Көп әйел алу феномені және талаққа талдау

Қаракөз Амантай 05 қар. 2025 13:43

Белгілі журналист Нұрбек Бекбау көпәйел алу құбылысы мен “талақ” мәселесіне терең талдау жасады. Бұл жайында ол  әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Тұрсынбектің хикаясын көргем жоқ, бірақ шамамен әңгіме не жайында өрбігенін ішім сезеді. Себебі қазір әйелінің үстінен тағы бір әйел алу дейтұғын... Кең тарады дей алмаймын, бірақ көзге ілмейтін де дүние емес. Кәдімгідей құбылыс бұл.

Көпәйел алушылық тақырыбына бейіл екі топ бар. Әуелгісі — байлар, ірі кәсіпкерлер мен шенеуніктер. Екіншісі — дін ұстанатын, жұрт арасында “намазхан” атанған қауым”, – дейді ол.

Журналист байлардың екінші немесе үшінші әйел алу мотивін “орта жастың дағдарысымен” байланыстырады. Айтуынша, мұндай ерлер өздерін әлі де тірі, сезімге қабілетті екенін дәлелдеуге тырысады. Көпшілігі жастай үйленіп, өмірінің көп бөлігін ақша табуға арнаған. Сондықтан махаббат пен романтикаға уақыт болмаған. Енді олар қайта ғашық болғысы келеді.

“Байқасаңыз, біздегі екінші немесе үшінші қатын алып жатқан байлардың жасы 40-50 арасында. Психологтар бұл уақытта "кризис среднего возраста" басталады,-дейді. Осыған дейінгі өмірі - "анаған ақша керек, мынаған ақша керек"-пен өтті. Жоқ-жетпейтін дүниелерге қол жеткізу - сол кезде өмірдің бақытты сәті сияқты еді. Енді бәрі бар. Қалағанын ала алады. Бұрынғыдай "Мынаны алсам ғой, шіркін?" деген мотивациялық арманы жоқ. Осымен өмірінің мәні де біткен сияқты. Бірақ жасы енді 40-тан асып жатыр. Ұзақ өмір сүргісі келеді. Бірақ, мынадай қуыс, бос жүрекпен емес. Ішкі бос кеңістікті бірдемемен толтығырсы келеді. Жаңа сезім, жаңа әсер іздейді. Осы кезде бірі спортқа беріледі, бірі саяхаттайды”, - деп түсіндіреді журналист.

Сонымен қатар ол мұндай ерлердің екі типке бөлінетінін айтады. Бірі – шын мәнінде сезім іздейтіндер. Екіншісі — жас қызды ертіп жүруді мәртебе көретіндер.

“Мұндай кісілер - махаббат емес, сұлулықты, жастық әсерді сатып алушы ғана”, - дейді ол.

Алайда Бекбаудың пікірінше, мұндай некелер ерлердің ішкі бос кеңістігін толтыра алмайды.

“Өйткені жас әйел оған жастық-құмар сыйлағанмен, рухани тереңдік бермейді. Қасында жылы сөз айтатын, сырласатын, өмірді бірге көрген адам — бәйбіше екенін кеш түсінеді.”, – деп жазады ол.

Нұрбек Бекбау көпәйелдік мәселесін дін тұрғысынан қарастыратын екінші топқа да тоқталды. Ол олардың басым бөлігі екі отбасыны асырауға шамасы жетпесе де, тоқал алуға бейім екенін айтты.

“Жоқ, бірден бетін ашып алайық: Егер бай-қуатты болсаң, әділ болсаң, АЛ! Төртеуге дейін рұқсат. Бай болсаң, иманды болсаң ғана! Бірақ, екінші топтың үлкен мәселесі де осында ғой. Көпшілігі 2 бірдей әулетті асырауға шамасы келе бермейді. Иманы да орташалыс. Бірақ, тоқал алғысы кеп тұрады. Неге? Бұл қауымға тиеселі жігіттер, "жәһил кезінде" қызға да барды, ішті-жүрді. Енді дінге өткесін, бәрін харам деп, жаман әдеттерден тиылды. Бірақ, табиғи қажеттілігі қайта-қайта оянып, қиналады. Енді сол нәпсіні қанағаттандырудың «адал» жолын іздейді. Міне, осы тұста «төрт әйелге дейін рұқсат» қағидасы кей адамдардың нәпсі қалауына рұқсат есігін ашқандай әсер береді”, - дейді ол.

Бекбау діннің мәнін бұрмалау мәселесіне ерекше тоқталды.

“Діннің мақсаты — еркектің нәпсісін жүзеге асыруға көмектесу емес, оның әділдік қабілетін сынау еді. Екеуін бөліп-жармай, бірдей аспен қамты, бірдей киім кигіз, бірдей эмоциялық қуанышқа бөле, бұл ең ең маңызды міндетің. Ал бұл оңай емес. Жігіттің төресінің ғана қолынан келер шаруа! Сол үшін де ҚҰРАНда: «егер әділдік жасай алмасаңдар, бір әйелмен шектеліңдер» деп те нақты ескерткен”, - деп қынжылады журналист.

Оның айтуынша, дінді терең түсінбей, “екінші әйел алу” қағидасын жеңілдетіп алғандар көбіне некені ойыншыққа айналдырады. Мұндай некелерде жариялылық болмайды, қалыңмал берілмейді, құда күтіспейді. Сондықтан тоқалдардың құқығы қорғалмайды, ал еркектер "талақ" деп оңай ажырасады.

“Әлгі нәпсісін дін етіп алғандар, тоқал алу үшін, жас қыздарды алдап-арбайды. Әкеңнің рұқсаты керек емес,-деп ешкімге айтпастан, білдірместен неке қидырып алады. Ау, некенің шарты - жариялылық қой. Жұрттың бәрі сенің кімге үйленіп жатқаныңды көруі, хабардар болуы шарт! Осы қасиетті шарт орындалмайды. Тиісінше, мың жылдық құдалық жасалмайды, қалың берілмейді, құда күтіспейді. Әжептеуір материалдық шығын көрмегесін, мойныңа жауапкершілік жүктелмегесін, әлгі қалыңдықтың қызығы таусылғанда "талақ" деп, ажыраса салады. Панасыз қалған қарындасты тағы бірі некелеп алады. Келесі талаққа дейін...”, — деп қосты ол.

Оның сөзінше, ислам дінінде ажырасу – ең соңғы, амалсыз жағдайда ғана рұқсат етілетін іс.

“Біздің дінде - үйленуден ажырасу шаруасы қиын еді. Талақ айтып, мәселе шешіле салмайды. 100 күн үйіңде тұруы керек. Одан кейін, тұрмысқа шыққанынша болысып, көмектесуге міндеттісің. Балаң болса, алиментін өмір бойы бересің”, — деді ол.

Алайда Бекбаудың айтуынша, шынайы өмірде бұл талаптардың көбі орындалмай отыр.

“Әлгі орташалыс жігіттер, тоқал етіп бір қызды алар да, ең соңғысы мәхрді де азайтып, арамдыққа салады ғой”, — дейді ол.

Оның сөзінше, мұндай адамдар дінді дұрыс түсінбей, некені пародияға айналдырып алған.

“Сахаба әйел бір құрманы мәхір деп қабылдаған екен,-деп көндіреді. Иә, бұлар некені пародияға айналдырып алды. Бір рет тоқал алып, ажырастың ба? Бітті. Сенде жауапкершілік жоқ. Екінші әйел туралы айтуға - құқық болмауы керек! Ажырасу - Алланың ең жек көретін, амалсыз рұқсаты. Ал бұлар, ойыншық етіп жіберді...“, — деп қосты ол.

Бекбау тарихтағы көпәйелділіктің мәні мүлде басқа болғанын атап өтті.

“Қазақтың айналасы анталаған жау. Қалмақпен, Бұқар-Хиуамен, Қытаймен, Орыспен соғыстан кейін, еркек саны әманда азайып кетеді. Міне, осындай қым-қуыт сәтте ауқатты, абыройлы кісілер әйел мен баланың қамы үшін,-деп бірнеше жесірге қамқор болған. Бұл — қоғам қолдаған, моральмен бекітілген шешім еді”, — деп қосты ол.

Журналист қазіргі заңнамаға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, 1997 жылдан бері көпәйелдік қылмыс деп саналмайды, бірақ ресми неке тек бір әйелмен ғана тіркеледі.

“Сондықтан қазіргі “екінші неке” — бұл екеуіара ауызша келісім ғана. Тоқалдың құқықтары қорғалмаған. Кез келген уақытта қуып шықса, түксіз қалатын "құрбандық", — дейді ол.

Бекбаудың пікірінше, бүгінгі әйелдер бұрынғыдай ерге тәуелді емес екенін айтты.

“Сондықтан бұрынғыдай “екінші болуға көну” ол үшін қорған емес, қорлық сияқты сезіледі.

Әйелдің “жоқ” деуге құқығы бар, ал еркек сол “жоқты” ести алмаған жерде – ажырасу басталады”, — деді ол.

Қорытындылай келе, журналист қазіргі көпәйел алу құбылысын қоғамдағы жауапсыздықтың айғағы деп бағалады.

Оның ойынша, байлық көбейген сайын еркектердің құмарлығы артып, дінге бет бұрған сайын жауапкершілігі азайып барады.

“Ердің қадірі – әйел санында емес, әділдік қабілетінде. Нағыз ерлік — жаңа әйел алу емес, бір әйелдің жүрегінде өмір бойы жаңарып тұру”, – деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар