Қазақстан қор биржасы өзінің ресми тізіміне Қара теңіз сауда және даму банкінің (BSTDB) бағалы қағаздарын тіркеді. Акционерлері құрамына 11 мемлекет кіретін мұндай халықаралық қаржылық ұйымның Қазақстан эмитенті атануы нені білдіреді? Бұл туралы Dalanews.kz сайтынан оқып-біле отырыңыздар.
Қара теңіз сауда және даму банкі 1997 жылы 24 қаңтарда құрылған, ұлттықтан жоғары мәртебеге ие халықаралық қаржы институты. Басты кеңсесі Грецияда орналасқан. Жарғылық капиталы - 3,45 млрд евро. Ірі акционерлері - Ресей, Греция және Түркия, үшеуінің әрқайсысы тең үлеске - 16,58%-дан ие.
Қалған акционерлері:
- Румыния - 14,0%,
- Болгария – 13,5%,
- Украина – 13,5%,
- Әзірбайжан – 5,0%,
- Албания – 2,0%,
- Армения – 1,0%,
- Грузия - 0,5%,
- Молдова– 0,5% .
Банктің басты міндеті – сауда-саттықты, түрлі жобаларды қаржыландыру және кепілдік ұсыну, жекеменшік және мемлекеттік кәсіпорындардың акционерлік капиталына қатысу арқылы мүше-мемлекеттердің экономикалық дамуын қолдау.
Қара теңіз сауда және даму банкі (BSTDB) Қазақстанда алғаш рет төбе көрсетіп отырған жоқ. Ол бұған дейін 2022 жылы 1 шілдеде "Астана" халықаралық қаржы орталығына (AIX) да бондтарын орналастырған болатын. Сол кезде аталған банктің біздің еліміздегі андеррайтері болып "Teniz Capital Investment Banking" АҚ болып танылған. 100 млн долларға бағалы қағаздар шығарылып, олардың бір бөлігі бізде орналастырылған.
Сол кездің өзінде бұл серіктестің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы жоғары екені айтылған.
"Өңірдегі геосаяси тұрақсыздық санкциялар түрінде Солтүстік дәлізге қауіп-қатер төндіріп отырғаны белгілі. Тасымал қызметінде логистикалық шығындар артып, тұрып қалу мүмкіндігі артуда. Әрине, Транскаспий халықаралық маршруты және Солтүстік дәліздің күйі сыни жағдайда. Мұндайда Түркияның темір жолдарына қарағанда Қара теңіз арқылы тасымал жасау тиімдірек көрінері сөзсіз", - дейді жергілікті қызмет көрсетушілер.
Бұл жағдай Moody's, есебінде де ескерілген, Қазақстанның ұзақмерзімді несиелік рейтингі Baa2-ден Baa1-ге дейін көтерілген. Демек, Қазақстан мен BSTDB мүддесі осы өңірдегі біріккен жобаларды дамыту тұрғысында түйіседі.
"Қазақстанның бұл қаржы институтына қатысуы заңды. Мысалы, Қара теңізге тікелей шыға алмайтын осы банкке мүше Албания, Армения немесе Әзірбайджан сынды елдер бар. Қазақстан үшін мұндай жағдайда қосымша қаржыландыру көзіне жол ашылады. Банкке мүше болған жағдайда Қазақстан өз территориясынан тыс жерде Солтүстік дәлізді дамытуға қатыса алады. Сәйкесінше, банк көлік-логистикасы бойынша ішкі және сыртқы жобаларды қаржыландыруда маңызды серіктес бола алады",- дейді сарапшылар.
Айта кетсек, бірнеше күн бұрын Қазақстан мен Ресей мұнайын "Дружба" құбыры арқылы Беларусь пен Еуропаға айдау уақытша тоқтатылды. Бұған техникалық жөндеу жұмыстары себеп екені айтылады.
Қазақстан Германияға 2023 жылдан бастап мұнай импортын ұлғайта бастады. Шикізат "Өзен – Атырау – Самара" және "Дружба" мұнай құбырлары арқылы айдалады. "Дружба" құбыры отандық шикізатты Ресей территориясы арқылы ("Транснефть" ЖАҚ), одан әрі ГФР-ға тасымалдау үшін "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктіне жеткізеді.
Сондай-ақ желтоқсанның 10-нан 11-іне қараған түні Украина әуе күштерінің дрондары Ресейдің Брянск облысындағы жанар-жағармай шығаратын зауытқа шабуыл жасаған. Салдарынан Брянск маңындағы Свень ауылындағы "Дружба" құбырының құю бекеті отқа оранғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды. Алайда бұл мәлімет ресми түрде жоққа шығарылды.