Адам құтқару үшін құтқарушының өзі де мықты болу керек – Олжас Мұстафа

Жарбол Кентұлы 19 ақп. 2024 12:26 814

Төтенше жағдай қызметкерлерінің ерен еңбегі, толассыз төккен маңдай тері, азаматтарды құтқару саласындағы адал қызметі қашан да мақтау мен жоғары марапатқа, бағаға лайық. Бұл салада көргені мен түйгені көп, бірнеше жылдық еңбек өтілі бар мамандар да жетерлік әрі олардың төтенше жағдайлардың алдын алуда айтарлары да бар.

Төтенше жағдай департаменті мамандарының әр күні бір-біріне ұқсамайды. Дегенмен күн сайынғы мақсат біреу, ол – азаматтардың амандығы үшін аянбай еңбек ету, төтенше жағдайларды болдырмауға күш салу, қысқасын айтқанда, уақыт пен мезгіл талғамай кез келген жайтқа сақадай сай болу. Үнемі сақ, қызметке дайын жүретін құтқарушылардың бірі – Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағы» РММ бөлімшесінде бас құтқарушы болып жұмыс атқаратын – Олжас Бақытұлы Мұстафа.

Департамент қызметкері әр жылдары суға батқан адамдарды, тауда жоғалған адамдарды, балалы әйелді құтқару жұмыстарына, үйінді астындағы адамдарды шығару бағытындағы шараларға, сел ағудың салдарын жою, құлаған ғимараттан адамдарды іздестіру жұмыстарына және су тасқыны аумағынан апатты құтқару жұмыстарына қатысқан. Осы орайда құтқарушымен сұхбаттасып, төтенше жағдай қызметкерлерінің жұмысы туралы сұрадық.

 

– Олжас, негізгі мамандығыңыздың төтенше жағдай саласына қатысы бар ма? Өзіңіз туралы қысқа ақпарат айта аласыз ба?

– Мен 1986 жылы дүниеге келгендім. №47 Төлеген Тәжібаев атындағы мектепте орта білім алып, кейін Халықаралық көліктер гуманитарлық университетінде білімімді жалғастырдым. Негізгі мамандығым – көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалды ұйымдастыру.

2008 жылы әскери борышымды өтеп болғаннан кейін Төтенше жағдайлар департаменті бар екенін біліп, олардың жұмыстарын көріп, сол жұмыс ұнап, бос орынға жұмысқа орналастым.

– Сонда бұл мамандықты армандадым деп айта аласыз ба?

– Армандағанмын, бірақ жұмысқа орналасып, қызығып, адамдардың өмірін құтқарғаннан кейін өзіме өте қатты ұнады. Қазір арманымдағы жұмыс деп айтсам да болады.

– Жалпы адамдар төтенше жағдай туралы не білуі керек? Осы саладағы маман ретінде төтенше жағдайды қалай түсіндіре аласыз?

– Төтенше жағдай дегеніміз – белгілі бір жерде болатын, адам шығынына адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіретін, адамдардың тыныс тіршілігіне әсерін тигізетін апаттар, өрттер, қауіпті табиғи құбылыстар.

– Ал сіздерге белгілі бір оқиға туралы шақырту түскенде не ойлайсыздар?

– Төтенше жағдай туралы шақырту түскенде жедел барып, өзіміздің кәсіби деңгейімізді көрсетіп, адамдардың өмірін құтқаруды ғана ойлайсың.

– Түсінікті, осындай шақыртулардың бірі туралы баяндап бере аласыз ба? Қандай оқиға болып еді?

– Есте қалған бір шақырылымды айтып берейін. Сайран Өгем тау шатқалына шамамен 3500 метр биіктікке 25 жас шамасындағы ер жігіт туристік топпен демалуға тауға шыққан. Шыққан биіктегі жоғары қысымнан оның өкпесі қабынып, жүре алмай қалған.

Қасындағы туристер 112 нөміріне хабарласып, бізге шақырту жіберді. Біз туристерді тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 3500 метр биіктен, 5 шақырым жүріс жолымен альпинистік құрал жабдықтардың көмегімен жерге түсірдік. Осылайша жігітті құтқарып, аман-есен алып қалдық.

– Ал маусымдық төтенше жағдайларға қатысты кәсіби құтқарушы ретінде маңызды кеңестер бере аласыз ба? Азаматтар не істеуі керек, нені істемеуі керек, ең бастысы нені ұстағаны жөн?

– Қазіргі қыс мезгілі қатты болып жатыр. Жолда қалып қойып жатқан адамдар өте көп. 112 нөмірінен боран, жабылған жолдар туралы хабарлама келеді.

Сондықтан қандай да бір жерге шығар кезде ауа райын бақылап, лажы болса, боран соғып тұрған ауа райларында жолға шықпаған жөн.

Тағы бір айта кететінім, алда көктем келе жатыр. Көктемде тауға серуендеушілердің қатары артады. Одан кейін алдымызда шомылу маусымы келе жатыр. Бәрі шомылуға барады.

Ал тау туралы айтар болсақ, кейбір азаматтар ішімдік ішіп, кішкентай балалар қараусыз қалатын жағдайлар да бар. Ең үлкен қателіктер – сол. Балаларды қараусыз қалдырмау қажет.

Өздері білмейтін жерге тауға нұсқаушысыз, білімді адамдарсыз шығудың да қажеті жоқ. Шомылу маусымына тоқталсақ, статистика бойынша жылына орта есеппен елу шақты адам суға кетеді екен. Оның жартысы – балалар.

Мұндай жағдай неліктен болады? Қас пен көздің арасында дейтіндей уақытта қадағаламаса, балалар түрлі әрекет жасауы мүмкін. Сондықтан шомылу маусымында балаларға сақ болып, қараусыз қалдырмау қажет.

Ересектер көбіне ішімдік ішіп суға түседі, бір-бірін батырады. Азаматтар белгіленген бассейндер, су қоймаларында, құтқарушылар бар жерде, бойынан аспайтын жерлерде демалғандары жөн.

– Кеңестеріңізге рақмет! Төтенше жағдайлардан қандай тәжірибе алдыңыз?

– Төтенше жағдайға қатысты көптеген шақырылымдарда болдым. Таулы аймақтарда, суға адам батқан кездерде, жол апаттарында, қираған ғимараттарда құтқару жұмыстарына қатысу өмірлік тәжірибе жинадым. Өз-өзін қалай сақтау керегі жөнінде және адамдарға көмектесуге қатысты мол тәжірибем бар.

– Өзіңізде төтенше жағдайлар кезінде іштей қорқыныш болмай ма?

– Әр адамның қорқынышы болады. Мен де түрлі апаттарды, адам өлімін, қанды көрдім. Басында, әрине, қорқыныш болды. Кейін уақыт өте келе қорқыныш кетеді, тек тәжірибе қалады.

– Ал төтенше жағдай департаментінен кетсем деген ойлар болмады ма?

– Жас кезде жұмыс өте қызық болды. Іс-сапарлар, оқу орталықтарында оқулар болатын. Жедел құтқару жасағына жұмысқа келгелі Қазақстанның бүкіл қаласын көрдім, Беларусь мемлекетіне біліктілігімді көтеруге оқуға бардым. Одан бөлек Қырғызстанға да бардым. Бұл – өте қызық жұмыс, үйрендім, бұл саладан кетемін деген ой жоқ.

– Құтқарушы қандай адам болуы керек? Белгілі бір талаптар қойыла ма?

– Адам құтқару үшін сол адамның өзі де мықты болуы керек. Спорттық жағынан да шыныққан болуы қажет. Міндетін атқарып жатқан кезде, шешім қабылдағанда салқынқандылық таныту маңызды. Сонымен қатар ұйымдастырушылық қабілеті жақсы дамыған болу да қажет және батылдық таныта білген де артықтық етпейді.

– Осы салада атқарған еңбегіңіз үшін марапаттар алдыңыз ба?

– Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік жүйесін дамытуға және нығайтуға белсенді қатысқаны және Қазақстан Республикасы тыныс тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы табыстары үшін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бастығының Құрмет грамотасын, Төтенше жағдайлар министрі атынан «Қазқұтқару –2022», «Жер –2021» кешенді тактикалық оқу-жаттығуға белсенді қатысқаны үшін грамота, одан өзге де алғыс хаттар, басқа да мадақхаттар алдым.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар