"Субсидия жымқырған": Түркістан облысында мал дәрігерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Сағыныш Сардарова 21 мам. 2025 09:35

Түркістан облысында мал дәрігерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Dalanews.kz

otyrar.kz мәліметінше, Сауран аудандық ветеринария бөлімінің ветеринариялық станция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер мал шаруашылығын дамытуға бөлінген аса ірі мөлшердегі мемлекет қаржысын жымқырған. Іс сотқа жеткен.

"Тергеу барысында Оранғай, Жаңа Иқан ауылдық округтерінің ветеринарлары мен ветеринарлық бекеттің меңгерушісі 31 шаруа қожалығында іс жүзінде жоқ малдар бар екені туралы деректер базасына жалған мәліметтер енгізіп, жалпы сомасы 271 млн теңге субсидияны жымқырғаны анықталды", - деді Түркістан облысы прокурорының орынбасары Досымхан Айтишев.

Станция қызметкерлері қолдан құжат жасап, өмірде жоқ ұсақ және ірі қара малды тіркеген және сол арқылы мемлекеттің аса ірі көлемдегі ақшасын қолды қылған. Күдікті ретінде 5 адам ұсталған.

"Іс бойынша 5 адам күдікті деп танылды. Оның ішінде үшеуі - ветеринария қызметкері. Біреуі - ветеринария станциясының меңгерушісі", - деді Түркістан облысы прокурорының орынбасары Досымхан Айтишев.

Күдіктілер жымқырды деген 271 миллион теңге ақшаның 19 миллион теңгесі қайтарылған. Олардың 120 миллион теңге тұратын мүлкіне тыйым салынған. Сот тергеуі басталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар