2024 жылы 14 қарашада Олжас Бектенов "Росатом" атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Атом энергетикасы, кванттық технологиялар, цифрландыру, сондай-ақ құзыреттер мен технологиялар алмасу, кадрлық әлеуетті дамыту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесуге қатысушылар аталған салалардағы заманауи технологияларға қатысты өзекті мәселелерді қарастырды", делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ салаларды одан әрі дамытуға бағытталған түрлі елдер сарапшылары арасындағы өзара іс-қимылы мәселелері атап өтілді.
Бұған дейін Бакуда өтіп жатқан БҰҰ-ның COP29 климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы аясында Қазақстанның Париж келісімінің мақсаттарын орындау үшін әлемдік экономиканы декарбонизациялауды жеделдетуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған 2050 жылға қарай атом энергетикасын үш есе ұлғайту жөніндегі декларацияға қосылатыны белгілі болған еді.