Тастың тасы өрге емес, ішке домалауы тиіс - DALA INSIDE

Dalanews.kz 05 қар. 2025 14:05

Алдағы жаңа жылда Иманғали Тасмағамбетовтың ОДКБ төрағасы ретіндегі өкілеттілігі аяқталады. Ұжымдық қауіпсіздік ұйымы өзіне жаңа төраға сайлауы тиіс. Және ол Қазақстан өкілі болмайды. Енді «Жаңа Қазақстан» Иманғали Нұрғалиұлына ел ішінен саяси ықпалы жоқ, бірақ беделі бар қоғамдық қызмет ұсынуы мүмкін.

«Имекең үш жыл үйде немере бағып, зейнетте отырды. Бірақ жыбырлап қалған, түрлі мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы жүрген адам үшін үйде жұмыссыз отыру психологиялық жағынан өте қиын. Ақорда да оны жақсы біледі. Екі айдан кейін ОДКБ-дағы креслосын өткізіп беруі тиіс. Енді Иманғали Тасмағамбетовке «Қазақстан халқына», «Отандастар» сияқты қоғамдық қорларды басқару, өзі қалаған музейіне директор болу немесе ұлттық статусы бар университетке ректор болуды ұсыну идеясы түрлі кабинеттерде талқыланып жүр. Мысалы, Жансейіт Түймебаев ректор болып әдемі отыр ғой. Ендігі мәселе Имекеңнің осы ұсыныстарды қалай қабылдайтындығында», - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.

Бір нәрсе анық. Астана Тасмағамбетовті Ресей мен Кремльден ары ұстау бойынша принципиалды позицияда отыр. Сондықтан Тас жұмыс істегісі келсе, елдің ішінде, саяси ықпалы жоқ, қауіпсіз қызметтерді атқаратын болады. Оған қор басшысы немесе жоғарғы оқу орнының ректоры сынды жұмыстар ең лайық деп танылған. Бұл екі жаққа да тиімді шешім. Иманғали Нұрғалиұлының қызмет бойынша амбициясы қанағаттанады. Өз кезегінде де «Сол жағалау» да транзитті кезең алдында барынша қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Әңгіме тараптардың қалай келісетініне келіп тіреліп тұр.

2019 жылы Нұрғалиұлы зейнет жасы 63-ке толып қойды. Қазір 69 жасты еңсеріп отыр. Тасмағамбетов 37 жасында Президенттің көмекшісі, ал 39 жаста Премьер-Министрдің орынбасары, 45 жасында Үкімет басшысы қызметіне отырған адам. 2002-2008 жылдар аралығында "харизмасы мықты, қазақша еркін суыратын Тасмағамбетов Қазақстанның келесі президенті болады" деген қоғамдық пікір мықтап қалыптасты. Дәл сол уақыттан бастап Назарбаев оны алысқа жібермей тура қасында 2017 жылға дейін ұстап келді. 2017 жылдан бастап Тас Ресейге елші болып тағайындалды да, осы уақыттан бастап оның 8 жылға созылған Кремльмен жақындасу кезеңі басталды. 2019 жылы Қазақстан оны зейнетке шығарып жіберді. Ал 2022 жылы қазақ мемлекеті атынан ОДКБ төрағалығына ұсынды.

Мәскеудегі ОДКБ штаб-пәтеріне ауысқан Тасмағамбетовтың 2022-2024 жылдар аралығында Ресейдің ақпараттық ықпалында болып, Кремль сызып берген нарративтерді көп қолданғанын қоғам өз көзімен көрді. Әсіресе оның НАТО-ға қарсы сұсты мәлімдемелері, Украинаға айбат шегуі ол туралы қазақ қоғамында басқаша пікір қалыптастыра бастады. Артынан Тас тікелей қазақ қауымына «өз ұлтымның мүддесі жолындамын» деген сигналды арнайы мәлімдеме арқылы жеткізген еді.

Негізі Иманғали Нұрғалиұлын қазаққа қарсы адам деп айту өте қиын. 2000 жылы оның бастамасымен ұйымдастырылған экспедиция Моңғолиядан Күлтегін стелласының көшірмесін алып келді. Тасмағамбетов Кенесары қозғалысының серігі, 1916 жылғы Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтеріліс жетекшілерінің бірі Кейкі батырдың сүйегін елге қайтару ісін мемлекеттік деңгейде ұйымдастырды. Вице-премьер қызметінде жүргенде Тасмағамбетов елдегі барлық балабақшаларды қазақ тілінде ету идеясын ұсынды. 2017 жылы вице-премьер ретінде ол «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына дайындық жұмыстарын да үйлестірді.

Тасмағамбетовтың жаңа қызметі туралы жаңалықтар келесі жылдың наурыз айында пайда болады деп күтілуде. DALA INSIDE оның мансабы мен тағдырын әлі біраз бақылайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар