Back

Әкімдік сатып алған ноутбуктер арнайы комиссия қабылдап алған, заңға қайшы емес

Түркістан облысы бойынша сатып алынған ноутбуктар туралы әлеуметтік желіде, ақпараттық сайттар желісінде жарыса жарияланды. Осы орайда, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы Түркістан облысындағы мектептерге карантин кезінде оқушыларды қашықтықтан оқыту жағдайында қажетті құралдармен қамтамасыз ету мақсатында «МТ-Сервис» ЖШС-нен сомасы 3,4 млрд теңгені құрайтын 21 763 дана ноутбуктар алынғанын хабарлайды. Бір ноутбук құны – 157 500 теңге.

Аталған құралдарды қабылдап алу барысында басқарма тарапынан және түрлі сала мамандарынан жалпы 28 адамнан құралған арнайы комиссия құрылған. Олар ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілдері, Цифровизация саласының мамандары, сонымен қатар, “Нұр Отан” партиясы мүшелері және қоғам белсенділері болды.

Техникалық құралдарды комиссия қабылдап алу барысында арнайы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамалар орталығы» РМҚК филиалы Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институтының №373 Сараптама қорытындысын негізге ала отырып, қабылдау жүргізген.

Сонымен қатар, ноутбуктарды жеткізуші серіктестік пандемия кезінде оқушыларға Министрліктің талабында мүлдем көрсетілмеген қосымша (роутерлар, модемдер, сим карталар) берілген. Сондай-ақ, қабылдап алынған ноутбуктардың кепілдеме мерзімі бір жылға жарамды.

Айта кетейік, қаңтар айынан бастап осы күнге дейін оқушыларымыз осы ноутбуктарды пайдаланып келді. Істен шыққан немесе жарамсыз техникалық құралдарды аталған компанияның арнайы сервистік бөлімі жөндеп немесе жаңасына ауыстырып беріп отырған. Мұнда жауапкершілігі шектеулі серіктестік істен шыққан немесе мүлдем істемей қалған ноутбуктарды алмастырып беру тұстарын өз міндетемелеріне алған.