Алматыда мектеп директорлары ата-аналарға есеп берді

Dalanews 22 қаз. 2015 21:39 1583

Күні кеше ғана Алматы қаласы әкімі қызметіне тағайындалған Бауыржан Байбек Алматы қаласы бойынша білім беру мекемелерінің қала тұрғындары алдында ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуі үшін әр тоқсан сайын мектеп директорлары ата-аналар алдында есеп беру турасында бұйрық шығарды. Әкімнің бұл бастамасы бізді қатты қызықтырған соң, Әуезов аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Ходжабергеновамен бірлесіп, аудандағы үш мектептің ата-аналармен есепті кездесуіне қатысып қайттық. Есепті кездесуге қатысқанымызда мемлекеттің бір ғана мектепке жыл бойына миллондаған қаржы бөліп, балалардың алаңсыз білім алуына жағдай жасап отырғанына көзіміз жетті. Осылайша қала басшысы Бауыржан Байбектің ұстаздар қауымын жемқорлыққа бой алдырмауы үшін қолға алған бұл шарасы алматылықтар тарапынан қолдау тапқанына куә болдық. Әрине әкімнің бұл бастамасын әркім сан-саққа жүгіртуі мүмкін. Бірақ ашық қоғам құруда алдыңғы лекте тұратын ұстаздар қауымның жүзі жарқын болуы үшін мұндай іс-шараның Алматыда қолға алынғанын орынды деп есептейміз.

 

№139 мектептің есебі

Алматыда бастау алған мектеп директорларының есепті кездесуі күн ұясына батып, қас қарайғанда басталды. Күндіз жұмыстан қолы босамайтын ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін кездесуді білім ошақтары кешкі мезгілде ұйымдастырыпты. О баста кеш батып, қараңғылық қоюлана түскенде мұндай жиналысқа ата-аналар аз келетін шығар деп ойлаған едік. Дегенмен Әуезов ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп  гимназияның мәжіліс залына келіп кіргенімізде 300-ге тарта адам еркін сиятын залда ине шаншар орын болмағанда ойымыздың қате екеніне көз жеткізгендей болдық. Қалың көпшіліктің арасында жас ата-аналар мен немересінің соңынан еріп келген егде тартқан кісілердің бар екенін байқадық. Бәрі мектеп директорының есебін тыңдауға құмартып келгені байқалып тұр. Ел аяғы толық жиналған №139 мектеп гимназиясының директоры Ерік Қуатбеков сөз бастады:

Жиналыс02

– Құрметті ата-аналар, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаның нұсқауы бойынша бұдан былай қаламыздағы мектеп директорлары әр тоқсан сайын мемлекет тарапынан мектепке бөлінген қаражаттардың қайда жұмсалып жатқаны жайында есеп беріп тұратынын өздеріңіз де білесіздер. Өз басым бұл іс-шара мектеп пен ата-аналар арасын жақындатып, білім беру мекемелерінің ашықтығын қамтамасыз етеді деп есептеймін. Сондықтан біздің мектеп ұжымы әкімнің бұл бастамасына жылы қабылдап, қолдау білдірді, – деп мектеп басшысы көкейге түйген ойын ортаға салды. Әңгіме басында мектептің тарихы мен жеткен жетістігіне қысқаша тоқталып, жиналған қауымға қысқаша мәлімет беріп өтті.

Ерик– Әрбір ата-ана баласы білім алатын білім ошағына мемлекет тарапынан қаншалықты қаржы бөлінетінін біліп отыруы маңызды. Жүздеген мың салық төлеушілердің есебінен құралатын бұл қаржының тиімді бағытта жұмсалуы бәріміз үшін маңызды мәселе. Енді қаржылық есебімізге көшсек. 2015 жылы А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп  гимназиясына 187 676 000 теңге бөлінді. Соның ішінде жергілікті бюджет есебінен  бөлінген қаржы – 170 097 000 теңгені құраса, республикалық бюджеттен 17 579 000 теңге бөлінді. Енді осы қаражаттардың қалай жұмсалынып жатқанын айтып берсем. Осы ретте мына бір мәселені айта кетсем. Қазір қаладағы бірлі-жарым мектепте арнайы шоттары бар. Бұл есеп шотқа ауқатты ата-аналар қаржы аударып, демеушілік жасап тұрады. Ал біздің мектепте мұндай есеп шоттар жоқ. Ата-аналар тарапынан ақша жиналмайтынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Үстіміздегі жылдың 9 айында мектебіміздің кірісі 151 381 000  теңгені құраса, дәл осы кезеңдегі шығыс та 151 381 000  теңгені құраған. Енді мемлекет тарапынан бөлінген қаржының қалай жұмсалғанына тоқталсам. Қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбекақысына 120 498 000 теңге қарастырылған. Қосымша ақшалай төлемдер – 1 950 000 теңгені (қала әкімінің сыйлығы 3 жас маманға 150 000 теңгеден беріліп, 5 мұғалім 300 000 теңгеден алды) құрады. Өтемақылық төлемдер 5 600 000 теңге болса, әлеуметтік салыққа 5 062 000 теңге төленді. Ал  әлеуметтік аударымдарға 4 455 000 теңге бөлінді. Коммуналдық төлемдерге 4 314 000 теңге бөлініп, оның 2 734 000 теңгесі мектепте  жылыту  жүйесіне жұмсалса, суық сумен қамту мен  кәріз  құбырлары  қызметіне 530 000 теңге төленген. Сол сияқты электр қуатына 1 050 000 теңге, байланыс қызметіне (телефон, интернет) 207 000  теңге бөлініп отыр. Барлық нормаларға сәйкес, гимназиядағы сынып сандарын ескере отырып жоспарланған керекті шаруашылық заттар төмендегідей тізім бойынша  2 467 000 теңгеге  сатып алдық. Кеңсе тауарларына – 200 000 теңге, көрнекілік құралдар мен  спорттық  тауарларға – 200 000 теңге, баспасөзге  100 000 теңге, ауыз суы  мен  пластикалық  стакандарға жоспар бойыншаи 9 айға  415 000 теңге жұмсалды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына  3 255 000 теңге  бөлініп, мемлекеттік сатып алудың баға ұсыныстары тәсілімен  24.04.2015ж. № 766800 қорытындысына сәйкес «Казэнерго Соmpany» серіктестігі  ұтып алып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын көрсетілген техникалық сынаптамаға сәйкес жүргізді. Мекеменің кешенді күзет қызметіне 2 032 560  теңге  жұмсалды. 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында 14 175 000 теңге жұмсалды. Тамақтандыру  оқушылардың санына және келісіліп бекітілген «Ас мәзірі» негізінде жүзеге асырылды. Ай сайын мекеменің кешенді күзет, өртке қарсы дабыл, бейнебақылау қадағалау қызметтері үшін «Бона» ЖШС-не 1 332 000 теңге,  қоқыс шығаруға  108 000  теңге,  мектеп ғимаратын дезинфекциялауға  90 000  теңге,  мекеме қызметкерлерін кезекті медициналық көрсетуден өткізуге 180 000 теңге бөлінді. Мекемедегі офистік техникаларды ағымдағы жөндеу жұмыстарына 180 000  теңге бөлініп, жоспар бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен  қатар,  басқа аударуларға банктік қызметтер үшін 270 000 теңге  төленіп тұрады. Оқушыларды ҰБТ-ға жеткізу, «Жас түлек» мектеп бітірушілер фестиваліне апарып-алып келу үшін транспорттық қызметке – 130 000  теңге бөлініп, пайдалану уақытын ескере отырып төленді. Гимназияда арнайы медициналық бөлме жұмыс жасайды және барлық керек-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балаларға алғашқы көмек көрсету мақсатында бюджет қаражатынан  65 000 теңгеге дәрі-дәрмектер сатылып алынған. Жалпыға міндетті орта білім қорынан қаражатты қолдану, жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға  материалдық көмек көрсету негізінде ата-аналардың өтініші бойынша  33 аз қамтылған балаға  1 200 000 теңге көлемінде материалдық көмек  ретінде  берілді, – деп Ерік Нұрғұмарұлы мемлекет тарапынан бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын жіпке тізгендей баяндап берді.

Мектеп директорының баяндамасына құлақ түргенімізде А.Байтұрсынов атындағы №139 мектеп  гимназиясында қазір ұзын саны 120  адам еңбек ететінін білдік. Олардың 85-і педагог мамандар болса, қалғаны 35-і кіші қызметкерлер екен. Өз кезегінде ата-аналар мектеп директорының баяндамасына ризашылықтарын білдіріп, алғастарын айтты. Есепті кездесуде ата-аналар құрылғанына 25 жыл толып отырған мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетінін сұрады. Өз кезегінде мектеп директоры Ерік Қуатбеков бұл мәселені өзі де көтеріп жүргенін алға тартты. Ол Алматы білім басқармасының мектепке күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді қажет деп тауып, кезекке қойғанын мәлім етті. Осылайша ата-аналар мен мектеп басшылығы алғашқы кездесуде жылы жүзбен тарқасты.

 

№86 мектептің есебі

Араға бір күн салып Әуезов ауданында орналасқан Ғ.Мүсірепов атындағы №139 мектеп  гимназиясының табалдырығын аттадық. Бізді мектеп директоры Қалдықыз Мұсаева жылы жүзбен қарсы алды. Межелі уақыттан сәл ертерек барғанымыздың арқасында мектептің өткен-кеткен тарихымен аздап танысуға мүмкіндік алдық. Таяуда ғана күрделі жөндеу жұмысынан өткен мектептің іші көздің жауын алады. Арнайы залдарға қойылған көрнекілік құралдар да адамды тартып, мектеп жайында мол мағлұмат беріп тұр. Озат оқушылардың тақтасына көз салғанымызда білім ошағында білімге құштар жас жеткіншектердің көп екенін байқағандай болдық. Мектеп директоры таяуда ғана Әуезов ауданы білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған тәжірибелі педагог, білікті ұйымдастырушы Гүлнәр Ходжабергенованы мектеп ішінде ұйымдастырылған сырбаз жазушы Ғабит Мүсіреповтің мұражай кешеніне бастады. Мұрайжаға бас сұққанымызда жазушының әр жылдары жарық көрген кітаптар мен қолжабалары көзімізге шалынды. Бір бұрышта Ғәбеңнің қыры сынбаған кастюм шалбары көзімізге оттай басылды. Өз кезегінде Қалдықыз Айтжанқызы мұражайдың жәдігерлерін жинақтау барысында Ғ.Мүсіреповтің ұрпақтары көп көмек көрсеткенін алға тартты. Бұдан кейін мектептің асханасын, арнайы сыныптарын аралап тамашаладық. Күрделі жөндеу жұмысының арқасында білім ордасы ажарланып, жас жеткіншектердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік туып тұрғанын алға тартты.

Жиналыс03

Кең залға келіп кіргенімізде №86 мектеп-гимназияның ата-аналары мектеп директорының қаржылық есебін тыңдауға қызығушылық танытқанын байқағандай болдық. Үш жүздей адам еркін сиятын залдың іші лық толы. Бәрі мектеп директорының есебін тыңдауға асық. Мінбеге көтеріліп, жиын тізгінін қолға алған Қалдықыз Мұсаева жиналған қауымға мектептің тарихы мен жеткен жетістігі жайында дайындалған бейнефильмін ата-аналардың назарына ұсынды.

– Таяуда ғана Алматы қаласы әкімі болып тағайындалған Бауыржан Байбек мырза жемқорлық дертінің түбіріне балта шабу мақсатында білім беру мекемелері басшыларының мемлекет тарапынан бөлінген қаржысын қалай жұмсап жатқаны жайында есеп беру турасында арнайы бұйрығы шықты. Әкімнің тың бастамасына біздің  №86 мектеп-гимназиясы да қолдау білдіріп, өздеріңізбен кездесіп отырған жайымыз бар. Алдағы уақытта әр тоқсан сайын мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының қалай жұмсалып жатқанын есепті кездесулерден біліп отырасыздар, – деп мектеп директоры Қ.Мұсаева сөзін ары қарай жалғады.

Калдыкыз Мусаева– Енді негізгі мәселемізге көшсек. 2015 жылдың 9 айында мектебімізге мемлекет тарапынан 142 млн. теңге бөлінді. Соның 130 млн. теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлінсе, қалған 11,6 млн. теңгесі республикалық бюджет есебінен бөлініп отыр. Осы ретте мына бір мәселені айта кету керек деп есептеймін. Біздің мектебімізде ешқандай қайырымдылық есепшоты жұмыс істемейді. Ата-аналар тарапынан мектеп қажеттілігі үшін ешқандай қаржы жиналмайтынын осыдан байқауға болады. Енді жоғарыда атап өткен қаржының қалай жұмсалғанына тоқталсақ. Жалпы, бөлінген қаржының басым бөлігі ұстаздардың жалақысына жұмсалып, бұл мақсатқа 96,7 млн. теңге қарастырылды. Ал әлеуметтік төлемдер 4,7 млн. теңгені құраған. Сол сияқты биыл үздік ұстаз бен 9 жас маманға сыйақы қаржы беріп, 2,5 млн. теңге жұмсадық. Осы ретте үздік ұстаздарға 300 мың теңгеден сыйақы берілсе, жас мамандарға төленген сыйақының мөлшері 150 мың теңгені құрады. Бұл – ұстаздар қауымын сүйікті ісіне ынталандырып отыру үшін қажет бастама. Мектеп қабырғасында алғашқы медициналық көмек көрсету үшін биыл 77 мың теңгеге қажетті дәрі-дәрмекті сатып алдық. Ал коммуналдық қызметтік төлемдерге бөлінетін қаржы 5,1 млн. теңгені құрады. Оқушылар мен ұстаздар қауымы тұтынатын ауыз суға 200700 теңге жұмсалды, – деп Қалдықыз Мұсаева жұртшылық алдында мемлекет қаржысының қайда жұмсалғанының есебін шығарып берді. Жиын соңында мектеп жайында қысқаша мәлімет берген Қалдықыз ханым ұжымда әртүрлі аудандық, қалалық, республикалық марапаттарға ие болған ұстаздар қызмет ететінін алға тартты.

– Мектебіміздегі ұстаздар қауымы тәрбие ісінің маңыздылығына, ертеңгі атқарылатын істің бағыт-бағдарына үлкен мән береді. Бұл барша ұстаздардың міндеті. Осындай ұжымның арқасында мектебіміздің абыройы жыл өткен сайын асқақтап келеді, – деп мектеп директоры есебін қорытындылады.

 

№123 мектептің есебі

Бағила ӘШІМБАЕВА, Алматы қаласы Әуезов ауданы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының директоры, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері:

– Құрметті ата-аналар, Алматы әкімінің қызметіне Бауыржан Байбек тағайындалғалы бері қалалық білім саласының жұмысына көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр. Осы орайда Бауыржан Қыдырғалиұлының тікелей тапсырмасымен сіздердің алдарыңызда 2015 жылдың 9 айындағы бюджет бойынша біздің мектебімізге бөлінген қаржының кірісі және шығысы есебін бергелі отырмын. Сайып келгенде бүгінгі жиналысымызда бір ғана мәселе – қаржының орнымен игерілуі сөз болады.

Алдымен айтарым...

Алайда алдымен мектептің тарихы мен жетістіктеріне аз-мұз тоқтала кетейін. Алматы қаласы Әуезов ауданы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясы 1989 жылы құрылды. Мектеп 1266 орынға арналған. Қазіргі таңда жалпы 67 сынып бар, ал оқушылардың саны 1800-ден асады. Бастауыш сыныпта барлығы – 42 мұғалім қызмет етеді. Ұстаздар шығармашылық топтармен жұмыс жасайды. Бізде тарихты, тілді, математиканы тереңдетіп оқытатын шығармашылық топтар құрылған.

Қазіргі  күні ҰБТ-ға дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл тарапта қосымша сабақтарды іске қосып жатырмыз. Жалпы ата-аналармен бүгінгідей кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Оған өздеріңіз де куәсіздер.

Ата-аналар тарапынан сұрақ:  «Мектептерде ақша жинау мәселесіне қатаң тыйым салыныпты деп естідік. Жалпы осы туралы айта отырсаңыз?».

Бағила ӘШІМБАЕВА: Мен сіздермен кездесуде ең бірінші ақша жинау мәселесін айтамын. Алматы мектептерінде ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Мұндағы мақсатты өздеріңіз де білесіздер. Ата-аналардан ақша жинап, оларға артық салмақ салмау. Бауыржан Қыдырғалиұлы келе сала осы мәселені көтерген болатын.

Иә, 90-шы жылдармен салыстырғанда қазіргі күніміз жақсы. Үкіметтен мектептерге қаржы бөлініп жатыр. Ендігі мәселе оларды орнымен игеру, қажетті жерлеріне жеткізу – мына біздің міндетіміз.

2015 жылы мектеп гимназиясына қанша қаржы бөлінді?

Алматы қаласы Әуезов ауданы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясына 2015 жылға бөлінген жалпы қаржы 274 млн 616 мың теңгені құрап отыр. 2015 жылдың 9 айына арналған кіріс және шығыс есебіне келетін болсақ бұл  214 млн 551 мың теңге. Оның ішінде жергілікті бюджет бойынша бөлінген қаржы 196 млн 56 мың теңге. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы 18 млн 495 мың теңге.

Жоғарыда айтып кеттік, сыныптарымыздың саны – 67, оның ішінде бастауыш сыныптардың саны – 31 (992 оқушы), жоғары сыныптардың саны – 36 (929 оқушы). Оқушыларымыздың саны 1921 баланы құрайды.

Ал мектеп қызметкерлерінің саны – 180. Оның ішінде 42 адам әкімшілік-шаруашылық саласының мамандары және кіші қызметкерлер. Педагогикалық қызметкерлердің, яғни мұғалімдердің саны 130 адамды құрап отыр.

Мұғалімдеріміздің 63-і жоғары санатты, 22 ұстаз бірінші санатты, екінші санатты мұғалімдердің саны 25 және санаты жоқ ұстаздардың саны – 28. 8 ұстазымыз Назарбаев зияткерлік мектебінің курсынан өтіп келді.

Мұғалімдер жалақысы және жалпы шығын туралы

2015 жылдың 9 айындағы барлық шығыс 214 млн 551 теңгені құрады. Оның ішінде қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбекақысына 166 млн. 198 мың теңге бөлінді. Қызметкерлер еңбекақысына – 141 млн 345 мың теңге, қосымша ақшалай төлемдерге 2 млн 550 мың теңге жұмсалды. Өтемақылық төлемдерге 7 млн 9 мың теңге бағытталды. Ал әлеуметтік салыққа 8 млн 659 мың теңге бөлінді. Әлеуметтік аударымға 5 млн  779 мың теңге жұмсалды.

Бұдан соң коммуналдық төлемдерге 5 млн 872 мың теңге бөлінді. Жылыту орталығы жүйесі және ыстық су үшін 3 млн 512 мың теңге бөлінді. Суық сумен қамту және кәріз жүйесіне 1 млн 349 мың теңге жұмсалды. Электр қуатына 819 мың теңге, байланыс қызметіне 192 мың теңге жұмсалды.

Бұдан сырт мектепке қажетті шаруашылық заттар бар. Оларға жұмсалған қаражат 3 млн 84 мың теңге. Оның ішінде шаруашылық тауарлар мен тазалауға арналған заттарға 1 млн 603 мың теңге бөлдік. Кеңсе тауарлары мен жазу қағаздарына 545 мың теңге бағытталды. Спорттық тауарларға 351 мың теңге қаражат бөлінді. Сынып журналдары үшін 118 мың теңге және ауыз су мен пластикалық стақандарға осы 9 айда 1 млн 216 мың теңге жұмсаған екенбіз.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 жарым млн теңге бөлінді.

Ата-аналар тарапынан сұрақ:  «Бұл қаржы қайда кетті?».

Төбені, қабырғаны әктеуге 804 мың теңге қаражат кетті. Өзге қаражат еден, плинтус сырлауға, кітапхана төбесіне гипсокартон ұстатуға, спортзалды әктеуге, сырлауға, жертөлені жөндеу және қуат сымдарын ауыстыруға, оның бөлмелерге линолеум төсеуге, ыстық және суық су құбырларын ауыстыруға бағытталды.

Күзет қызметіне 1 млн 332 мың теңге жұмсадық. Құрал-жабдықтар мен ғимаратқа қызмет көрсету 1 млн 875 мың теңгеге шықты. Бұдан сырт мекеме қызметкерлерін кезекті медициналық тексеруден өткізуге 240 мың теңге бөлініп, барлық қызметкерлер тиісті тексеруден өтті. Сонымен қатар мектептегі офистік техникаларды жөндеу жұмыстарына 400 мың теңге бағыттадық.

Бұдан сырт оқушыларды ҰБТ-ға жеткізу, «Жас түлек» фестиваліне алып барып, алып келу үшін транспорттық қызметке 204 мың теңге бөлінді. Гимназияда арнайы медициналық бөлме жұмыс жасайды: балаларға алғашқы көмек көрсету мақсатында 108 мың теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алдық. Тұрмыстық жағдайы төмен оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 382 мың теңге қарастырдық.

Бұдан сырт ата-аналар өтініші бойынша 126 аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету негізінде 3 млн. 57 мың теңге ақшалай берілді.

Құрметті ата-аналар, міне, мектепке бағытталған қаражаттың қайда және қалай бөлінгенін ашып айтып бердім. Біздің мектепте бала көп. Ұстаз да көп. Сайып келгенде барлық қаражат мектептің қажетіне жұмсалды.

Анығында, мектебіміз күрделі жөндеуді қажет етеді. Бауыржан Қыдырғалиұлы мұның бәрін біліп отыр. Осы себепті мектебімізді күрделі жөндеуден өткізу туралы кезекке қойыпты. 2017 жылы кезегіміз келсе6 жарқыраған, жайнаған мектепте оқимыз деп сеніммен айта аламын.
Гүлнәр Ходжабергенова, Әуезов аудандық білім бөлімінің басшысы:

Гулнар Ходжабергенова– Қазір екінің бірі «мектептерде мұғалімдердің ата-аналардан әр нәрсені сылтауратып ақша жинайды» деген әңгіме жиі айтылатыны жасырын емес. Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Жас ұрпаққа үлгі-өнеге береді деген білім ордаларында ұстаздардың ақша жинауы дұрыс емес. Қазіргі жағдаймызды тоқсаныншы жылдардағы тоқырау жылдарымен салыстыруға келмейді. Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміздің әл-ауқаты артып, білім беру мекемелерін жыл сайын тиісті қаржымен қамтамасыз етуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаржылық-экономикалық дағдарысқа қарамастан, білім мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының бір тиыны да қысқармайтынын қадап айтты. Бір сөзбен айтқанда мұғалімнің айлығы, білім беру ошақтарына қажетті керек-жарақтарды сатып алуға мемлекет тарапынан қаржы қарастырылған.

Осы жайттарды ескерген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мектептегі жемқорлыққа түбегейлі тосқауыл қою үшін әр тоқсан сайын мектеп директорларының ата-аналар алдында есеп беру турасында талап қойып отыр. Өз кезегінде бұл бастама Алматы қаласындағы білім мекемелері мен ата-аналар тарапынан айрықша қолдауға ие болып отыр. Алдағы уақытта мектеп директорлары әр тоқсан сайын ата-аналармен кездесіп, мемлекет қаржысының қайда жұмсалғаны жайында егжей-тегжейлі
ақпарат беріп тұратын болады.

Алматы қалалық қаржы басқармасының рұқсатымен мектептер қайырымдылық есеп шоттарын ашуға рұқсат берілген. Бірақ мұндай есепшоты бар мектептер саусақпен санарлық. Алдағы уақытта арнайы есепшоты бар мектептің директорлары мемлекет қаржысы және арнайы есепшотқа ата-аналар тарапынан түскен қаржының қалай жұмсалып жатқаны жайында есеп беріп тұратын болады. Жалпы, қала басшысының бұл бастамасы халық арасындағы «мектепте ақша жиналады» деген жаман аттан арылуға және мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны тиімді бағытта жұмсауға ықпал ететіне сенімдімін.

Өз басым Әуезов ауданындағы бірнеше мектептің есепті кездесуіне қатысқанда бұл бастама халық тарапынан қызу қолдау тапқанын байқадым. Әрине, бұл мектеп директорларының алғашқы есепті кездесуі болғандықтан аз-кем кемшіліктер кетуі мүмкін. Бірақ осы бір кездесуге ата-аналар мен мектеп ұжымының бойы үйренгеннен кейін өзінің нәтижесін беріп, білім саласының ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды шараға айналатынына сенімдімін.


Думан Танабасов


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар