Мұраға қалған мансап: әкелі-балалы шенділер

Қаракөз Амантай 31 қаз. 2025 15:14

Қазақстанда билік элитасының буыны ауысқанымен, кей әулеттердің ықпалы әлі де сақталып келеді. Мәселен, бір кездері “Ескі Қазақстанда” жоғары лауазым иеленген саясаткерлер мен шенеуніктердің ұл-қыздары бүгінде түрлі деңгейдегі басқарма басшысы, әкім орынбасары, тіпті халықаралық ұйымдардағы ел өкіліне дейін көтеріліп үлгерген.

Dalanews.kz қазіргі билік жүйесіне орныққан әулеттерге шолу жасады.

Сейдумановтар әулеті

Әлнұр Серікұлы Сейдуманов — саяси элитаның жас буыны. Ол Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасын 2024 жылдан бері басқарып келеді.

Шенеуніктің әкесі — белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серік Тұрарұлы Сейдуманов. Ол кезінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаты, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры қызметтерін атқарған.

Әлнұр Сейдумановтың еңбек жолы елорданың ішкі саясат жүйесінде қалыптасқан. Ол Астана қаласы әкімдігі мен Президент Әкімшілігінде түрлі жауапты қызметтер атқарған.

Манзоровтар әулеті

Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін бүгінде Серік Бағдатұлы Манзоров басқарады. Ол аталған қызметке ресми түрде 2025 жылдың 22 қазанында тағайындалды. Серік Манзоров мемлекеттік органдар мен салық қызметі жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы әкімдігінде бастаған.

Ол — Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Серікұлы Манзоровтың ұлы. Әкесі кезінде аймақтық саясат пен құрылыс саласында ықпалды шенеунік болған, аты бірнеше даулы істерде аталған. 2020 жылы 30 маусымда Бас прокуратура Манзоровқа қатысты “алаяқтық” бойынша іс қозғалғанын растады.

Алтынбаевтар әулеті

Мұхтар Алтынбаевтың ұлы — Мүсілім Алтынбаев та әке жолын қуған шенеунік. Ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған.

Әкесі Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев әр жылдары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы қызметтерін атқарған. 2017 жылдың қазан айынан бастап  “Қарулы Күштер ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесін басқарып келеді.

Иманалиевтер әулеті

Атышулы саясаткер, бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік Бақытбек Иманалиевтің ұлы Жандос Иманалиев бүгінде Ақордада, яғни Президент Әкімшілігінде жетекші қызмет атқарады. Ол 2025 жылы 15 қазанда Президент Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Әкесі кезінде Нұр Отан партиясының мүшелігінде болып, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінде жұмыс істеген. Алайда Бақытбек Иманалиевтің мансабы дау-дамаймен аяқталғаны көпшілікке мәлім. Ол Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезінде қарамағындағылармен бірге 6,5 миллиард теңге жымқырды деген айыппен сотталып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар оған өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынып, Тұңғыш Президенттің қолынан алған марапаттары да қайтарылған.

Дегенмен ол денсаулық жағдайына байланысты жазасын толық өтемей, бір жыл шамасында ғана түрмеде отырған соң бостандыққа шыққан.

Омаровтар әулеті


Белгілі журналист Бақытжан Омаров та елдегі жас буын шенеуніктердің жаңа толқыны. Ол 2025 жылы 15 сәуірде Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Еңбек жолын 2008 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында редактор ретінде бастаған ол, кейін «Хабар 24» телеарнасының бас редакторы, Түркиядағы ТҮРКСОЙ ұйымында Қазақстанның өкілі, Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған. Соңғы жылдары аймақ әкімдігі аппаратында басшылық қызметтерде болған.

Ал әкесі — белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Бауыржан Жұмаханұлы Омаров. Ол 2019 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Бұған дейін Бауыржан Омаров еліміздің ақпараттық және идеологиялық саясатының қалыптасуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде танылған.

Оразалиндер әулеті

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин де жаңа буын шенеуніктердің ішінде саяси мінберде жиі көрініп жүрген жас басшылардың бірі. Ол — Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағын 22 жыл бойы басқарған ақын Нұрлан Оразалиннің ұлы.

Сонымен қатар Еркебұлан Нұрланұлы Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін де атқарған.

Садановтар әулеті

Арман Амангелдіұлы Саданов полиция генерал-майоры, Жетісу облысы полиция департаменті бастығы қызметін атқарады. Бұған дейін ол ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған. Қазақстанның қауіпсіздік құрылымында ұзақ жыл еңбек еткен Арман Садановбелгілі ғалым, микробиология саласының майталманы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Микробиология және вирусология институтының бұрынғы бас директоры Аманкелді Құрбанұлы Садановтың ұлы.

Әбілқасымовтар әулеті

Саяси ортада Әбілқасымовтар әулетінің ізін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова жалғастырып келеді. Бұған дейін ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (2018–2019) қызметін атқарды. 2019 жылы 12 наурызда ол Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалғанымен, небәрі 16 күннен соң, 28 наурызда қызметінен кетті.

Мәдина Әбілқасымованың саяси жолы кездейсоқ басталған жоқ. Ол - қоғам қайраткері, мәжіліс депутаты, Қазақстан Президенттігіне кандидат болған Ерасыл Әбілқасымовтың қызы.

Сондай-ақ жары  Нұрлан Әбдірахым да саяси мінберде төбе көрсетіп жүрген шенеунік. Жақында ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған еді. Әбдірахым бұл қызметке дейін 2023 жылдың сәуірінен бастап Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерінде де болған.

Сматлаевтар әулеті

Мемлекеттік қызмет саласында есімі жиі айтылып жүрген келесі шенеунік — Алмасхан Сматлаев. Ол 2025 жылы 18 тамызда Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Алмасхан Сматлаев еңбек жолын 2009 жылы жеке секторда, бизнес құрылымдарда бастап, кейін Еуразиялық экономикалық комиссиядақызмет атқарды. 2014–2023 жылдар аралығында ол Шығыс Қазақстан облысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарды, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары және бірінші орынбасары сынды жауапты лауазымдарда еңбек етті. Бұдан соң ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметінде де тәжірибе жинақтады.

Оның әкесі — Бауыржан Сматлаев, Атырау облысының бұрынғы прокуроры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының құрметті қызметкері.

Закиевтер әулеті

Келесі шенеунік — Динара Закиева. Ол 2023 жылғы 16 маусымнан бастап Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметін атқарып келеді. Бұған дейін, 2021–2023 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты болған.

Ол бала құқығын қорғау, әлеуметтік саясат және қоғамдағы осал топтардың мүддесін ілгерілету бағытында белсенді қызмет етіп жүрген заманауи буын өкілі.

Мұндай азаматтық ұстанымның қалыптасуына оның шыққан әулетінің де әсері мол. Динараның әкесі — Болат Сейітқазыұлы Зәкиев, қауіпсіздік және мемлекеттік қызмет саласында елге танылған тұлға. Ол — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры (1999–2008), генерал-лейтенант, сондай-ақ КНБ жоғары басшылық құрамының өкілі болған.

Сонымен қатар Динара Закиева — белгілі заңгер, қоғам қайраткері Талғат Мақсұтұлы Нәрікбаевтың жұбайы. Ол 2008 жылдан бері М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді.

Абрахмановтар әулеті

Қазақстанның дипломатиялық корпусында абыройлы қызмет етіп жүрген тұлғалардың бірі — Асқар Сауытбекұлы Абдрахманов. 2023 жылдың 14 тамызынан бастап ол ЮНЕСКО және өзге де халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкіліретінде Париж қаласында еліміздің мүддесін қорғап келеді.

Асқар Абдрахманов халықаралық қатынастар саласында мол тәжірибесімен ерекшеленеді. Бұған дейін ол Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары (2018–2020) және Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы(2020–2022) қызметтерін атқарған.

Оның әкесі — Сауытбек Абдрахманов, еліміздің ақпарат және саясат кеңістігінде кеңінен танымал тұлға, ҚР Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің президенті қызметін атқарған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар