дегенмен кейінгі жылдары әлеуметтік желілер мен блогтар тәуелсіз ақпарат таратудың маңызды құралына айналып отырғаны да белгілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар