2025 жылдың басында екінші деңгейдегі банктердің активтері 61,6 трлн теңгеге жетті, бұл көлем ЖІӨ-нің 47,8 -ын құрайды. Оның үстіне бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайыздық тармаққа өсті. Осы жағынан алғанда, банк секторының экономикаға ықпалының артып келе жатқаны байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 21 коммерциялық банк жұмыс істейді, оның ішінде шетелдіктердің қатысуымен 12 банк және 9 еншілес банк бар. Бір жыл ішінде банк секторының активтері 19,7%-ға (10,1 трлн теңгеге) өсіп, 61,6 трлн теңгеге жетті. Өсімнің негізгі көзі, Ұлттық Банктің мәліметінше, ссудалық және мемлекеттік бағалы қағаздар қоржындарының қампаюы. ЕДБ-нің несие портфелі 20%-ға ұлғайып, 35,8 трлн теңгені құрады.
Банк міндеттемелері де 52,7 трлн теңгеге жетіп, 18,1% (немесе 8,1 трлн теңгеге) айтарлықтай өсімді көрсетті. Банк міндеттемелері негізінен депозиттік базаның кеңеюі тұрғысында артты. Жеке тұлғалардың салымдары 4,2 трлн теңгеге (немесе 20,4% - ға) өсіп, 24,6 трлн теңгені құрады. Заңды тұлғалардың салымдары 22,1% - ға өсіп, 17,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Банктердің меншікті капиталы 26%-ға өсіп, 9,4 трлн теңгеге жетті, деп жазады Finprom. Бұл өткен жылдар мен ағымдағы жылдардан пайдаланылмай қалған пайда көлемінің 1,7 трлн теңгеге ұлғаюына байланысты болды. Капиталдың жеткіліктілік коэффициенттері нормативтік талаптардан едәуір жоғары: меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 22%, ал негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 20,4% құрады. Бұл банктерге 4,5 трлн теңге көлемінде капитал қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Банк секторының өтімділік деңгейі де жоғары. Өтімділікті қамту коэффициенті (LCR) 231% (!), ал тұрақты қорландырудың таза коэффициенті (NSFR) 136,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер банктердің тәуекелдерді тиімді басқару және салымшылар қаражатының алыну ықтималдығының алдын алып, қамтамасыз етілген тұрақтылық қабілетін танытады.
Екінші деңгейдегі банктердің таза пайдасы бір жылда 17%-ға артып, 2 555,4 млрд теңгені құрады, бұл рекордтық көрсеткіш болып табылады.
Қорыта келгенде, қарастырылған барлық көрсеткіштер Қазақстанның банк секторының сыртқы жағымсыз факторларға қарсы тұра білетінін және тұрақтылығын растайды. Халықаралық рейтингтік агенттіктер де отандық банктердің беріктігін жоғары бағалайды.