Алматының Түрксіб аудандық соты 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Bek Air компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында апатқа ұшырады. Лайнер Алматыдан Астанаға бағыт алғанымен, әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай биіктігін жоғалтқан. Кейін ол әуежай маңындағы қоршауды соғып, екі қабатты үйге соғылған.
Бортта 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
58 жастағы Марат Мұратбаев - апатқа ұшыраған ұшақтың командирі. Ол оқиға орнында көз жұмған. 54 жастағы Мейіржан Молдақұлов жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. 2020 жылдың 21 қаңтарында оның жағдайы тұрақты деп танылып, үйіне шығарылған. Алайда бір аптадан кейін ол да қайтыс болды.
Ұшқыштарға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі («Әуе көлігін пайдалану немесе басқару кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, абайсыздықтан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша қаралды.
Сот шешімі
Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды, бірақ олардың қаза болуына байланысты жаза тағайындаған жоқ.
"Марат Мұратбаев пен Мейіржан Молдақұлов Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын, алайда қайтыс болуына байланысты оларға жаза қолданылмайды", – деді судья Дастан Әлмағамбетов.
Мемлекет 1,7 миллион теңге көлеміндегі процессуалдық шығындарды өз есебінен өтейді.
Bek Air компаниясының мүлкіне салынған тыйым азаматтық істер қаралып біткенше күшінде қалады.
Жәбірленушілер жалпы сомасы 4,8 миллиард теңге көлемінде өтемақы талап еткен.
