Алматыда жаппай вакциналану ісі бизнестің шектеусіз жұмыс істеуіне мүмкіндік берген

Dalanews 29 мам. 2021 04:59 751

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қаланың кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мегаполис экономикасын қалпына келтіруде вакцинацияның пайдасы туралы айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Жаппай вакцинациялаудың арқасында Алматының бизнес қауымдастығы қатаң шектеулерсіз жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады, – деп атап өтті Е. Оразалин.

Оның айтуынша, жергілікті бизнес қауымдастық денсаулық сақтау жүйесіне қолдау көрсетіп, көптеген сауда үйлерінің, сауда, ойын-сауық орталықтары мен базарлардың базасында егу пункттерін ашты. Осылайша, бизнес жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға себепкер болып отыр.

Одан бөлек, жергілікті атқарушы органдар атынан Е. Оразалин кәсіпкерлерді вакцина алып жатқандарды сыйлықтармен қолдағаны үшін алғыс білдірді. Журналистердің Алматыдағы СОО-дағы егу пункттер базасында жүргізіліп жатқан ұтыс арқылы сыйлық ойнату арқылы қолдауда ешқандай өрескелдік көрмегенін атап өтті.

– Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде қолданылады. Көршілес Ресейде бастапқы айларда жаппай вакциналау белсенді жүрмеген, сондықтан онда ынталандыру үшін қосымша шараларды қолдана бастаған. Мен біздің халқымыз егу пункттеріне ұтыс ойындарына қатысу немесе сыйлық алу үшін келеді деп ойламаймын. Бұл адамдар вакцинация процесін қолдайды және елдегі ұжымдық иммунитетті жақындатады. Сондықтан оларды ынталандыру дұрыс шешім, – деп Е. Оразалин өз ойын білдірді.

Сонымен қатар, сауда және қоғамдық тамақтану саласындағы кәсіпкерлер өз ұжымдарын клиенттерді қауіпсіздендіру үшін вакцинациялауға тырысады. Осылайша, ШОБ қоғам алдында КВИ-дің қалада таралу қаупін баса отырып, әлеуметтік жауапкершілік танытады. Жалпы, жаппай вакцинация мен ұжымдық иммунитетті қалыптастыру қала экономикасын қалпына келтіріп, ШОБ қызметін ынталандыруға мүмкіндік береді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар