Кейінгі уақытта елімізде балалардың спорт пен шығармашылық қабілетін тегін дамытуға бағытталған “Damu Bala” платформасына қатысты сын-шағым көбейіп келеді. Artsport edu жеткізушілер қауымдастығының төрағасы Гүлжан Түсібиянова жүйедегі бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Айтуынша, техникалық ақаулар мен төлемдердің кешігуі ата-аналар мен кәсіпкерлерге айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Бұл туралы ол Dalanews.kz агенттігіне мәлімдеді.
“Damu Bala” платформасы — балаларды спорт пен өнерге баулуға арналған мемлекеттік тапсырыс жүйесі. Ата-аналар осы платформа арқылы онлайн түрде ваучер алып, баласын тегін үйірмеге жібере алады”, – дейді Түсібиянова.
Алайда оның сөзінше, 2024 жылдың соңында платформада ірі техникалық ақау орын алып, кей балалардың ваучерлері мен жазбалары жоғалған.
“Бірқатар өңірде платформа жиі қатып қалады, өтінім беру кезінде қателер шығып жатыр. Бұл ата-аналарға үлкен қолайсыздық тудырып отыр”, – дейді ол.
Сонымен қатар ваучерлердің әділ бөлінбеуі мен ашықтықтың жоқтығы да басты проблемалардың біріне айналған.
“Кейде ваучерлер бюрократиялық себептермен немесе бюджет тапшылығынан жойылып кетеді. Бақылау тетігі де әлсіз, ал жауапкершілік нақты белгіленбеген. Мәселен, кей аймақтарда ваучерлер бірнеше минутта “таусылып” кетеді, ал конкурс басталғаны туралы хабарландырулар кеш жарияланады. Нәтижесінде ата-аналар арасында әділдікке деген күмән күшейіп барады”, – деп түсіндірді Түсібиянова.
Сарапшының сөзінше, 2025 жылдың басында мемлекет тарапынан төлемдердің уақытша тоқтауы кәсіпкерлердің қаржылай қиындыққа тап болуына әкелген. Кейбір үйірмелер қаржы жетіспеушілігінен балаларды қабылдауды тоқтатқан.
Бұдан бөлек, Face ID және биометрия талаптарының енгізілуі ата-аналар арасында үлкен алаңдаушылық туғызған.
“Балалардың бет-әлпетіне қатысты деректердің қалай сақталатыны және кімнің қолында болатыны белгісіз. Ал нормативтік-құқықтық база мұндай талаптарды әлі нақты бекіткен жоқ. Бұл жеке дерек қауіпсіздігіне қатысты заңды сұрақтар тудырады”, – дейді сарапшы.
Гүлжан Түсібиянованың пікірінше, платформаның идеясы жақсы, бірақ оның жүзеге асуы жүйелі бақылаудың жетіспеушілігінен ақсап тұр.
“Бұл жоба балалардың дамуына бағытталғанымен, қазіргі келеңсіздіктер ата-аналардың сенімін төмендетіп, кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып отыр”, – деп қосты ол.
Ресми дерек: “DamuBala.kz” тізілімнен шығарылған
Түсібиянованың айтуынша, “DamuBala.kz” платформасы қазіргі таңда заң талаптарына сай келмейтін, сенімсіз жүйе болып отыр.
“2025 жылдың 14 мамырындағы ҚР Цифрлық даму министрлігінің ресми жауабына сәйкес, “DamuBala.kz” ақпараттық жүйесі сенімді бағдарламалық қамтамалар тізілімінен шығарылған. Себебі оператор компания 7 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа талаптарға сай 45 күннің ішінде қажетті құжаттар мен деректерді жаңартпаған”, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл шешім жүйенің ресми түрде мемлекеттік стандарттарға және ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес еместігін білдіреді. Соған қарамастан, аталған платформа арқылы балаларды қабылдау, кезек жүргізу және бюджет қаражатын бөлу процесі жалғасып келеді.
“Мұндай жағдайда платформа арқылы жүргізілетін барлық рәсімнің заңдылығы күмән тудырады. Себебі жүйенің мәртебесі жойылған соң, оның негізінде жасалған келісімшарттар мен төлемдердің заңдық күші әлсірейді. Бұл — ата-аналар мен жеткізушілердің құқықтарын бұзуы мүмкін”, – дейді Түсібиянова.
Оның сөзінше, “DamuBala.kz” жүйесінің тізілімнен шығарылуы бірнеше маңызды қауіп тудырып отыр.
“Ақпараттық қауіпсіздік пен деректердің қорғалуы қамтамасыз етілмейді. Ваучер мен кезек бөлу процесінде ашықтық бұзылады. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қауіп төнеді. Қысқасы, бұл платформа заңдық тұрғыдан сенімсіз. Мемлекеттік органдар мұндай жүйемен жұмысты тоқтатып, талапқа сай жаңа ақпараттық платформаны енгізуі қажет”, – деп түйіндеді сарапшы.
Даму бала төңірегіндегі былық
Еске салайық, кейінгі уақытта аталған платформаға қатысты бірнеше өңірде заңбұзушылық фактілері тіркеліп отыр.
14 тамызда Қызылорда қаласында “Damu Bala” платформасы арқылы көрсетілетін қызметтерге бөлінген 88 миллион теңгеден астам қаражаттың жымқырылуы бойынша сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, мониторингтік топ мүшелерінің бірі өз қызметін асыра пайдаланып, сыбайласымен бірге кәсіпкерлерден “оң тексеріс нәтижесі” үшін сыйақы талап еткен. Тергеу нәтижесінде олар иемденген қаржыға тұрғын үй мен автокөлік сатып алғаны анықталды. Сот шешімімен оның мүлкі тәркілене отырып, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласына бес жыл шартты жаза тағайындалды.
Ал 12 қыркүйекте Абай облысында “Damu Bala” платформасы арқылы бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталған еді. Тергеу нәтижесінде “SAMGAU өнер&спорт мектебі” ЖШС директоры үйірмелерге қатыспаған балалар туралы жалған мәлімет беріп, мемлекет қаржысын заңсыз иемденгені анықталған.
"Осы есептер негізінде уәкілетті орган тарапынан жұмыс істемейтін үйірмелерге қаржы бөлініп отырған. Есеп құжаттарында көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде сабақтарға қатыспаған, тіпті кейбіреуі бұл бағдарламаға "қатысушы" ретінде тіркелгенін білмеген. Мәселен бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген", - деп жазылған хабарламада.
Нәтижесінде, мемлекетке келтірілген 23 млн теңге көлеміндегі залал толық өтелген.