"Бомба тастады". Назарбаев Ғылым академиясына қалай қастандық жасаған?

Көркем Алдабергенова 19 қыр. 2024 11:12 4427

Белгілі ағартушы Санжар Керімбай экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ғылым академиясына жасаған қастандығы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Санжар Керімбайдың сөзінше,Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін профессор Шапық Шөкин Назарбаевпен кездесіп, Ғылым академиясын қалыпқа келтіруді ұсынған. 

"Шөкин "Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттің басшысы болды, академияны 1946 жылғыдай қайтадан құрайық, мыналар быт-шытын шығарды ғой" деп айтамын деп ойлады. Қабылдауына барған. Назарбаев Шөкинге "Халық қаһарманы" деген медальді беремін деп алдаған. Сөйтсе Шөкин: "Нұрсұлтан, маған сенің медалің керек емес. Одан да Қаныш Сәтбаевтың академиясын қайтадан құрып берші" дегенде Назарбаев "аға, уайымдамаңыз, үйіңізге бара беріңіз" деп жібереді.

Бірақ ертеңіне 1996 жылы академияны таратып жібереді. Қоғамның астындағы былықтың қалқып шығып кетуі Ғылым академиясының тарауынан басталады. Халықты өркениетке сүйрейтін ғалымдардың ортасына бомба тастап, шашып жіберді. Олардың ақшасын қысып, ақыр аяғында активтерін жекешелендіріп алған. Әр жердегі зерттеу институттарын, олардың санаториін тартып алған. Ол жиналыста Мағауин болған. Оның бәрін естелігінде жазған", - дейді Санжар Керімбай Qazaq Airan-ға берген сұхбатында. 

Оның сөзінше, бұл мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсінген. 

"Тоқаев мемлекетті ұстап тұру үшін ғылым академиясын қалыпқа келтіріп, барлық ғалымды шоғырландырып, Сәтбаевтың кезіндегідей реттемесе, халық лағып, көрінген эзотерикалық ілімге ілініп кететінін түсінді. Президент "өз көсемдеріңді сайлап алыңдар" деп отыра алмайды, себебі оның бәрі Назарбаевтың тұсында кеткен.

Сонымен қазір қайтадан ғылымға бейімі бар адамдарды жинап, отырғызып, күресіп жатыр. Бірақ сатылып кеткен активтер бар, жекешеленіп кеткен ғимараттар бар, оның бәрін қашан қайтарып аласың? Олигархтар оны бере ме? Оның үстіне ғылымға бейімі бар адамдардың бәрі не аралас мектепте, не орыс мектепте оқыған. Ал олардың бойында Сәтбаевтың, Әуезовтің бойында бар рухани, мәдени, ұлтшылдық сезімі жоқ. Бәрін қайтадан қалыптастыру керек", - дейді Санжар Керімбай. 

Еске салайық, бұған дейін академиктер Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Ғылым академиясын (ҰҒА) трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындауды кешіктіріп жатқаны үшін айыптаған болатын. 

"Қазақстанның ғылыми-академиялық саласын трансформациялау процесі әлі аяқталған жоқ әрі бұл шаруа төтенше жағдайда өткізіліп жатыр. Өйткені президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде оны қоғамдық бірлестіктен жаңа ұйымдық-құқықтық формаға трансформация жүргізу былай тұрсын, мүлде жою бағытындағы түрлі іс-әрекеттерге айналды", - делінген ҰҒА мәлімдемесінде.

Академиктердің сөзінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі Президенттің тапсырмасын екі жылдан бері орындамай келеді.

Мәліметке сүйенсек, академия құрамына қазір 146 академик және 74 корреспондент мүшелік етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар