АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден қазіргі мемлекет басшысы Дональд Трамптың және оның командасының Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол жеткізудегі еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы саясаткер X әлеуметтік желісінде жазды.
Байденнің айтуынша, келісімге апарар жол оңай болмаған.
"Менің әкімшілігім тұтқындарды үйлеріне қайтару, палестиналық халыққа көмек көрсету және соғысты тоқтату бағытында табанды жұмыс істеді. Президент Трамп пен оның командасының келісімді қайта жандандыру жолындағы еңбегін жоғары бағалаймын", – деді экс-президент.
Оның пікірінше, Таяу Шығыс қазір бейбітшілікке, сондай-ақ израильдіктер мен палестиналықтар үшін "бейбіт өмір, абырой және қауіпсіздік теңдігін қамтамасыз ететін болашаққа" бет алды.
Бұған дейін Дональд Трамп Каирде Газа қақтығысын тоқтату жөніндегі халықаралық келісімге қол қойған болатын. Бұл бастаманы Мысыр, Катар және Түркия қолдады.