Қазақстанда ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде есік алдында бес-алты ірі қараны бағап, пайға алған жерге жоңышқа егіп жүре беруге болмайды. Осы ретте жер емген шараулар өз тіршіліктерін әртараптандыруға күш салғаны жөн. Бұл ретте шаруаларымыз Түркістан облысындағы әріптестерінен үлгі алуына болады. Бүгінде түркістандық шаруалар үй іргесінде жылыжай салып, тез өсетін полония ағашын егіп, пайда табуда.
Елдегі климаттық жағдай біраз жерде жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондықтан шаруаларымыз осы бағытта жұмыс істеп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне өз үлесін қосуы тиіс деп есептейміз. Қыста ауыл шаруашылығы өнімдерін үздіксіз өндіріп, оны саудаға шығарсақ мол пайдаға кенелуге болады. Өндірген өнімнің қалғанын айналамыздағы көршілерімізге экспорттап, пайда табудың да жолын қарастырсақ артық болмас еді.
Жалпы, жылыжай өндірісі ішкі нарықты тұрақты түрде көкөністермен, жемістермен және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Осы ретте өмір бойы қарулы қақтығыстан көз ашпаса да тамшылатып суару жүйесін ойлап тауып, әлемге ауыл шаруашылығы дамыған ел ретінде танылған Израильдің іс-тәжірибесін мұқият зерделеп, кәдеге жаратуымыз керек.
Әңгіме басында жылыжай өндірісі Түркістан облысында жақсы дамығанын алға тарттық. Қазір еліміздегі жылыжайлардың 95 пайыздан астама осы облыстың еншісінде. Түркістан облысының табиғаты жылы, жылыжай өндірісін өркендетуге қолайлы аймақ. Бірақ елімізде жылыжай өндірісін дамытуға өзге өңірлерде де мүмкіндік бар екенін ұмытпауымыз керек. Бұл ретте Жамбыл, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Атырау облыстарында да жылыжай өндірісін дамытуды қолға алуға болады. Әсіресе Түркістан облысымен іргелес жатқан Жамбыл мен Алматы, Жетісу облыстары бұл іске сұранып тұр десек артық айтқандық болмас еді.Біздің бұл әңгімеміз аталған өңірлердің шаруалардың құлағына алтын сырға деп есептейміз.
Қазіргі таңда елімізде жылыжай шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан субсидиялар, жеңілдікті несиелер және ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге арналған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар салаға инвестиция тартуға және жаңа заманауи жылыжай кешендерін салуға мүмкіндік береді. Мемлекет «Агробизнес –2025» және басқа да бағдарламалар арқылы жылыжай кешендерін дамытуға арналған жобаларды қолдайды.
Соңғы жылдары жылыжай өндірісімен айналысатын шаруашылықтар заманауи технологияларға жататын гидропоника, аэропоника және автоматтандырылған басқару жүйелері кеңінен еңгізуде. Бұл технологиялар өнімділікті арттырып, суды, энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, климаттық басқару жүйелері өсімдіктердің өсіп-өну жағдайларын жақсартып, қыс мезгілінде де өнім өндіруге жағдай жасайды. Осындай жаңа технологияларды пайдалансақ, жарты Қазақстанда жылыжай қысы-жазы жылыжай бизнесін дамытуға болады. Бір ғана жылыжай бизнесі арқылы ауыл шаруашылығы саласын барынша әртараптандырып, көптеген жұмыстар атқаруға болады.