Қазақстанда «Сюцай» астрологиямен салыстырылып, псевдоғылым деп танылды

Асель Қайратқызы 31 қаз. 2025 16:22

Мәдениет және ақпарат министрлігі «Сюцай» ұйымының қызметін тексеріп, оны псевдоғылым деп атады деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сұрауына берілген жауапта, мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Искаковтың қолы қойылған хатта айтылған.

«Министрлік өз құзыреті шегінде қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың рухани әл-ауқатына қауіп төндіретін деструктивті және алаяқтық құрылымдардың ықпалын анықтау және болдырмау бойынша кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», – делінген құжатта.

Бұл жұмысқа медиа кеңістікті тұрақты түрде мониторингтеу, дінтанулық сараптамалар жүргізу және халықты ақпараттандыру кіреді.

«Сюцай» ұйымының қызметін Мәдениет және ақпарат министрлігі 2023 жылдың қыркүйек айында тексеріп, оған байланысты интернет-сілтемелерге дінтанулық сараптама жүргізген.

Нәтижесінде жарияланған материалдарда «дін ілімінің құрылымы, негіздері, діни тәжірибе, діни қызметтің түрлері мен әдістері жоқ екені анықталды».

«Яғни,“Сюцайдың цифрлық психологиясы” өз мәні жағынан астрологияға, нумерологияға және өзін-өзі тану тақырыбындағы субъективті түсіндірмелер мен жорамалдарға негізделген, ғылыми дәлелі мен діни мәртебесі жоқ өзге де жалған ғылыми бағыттарға ұқсас», – делінген министрлік жауабында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар