"Алтынбекті өлтіргенде үнсіз қала алмадым". Берік Әбдіғалиұлы билікпен тартысы туралы ашық айтты

Қаракөз Амантай 21 мам. 2025 11:38

Ұлытау облысының бұрынғы әкімі, қазіргі Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы “Уәде” бағдарламасына берген сұхбатында өзі басқарған өңірдің проблемалары, қаржы табудың машақаты, шенділердің сынға төзімділігі, жемқорлықпен күрес және өзіне "ұлтшыл" деген айыптың қалай тағылғанын бүкпесіз баяндады. Сонымен қатар Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы саяси өміріне қалай әсер еткені жайлы да сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Ұлытау облысын басқарған екі жыл ішінде өңірде шешілуі тиіс өзекті мәселелер болғанын атап өтті.

“Бірінші кезекте облыста көптеген проблема болды. Бұл мәселелер облыс құрылғанда Мемлекет басшысымен кездескенде де көтерілді. Ең алдымен Жезқазған қаласындағы ауыз су тапшылығы, екіншіден, халық жиі көтеріп жүрген экологиялық жағдай болды. Сонымен қатар жолдардың жағдайы да өзекті еді. Осы проблемаларға қатысты тиісті тапсырмалар берілді. Облыстың құрылудағы негізгі мақсаты – осы түйткілдерді шешу болатын”, – деді ол “Уәде” бағдарламасына берген сұхбатында.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, әкім болып келген сәттен бастап, өңірде кешенді жоспар қабылданған. Бұл жоспар Үкімет тарапынан мақұлданып, қаржыландыруға қажетті құжаттар дайындала бастаған.

“Бір жылдан аса уақыт осы құжаттарды дайындауға кетті. Себебі қаражат алу үшін сметалық және зерттеу құжаттарын әзірлеу қажет. Халықтың көзіне көрініп тұрғанымен, қаржы табу оңай емес. Негізгі бір жарым жылдай уақыт осыған жұмсалды. Қазір кейбір жобалар қаржыландырылып, жұмыстар жүріп жатыр”, – деді экс-әкім.

Ол сондай-ақ қаражат алудың неге қиын екеніне де тоқталды.

“Жаңадан құрылған облыстарға Президенттің тапсырмасы болғаннан кейін Үкімет қолдау көрсетті. Бірақ ең бастысы – тиісті құжаттарды уақытында дайындау. Бір сметалық құжаттың өзіне бір жылдай уақыт кетеді. Себебі конкурс өткізіледі, экспертиза жасалады. Облыс жазда құрылғанымен, біз күзде басқармаларды толық құрып, жобаларды 2022 жылдың соңынан бастап әзірледік. 2023 жылдың бюджетіне енді ғана дайын бола бастадық”, – деді Әбдіғалиұлы.

Оның сөзінше, бұрынғы облыстарда құжаттар бірнеше жыл бұрын жоспарланып қояды, ал жаңадан құрылған өңірде мұның бәрі нөлден басталған.

“Сондықтан алғашқы кезде құжаттарды құру процесінде біраз тежелдік. Қазір жобалардың бірқатары мақұлданып, жұмыстар жүріп жатыр”, – деді ол.

Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы әкімдігінен кету себебін де түсіндірді.

“Жаңа қызметке ауыстым. Басшылықпен кездескен кезде мен бұл ниетімді білдірдім. Екі жыл төрт айдай жұмыс істеп, Мемлекет басшысы келсе, есебімді беріп, кейін ғылыми жұмысқа ауыссам деген ойым бар екенін айттым. Бірақ Ұлттық музейге келемін деп ойламадым. Мен ол жерде бұрын екі жылдай жұмыс істегенмін. Бір жарым жыл “Қасиетті Қазақстан” жобасын атқардым. Соны ескеріп, осы қызметті ұсынды деп ойлаймын. Кейін конкурс ұйымдастырылып, оның нәтижесі бойынша ресми түрде тағайындалдым”, – деді шенеунік.

Ол қызметтен кетуіне қоғамдағы сынның еш қатысы жоқ екенін нақты айтты.

“Біз сынды жиі естиміз. Әріптестерім, әкімдер – бәрі куә. Бірде бірінші орында боламыз, бірде төмендейміз. Әкімдер сынды көтеруі керек. Мемлекеттік қызметкер, министр болсын, қандай соққы болса да көтере білуі керек. Егер шеше алмаса, өз еркімен арыз жазып кеткені жөн. Сынды көтеріп, қорытынды шығару – әрбір саяси қызметкердің жауапкершілігі. Мен жұмыстан қашқан жоқпын, әрі қарай жұмыс істеуге дайын болдым. Бірақ ұсыныс болған соң, бардым”, – деді Әбдіғалиұлы.

Ол кезінде билікті қатты сынағанын, тіпті “ешқашан мемлекеттік қызметке келмеймін” деп кеткен кезі болғанын еске алды.

“Ескі Қазақстанды сынадым. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болған кезімде де сол себепті қызметтен кеттім. Бұрынғы Президентті де сынадым. Әсіресе, Алтынбек Сәрсенбайұлын атып өлтірген кезде сыным күшейе түсті. Себебі ол менің ұстазым еді. Сол оқиға мені қатты күйзелтті. Бірақ кейін жігіттер шақырып, бірге жұмыс істеуді ұсынды. Мен де: “Жарайды, саясатқа араластырмайық, мәдени-ғылыми жобалармен айналысайын”, – дедім. Сөйтіп қайтадан жұмысқа кірістім. Облыс әкімдігінен кеткен соң үш жыл жұмыссыз жүрдім. Тіпті “жұмыссыз” ретінде тіркеліп қояйын ба деп те ойладым. Сосын “қолымнан не келеді?” деп өзіме сұрақ қойдым. Ғылыммен жолымды бастаған адам болған соң, осы бағытқа қайта оралдым. “Алашорда әскері” тақырыбы мені бұрыннан мазалап жүрген. Сол тақырыпқа кірістім. Үш жылда кітабымды аяқтадым”, – деді ол.

Шенеунік “Ескі Қазақстан” тұсында өзін кімдер қудалағанын да ашып айтты.

“Ол кезде Президент Әкімшілігінде Майлыбаев Бағлан болды. Солар бастады. Маған ғана емес, саяси мінберде жүрген басқа азаматтарды да “ұлтшыл” деп айыптады. Естуімше, Ерлан Тыныбайұлына, Айдос Сарымға, тіпті Марат Тәжинге де қысым жасалды. Мәскеуге барғанымда Марат Тәжин, Берік Уәли көмек көрсетті. Айдос Сарым Бауыржан Оспан есімді кәсіпкермен таныстырды. Ол кісі де: “Кітапта менің де аталарым бар екен”, – деп, кітаптың шығуына көмектесті”, – деді Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ ол жемқорлықпен күрес жөніндегі ойын да ортаға салды.

“Маған жеке өзіме пара ұсынған адамдар болмады. Бірақ жеке жобалар жүріп жатқанда әртүрлі азаматтар келіп, “мына тендерге қатыссақ” дейді. Біз ондайда бәрі заң аясында шешіледі деп айтамыз. Сонымен қатар Антикордың алдын ала ескертетін кездері де болады. “Осындай азамат сізге келеді, біз оны ұстаймыз” дейді. Ондай жағдайлар менің тәжірибемде болды.

Қытайда жемқорларды атып тастайды. Бізге де сондай бір тәртіп керек шығар деп ойлаймын. Бірінші – үрей болуы керек. Шенеунік қорықпаса, ала береді. Екінші – ар-ождан. Мысалы, грузиндерде осы екеуі қатар жүреді. Жемқорлық барлық елде бар. Бірақ бізде ол қалыпты жағдайға айналып кетті. Сондықтан алдымен параны алуды емес, беруді тоқтату керек. Сонда, мүмкін, бұл мәселе шешіле бастайды", – деді Берік Әбдіғалиұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар