Салтанатты қақпа алдына жиналған әр жылғы танымал түлектерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қарсы алды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ақын Олжас Сүлейменов, көрнекті мемлекет қайраткері Игорь Рогов, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, академик-ғалым Төлеген Қожамқұлов, «Экомед» емханасының жетекшісі Салтанат Байқошқарова, «Восточное рудоуправление» ЖШС Бас директоры Зелина Катрановалар түлектер атынан Әл-Фараби және Ө.Жолдасбеков ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Университет кітапханасындағы Фараби, Елбасы, Абай, Алаш залдарын тамашалап, кітап және сурет көрмесімен танысты.
Одан кейін ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы Президиумының салтанатты отырысы басталды. Жиынды ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми ашып, меценат-түлектердің демеушілігімен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Атап өтсек, жаңа оқу жылына «Мәңгілік Ел» сағаты сыйға тартылмақ.
Қайрат Әбдіразақұлы өз сөзінде «Түлектер күні – оқытушы-профессорларға шынайы құрмет көрсету және ҚазҰУ-ға ерекше алғыс білдіру мерекесі!» дей келе, бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Кездесу барысында Түлектер қауымдастығы президиумының жаңа құрамы бекітіліп, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен «Bugin Holding» басшысы Айбек Қуатбаев бірауыздан мүшелікке қабылданды.
ҚазҰУ түлегі Айбек Қуатбаевтың есімі елімізге танымал. Ол қазақстандық оқушылардың әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын балалардың білім деңгейін арттыру мақсатында «Daryn online» білім беру платформасының негізін қалады. Карантин кезінде онлайн платформа барлық студенттерге тегін қызмет көрсетті.
Алқалы жиында сөз алған білім ордасының ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың ел тәуелсіздігін құру және нығайтуға қосқан түлектерінің үлесі жайлы «Қайраткерлер қолтаңбасы» кітабының жазылып жатқандығына тоқталды.
Сондай-ақ Түлектер күні қарсаңында атқарылған маңызды шараларға да маңыз беріп, география және табиғатты пайдалану факультетінде Олжас Сүлейменов атындағы аудиторияның ашылғанын және ақынның 85 жылдығына орай жағажай волейболынан спорттық турнир өткенін тілге тиек етті. Сонымен қатар Көпжасар Нәрібаев, Кенжеғали Сағадиев атындағы аудиторияларды ашу жоспарланғанын жеткізді.
Бағдарлама барысында мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым-түрколог Мырзатай Жолдасбеков пен белгілі қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйлә Ахметова «Аса көрнекті түлек» алтын медаліне ие болды.
Сондай-ақ ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқароваға «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын табыстады. Ал техника ғылымдарының кандидаты Зелина Катранова «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы» атанды.
Соңынан биылғы үздік түлектерге демеушілер тарапынан арнайы шәкіртақылар ұсынылды.
Бұдан бөлек, барлық факультеттерде әр жылғы түлек өкілдерімен онлайн-кездесулер ұйымдастырды.