«Дырканың» қазақшасы қандай?

Dalanews 23 қаз. 2015 03:09 1276

Бізде бір комплекс бар. Сол комплекстен қашан және қалай арыларымыз белгісіз?

Өмір бойы қазақша сөйлеген адам орыстанған ортаға түскенде қатты сасады екен. Оған күледі, оны мазақ қылады, себебі. Иә, қазір ондай емес шығар. Бірақ, сондай заман, сондай дәуір болған, бертінге дейін...

Қазір де сондай түсінік бар. Сондай түсініктің кесірінен өмір бақи қазақша сөйлеген адам орысша сөйлеуге ұмтылады. Қажеттіліктен.  Ол өз алдына «мен көрген қиындықты олар тартпасын» деп тіпті бала-шағасын орыс мектебіне беруі де ғажап емес.

Бұл жолғы мақаланың қандай да бір саяси астары жоқ деп ойлаймыз. Бәлкім, бар да шығар. Біз осы орыс тіліне қатысты түрлі қызық жағдайға тап болған кейіпкерлердің «бастан кешкендерін» жинастырып бердік. Кейбір жерінде күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ, іс жүзінде күлетін емес, жылайтын жағдай.

 Біз неге «бөгдеміз»?

2ddКереку орыстанған өңір ғой. Мұны бала жасымнан білетінмін. Шығыста нағашыларымның қолында өстім. Кейін Керекуге оралдым. Оралғым келмеп еді. Шешем: «бауырың есейді, екеуің екі жақта жүрсеңдер бөтенсіп кетесіңдер» дегесін көндім. Көнбей қайда барам. Мектеп жасындағы баламын. Айтайын дегенім бұл емес, бірақ.

Кереку. 7-ші сыныпта оқимын. Оралған кезім. Ортам орысша сөйлейді. Отбасым ғана қазақша. Осы жерде ғана өзіммен-өзім бола аламын. Өзге жерде...маған да орысша сөйлеуге тура келеді. Бейімделуге тура келеді, анығы. Амал нешік.

Бір подъезде 13 пәтер бар. Сол 13 пәтердің ішінде қазақша сөйлейтін жалғыз – біздің үй. Жалғыз менің шешем... Шешеме ызаланатын едім сол кездері. Қазір ойласам, ақымақшылық екен мұным.

Шешеммен бірге трамвайға, автобусқа отырамыз. Сол кезде ол тап тұмсығының алдында түрегеп тұрған маған бар даусымен айғай салады: «Балам, ана кондукторға апарып жолақысын төлеп келші».

 Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Жоқ, шешемнің айғай салғанына емес, қазақша сөйлегеніне!

Мен ұялғанымнан қызарып кетем. Жоқ, шешемнің айғай салғанына емес, қазақша сөйлегеніне...

Мен неге ұяламын? Себебі, қазақша сөйлегенім үшін талай рет күлкі болғанмын, елге. Айттым ғой, бейімделуге тура келді деп...

Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Қазақша сөйлейтін біз олардың алдында жатжұрттықтар сияқтымыз.

Бізге бүкіл ел жалт қарайды. Орыстанғандар, орысқа айналғандар араларында «бөгде» біреулердің әлі де бар екеніне айран-асыр болады. Кірерге тесік таппаймын. Іштей, олардың не ойлап тұрғанын білем өйткені. Айтайын ба не ойлап тұрғанын? Жоқ, айта алмаймын. Айтсам, жүрегім ауырады.

Баламын ғой, шешемнің неге бұлай істейтінін түсінбейтінмін. Қазір түсінемін.

 

«Дырканың» қазақшасы қандай?
Сенесіз бе, 17-18 жасыма дейін орысша білгем жоқ. Біз жақта, Алакөлде орысыңа, неміс, кәрісіңе дейін қазақша сөйлейді. Ол жақта біз биміз.


Қалаға оқуға келдім. Қиындық көрдім. Оқудан да, жұмыстан да қиналғам жоқ, алайда. Орысша сөйлей алмағаным үшін талай рет елдің күлкісі мен мазағына қалдым. Өмір, тіршіліктің талабы екен орысша сөйлеу. Сөйлемесем, күн көре алмасымды білдім.

Оқу бітіргесін құрылысқа жұмысқа тұрдым. Орысшам әлі де шамалы-тын. Кейбір сөздің мағынасын білсем, кейбірін мүлде «қақпайтынмын».

Бір жолы прораб айғайлап шақырып алды. Орыс еді өзі.

– Посмотри пожалуйста, есть ли там дырка?

Онысы шелек еді. «Посмотри» мен «пожалуйста» дегенін ұққан болдым. Ал «дыркасы» несі? Миым жетпей қойды. Бірақ, білдіртпейсің ғой.  Сөз ыңғайына қарағанда шелек бүтін бе, бүтін емес пе соны сұраған сияқты. Әрі-бері аударыстырдым да, «нет» деп қайта қайтарып бердім. Қателеспеппін...

 

1406210180«Өзің Дастан!»

Мен бір жылда есейдім. 2005 жыл еді. Қалаға келген кезім. Мұнда бәрі орысша. Екі сөздің басын құрай алмайтынмын. Елге күлкі болып жүрген кезім еді. Содан да шығар біреу орысша сөйлесе, кірпідей жиіріле қалатынмын. Бір жолы көпқабатты үйдің тұсынан өтіп бара жатсам, жоғарыдан бір орыс  айғай салды:

 – Достань, пожалуйста!

Түсінбедім.

– Я не Дастан, сам Дастан!

Сөйттім де өте шықтым. 

 

 «Орысқа берем. Әне орыс келе жатыр»

Біз орыс көрмей өскен ұрпақпыз. Бірақ шешеміз: «Орысқа берем. Әне орыс келе жатыр», – деп қорқытатын. Неге екенін білмеймін, орыс десе, құбыжық көргендей үрейленетін едік? Әжем марқұм: «Орыс деген көк көз, сары шаш, атқа мінсе, қопаңдап шаба беретін, ауыл көрсе, бала-шаға, қатын-қалашты жау тигендей қуатын есерсоқ, түлей халық», – дейтін. Сонда көз алдымызға жалбыр шашты, жабайы адам елестеуші еді. Сартаудың басындағы қолат-қолаттан ертелі-кеш орыс шыға келетіндей қорқып, өрістеп кеткен малға барудан өлердей қорқамыз. 

fotograf_v_orle_fotostudia_red_army_3Әжем қайбір орысты көріп жарытты ғой дейсіз. Бала кезінде Нарынқолда ауылын орыс шапқанда бір-екі рет байқап қалыпты. Кейін үріккен елмен бірге шекара асып кеткен. Сол кезде сәби жүрегінде қалған қорқыныш болса керек. Атасы Нарынқолда болған «Албандар көтерілісінде» шейіт кетті. Содан болар марқұм әжемнің орыс десе, ашу-ызасы ойнап шыға келетін. 
Орыспен аралас-құралас болмасақ та, кесірін көрдік. Қазақстан тәуелсіздік алған 90-жылдары осы Алматы мен Нарынқолдағы туыстардан шақыру хат келді. «Көшіп келіңдер» деп жазыпты. Қатты қуандық. Бірақ шат көңіліміз бір күнде су сепкендей басылды. Әжем: «Сендер, жұмаққа баратындай мәз-мейрам болып отырсыңдар ғой. Қазақстан дегенді ұмытыңдар! Сәбет менің атамды өлтіріп, әжемді жұтқан. Әкем мен шешемнің, біздің тәтті күнімізді, тәтті ұйқымызды бұзған. Ол жаққа қалай барамын? Мен тірі тұрғанда бірде біреуің Сәбетке бармайсыңдар!» – деп тыйып тастады. Бұл әңгіме сонымен тынды. Сәбеттен келетін хат та сап тиылды. Арада бірнеше жыл өтіп, көш күшіне мінді. Ел Қазақстанға қарай үдере көше бастаған. Апамыздың алдынан өтіп, жалынып көрдік. Бірақ марқұм жібімей қойды. Сол күні көршіміз Тамаша деген кемпірге жылап: «Кемешім (Әкемді солай атайтын) Сәбетке көшемін деп жатыр. Құдайым бар болса, Кемешім мен Нұржанымды көзім тірі кезде ажыратпаса екен! Екеуінен екі күрек топырақ тең бұйырса екен», – депті. Сол тілеуі қабыл болды-ау деймін. Сол жылы марқұм бауырынан көп ауырды. Құлжада емделді. Сол дертінен қайтыс болды. 
Көз жұмарының алдында бір палатада орыс әйелмен бірге жатты. Қырғызстаннан Құлжаға емделуге барыпты. Қырғызшаға судай. Бірақ әжем қыртиып: «Өлер шағымда мына құбыжықтың қасында қалдырғандарыңды-ай! Балалық шағымды, бақытты шаңырағымды ойрандаған осы орыс деген ібілісті көрмей көз жұматын шығармын десем, өлетін кезімде тағы да пайда болғаны-ай!» – деп кейіді. Бұрынғы айтатын әңгімелерін қорқынышпен тыңдаушы едік, бұл жолы шын жаным ашыды. Әлгі орыстың қасына көп қалдырған жоқпыз, бір аптадан соң басқа палатаға ауыстырдық… 
Шекарадан алғаш өткенде ең бірінші рет тірі орысты көрдім. Жап-жас жауынгер. Жүк көліктер өтетін артқы қақпада, күзетте тұр екен. Ақша сұрады. Бес сом (5 юань) бердім. «Тағы бар ма?» дейді. «Жоқ!» – деп саңқ еттім. Құлағыма әжем сыбырлап тұрғандай болды. Бірақ қуанып тұрмын. Себебі, ол маған жалынып, ақша сұрап, бейшара болып тұр ғой. Ал мен оған «Жоқ!» деп айғайлап тұрмын. Апам марқұмның рухы көріп тұрса: «Балам орысқа айғайлап жатыр!» – деп қуанып тұрған шығар деген ой келді.

 

 «Дәсбидәние»

Орыстың екі сөзін иттің етінен жек көрем. Соның бірі «Здравствуйте» және екіншісі «До свидания!». Түрлі орындарға, мекемелерге хат тасимын. Көпшілігі орысша сөйлейді. Бас кезінде қазақша амандасатынмын, кейбіреулер жақтырмай қарағасын орысша сәлем-сауқат сұрайтын болдым. Бірақ, енді оныма күлетін болды. Жоқ, күледі дегенім аз, қыран-топан болады. «Здрәстуйте» және «Дәсбидәние»...Несі күлкілі, түсінбеймін?

 

Дайындаған, Жәнібек Халықов   


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар