Наурызға қымбат көлікпен келген Нәлібаев сынның астында қалды

Көркем Алдабергенова 20 нау. 2025 16:34 1632

"Обожаю" YouTube-арнасының авторы, журналист Асхат Ниязов Наурыз мерекесіне қымбат көліктермен келген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты сынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист жариялаған видеода әкім кортежінде Maybach пен Chevrolet Tahoe секілді қымбат көліктерді байқауға болады. 

"Бүгін Шиеліге Наурыз мерекесіне орай Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келді. Әрине, өзімен бірге қымбат кортежі бар. Майбах және Chevrolet Tahoе секілді қымбат көліктерді жергілікті тұрғындар облыс әкімі келген кезде ғана көретін шығар. Нәлібаевқа көліктің есігін ашып беретін арнайы адамы бар, дейді журналист. 

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. 

Тоқаев не деп еді? 

Еске салайық, үкіметтің кеңейтілген отырысында президент үкіметке қажетсіз шығындарды тию керегін айтқан болатын. 

«Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.

Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», деген еді президент. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар