Бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының экс-әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға "ханның қызы" деген тұрғын жақын күндері ұсталған еді. Жалғызбасты ананың балалары әлеуметтік желіде Мемлекет басшысына видеоүндеу жолдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видеода балалардың үлкені анасын босатуды сұрайды.
"Құрметті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, наурыз айының 6-сы күні сағат кешкі 19.00 шамасында анашым Тұрлыбекова Сандуғашты полиция қызметкерлері қолын қайырып, үш сағат үйде қинап, үйді тінтіп, екі сіңілім мен інімді сыртқа жібергеніне байланысты видеоүндеу жолдаймын.
Анамның қолын қайырып, аудандық полиция бөлімшесіне себепсіз, ескертусіз, түсіндірмей, ешқандай түсініктеміз, адвокатты күтпей алып кеткен. Болған оқиғаны естіп, ауылға бардым. Далада тұрған екі сіңілім мен інімді, мені нағашы ағам алып кетті. Сонда полиция қызметкерлерін 18 жасқа толмаған үш бауырымның жағдайы алаңдатпады ма? ...Менің анамды Тұрлыбекова Сандуғашты босатуыңызды өтініп сұраймын", - дейді ол.
Ал полиция мәліметінше, азаматтар белсендінің үстінен шағым түсірген.
"28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды.
Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - деп жазды Жаңақорған аудандық полиция бөлімі өкілдері.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде белсенді ұсталған сәт көрінетін сурет тарап кетті. Желі қолданушысының бұл жазбасына қалалық Полиция департаменті өкілдері пікір білдірді.
"Бұл дерек бойынша Қызылорда облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру әрекеттерін жүргізіп жатыр. Өзге де ақпараттар тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді", - деп жазылған жауапта.
"Сандуғаш - бес баласы бар жалғыз ілікті ана. Енді өз наразылығын әлеуметтік желіге шығарғаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарта береді ме? Алаяқтарды неге осылай ұстамайды екен?" - деп жазды ол.
Ал ұсталды деген әйел мен Гүлшара Әбдіхалықоваға қатысты оқиға осыдан шамамен 4 жыл бұрын болды. Сол кезде Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған еді. Полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған.
Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып "Жолды жабатын ханның қызысыз ба?" деп шүйлікті.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.