Freedom Inside '26

Автобустағы жол ақысы 500 теңге бола ма? Үкіметтің жауабы белгілі болды

Автобустағы жол ақысы 500 теңге бола ма? Үкіметтің жауабы белгілі болды
pixabay.com

Энергетика министрлігінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдиновтың “Астана мен Алматыда автобус жолақысы 500 теңге болуы тиіс” деген сөзіне Үкімет түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бағаның өсуі тек объективті себептер болған жағдайда ғана мүмкін.

"Мысалы, егер бензин қымбаттаса. Бірақ бұл әр компанияның коммерциялық шешімі, мемлекет тарапынан бекітілген норма емес", – деді ол.

Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сарапшының пікірі оның жеке көзқарасы екенін айтып, билік тарапынан жолақының күрт қымбаттауына жол берілмейтінін мәлімдеді.

"Қоғамдық көлік – халыққа арналған. Сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер қоғамдық көліктегі бағалар өссе, мемлекет бұл бағытта қолдау көрсетеді", – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Олжас Байділдинов тасымалдаушылар шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтып, автобус билеті кем дегенде 500 теңге болуы тиіс деген пікір білдірген еді.