Back
| DalaNews

Атауын өзгерткен коммунистер Әблязовтың логотипін ұрлап алған ба?

Өткенде аптада Қазақстан коммунистері атауын өзгертті. Бұдан былай олар «Қазақстанның халық партиясы».

Партия төрағасы Айқын Қоңыровтың айтуынша бұл коммунистік идеологиямен ат-құйрығын үзісуді білдірмейді. Партияның аты өзгергенмен, заты өзгермейді.

Қоңыровтың пікірінше Батыс пропагандасы адамның миын шайып, коммунизмге қорқа қарайтын орта қалыптастырған.  Соның салдарынан Қазақстан коммунистерінің қол-аяғы байланып, саяси-әлеуметтік жобалары мен ұсыныстары қалқада қалған.

«Саяси ұйым электораттың арыз-талабын ескеруі керек. Партияның атын өзгерту туралы шешімге келдік. Әйтсе де идеологиядан аттап кетпейміз. Позициямыз сол күйінде қалмақ. Социалистік идеяға адалмыз. Партия тұғырнамасы осы идеяның төңірегіне топтасады», – деген-тұғын Айқын мырза.

Атауын өзгерткен «коммунистер» қоғамда әділдік пен теңдік орнатуды аңсайтынын айтады. «Халық партиясы» Үкімет пен «Нұр Отаннан» үміт үзген аудиторияны өзіне қаратып, Парламенттен көбірек орын алуды көздеп отыр.  

Қоңыров партияның 7 пайыздық межеден миземей өтеріне сенімді.

«Әлеуметтік мәселеге құмбыл көңіл бөлсек, әлеуметтің назарын өзімізге бұрамыз. Шайнап берген дүние ас болмайды. Мұнайды малданған билік, аузын қу шөппен сүртіп отыр. «Шықпа жаным, шықпа» дейтін шырғалаң заман  келе жатыр».

Сөй деген Қоңыров «Халық партиясының» жаңа логотипін жұрт көзіне көрсетіп, ұйымның ескі де жаңа мүшелеріне таныстарған.

| DalaNews

Dalanews.kz бұл белгіні бір жерден көргендей.

Редакция бес саусақ бір жұдырыққа жұмылған жаңа символиканың шығу тегін анықтауға тырысқанымен, партия басшылығынан мардымды жауап ала алмады.

Қоңыровтың айтуынша жаңа логотип жер-жиһандағы пролетариат бірлігін білдіреді екен. Партия төрағасы символика таңдауға келгенде қателеспегеніне сенімді.

Партияның жаңа логотипі атышулы Әблязов пен оның жақтастарының  «жұдырық түйісіне» ұқсамай ма осы?

| DalaNews

«Жұдырық түю» тұтастай алғанда бүгінгі жүйеге қарсылық символы ретінде қабылданып жүргенінен «Халық партиясы» хабардар ма екен?

Әлде бұған біле тұра барды ма? Бәлкім төбе жақтан түскен тапсырма сондай болар?..

| DalaNews

Бұл символиканы әуелден Әблязовпен байланыстырып, билікке қарсы күштерді «бір жұдырыққа жұмылуға» үндейтін белгі екенін саяси сауатты аудитория жақсы біледі.

| DalaNews

Дулат Ағаділге орнатылған құлпытас та осыдан хабар бергендей. Марқұм жұдырық түйіп тұр…

Соған қарағанда «Халық партиясы» да жүйеге жұдырығын білеп, алдағы сайлауда билік партиясын аттан аударуды көздеп отырғандай.

Бұған дейін Айқын Қоңыров Қазақстанда ауқымды несиелік рақымшылық жүргізуді ұсынған.

«Егер бұрын халық несиені тұрмыстық техника, киім-кешек пен той-томалаққа алса, енді бұрынғы кредиттерін жабу үшін, балаларын оқыту, емделу мен тамақ жеу үшін жаңа кредиттер алып жатыр.

Несие төлемдерін шегеретін президенттік мораторий осы қыркүйек айында аяқталады, ал несие алғандардың төлем қабілеттігін қалпына келтіре алуы екіталай», – деген еді партия төрағасы.

Әлемжелідегі жұрт Қоңыровтың бұл бастаманы билік оппоненті Жанболат Мамайдан айна-қатесіз көшіріп көшіріп алғанын айтқан.

Соның алдында Қазақстандағы “Демократиялық партия” құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай билікке үн қатып, қазіргідей қысылтаяң шақта жүдеп-жадаған жұрттың несиесін кешіріп, кеңшілік жасауға үндеген.

Мамай бастаған жұрт Нұр-Сұлтанға барып, несиені кешіру туралы 97 мың адам қол қойған бір құшақ қағазды Ақордаға тапсырған-тұғын.

Айқын Қоңыровтың партия атауы мен логотипін өзгертіп жібергеніне осы ұйымның белді мүшесі Владислав Косарев үзілді-кесілді қарсы. Алайда қолдан келер қайран жоқ.

Косарев бөлек коммунистік партия құруға кірісіп кетті. Оның айтуынша, партия атауынан коммунистік сөзін алып тастау үлкен қателік.

«Әріптестерім партиямыздың атауындағы коммунистік сөзін алып тастай отырып, кешіруге келмейтін саяси қателік жасады. Сол әрекеттерімен мені сатып кетті десе болады. Жалпы Коммунистер партиясының парламентке енуіне аянбай тер төктім. Енді соны жоққа шығармақ. Әрі парламенттегі орындарынан айырылып қалмау үшін, әлдебіреулерге ұнамайтын коммунизм сөзінен бас тартып отыр», – дейді ол.

| DalaNews

Принципшіл Косарев партия партия мүшелерінің басым бөлігі ребрендингті қолдағанына сенбейді.

Ал Халық партиясының хабарлауынша, Косаревке партиядан шығу туралы ресми өтініш түспеген. Егер партиядан шығар болса, мандатынан айырылып, мәжілістегі орнын босатуға міндеттелмек.

Ұйымның қазіргі төрағасы Айқын Қоңыров бірқатар популистік мәлімдемесімен көзге түскен.

Бірнеше жыл бұрын Қоңыров нан бағасын 300 теңгеге көтеру керектігін айтқан. Оның пікірінше, халық  сонда ғана нанның қадіріне жететін болады.

«Халыққа азық-түлікті талонмен тарату керек» деген де осы кісі. Премьер Мәминге сауал жолдаған депутат кеңес үкіметіндегі купондық төлемнің артықшылықтарын жіпке тізіп берген. Мәжілісменнің сөзінше, халыққа азық-түлікті талонмен тарату сөредегі қымбатшылықтың алдын-алады-мыс.

Партияның артық қылам деп, тыртық қылған тұстары да көп. Соның бірі зейнет шығу жасына қатысты. “Халықтық коммунистер” фракциясы депутаттарының зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына жауап берген Мәмин Үкіметтің керісінше зейнеткерлік жасты ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтқан.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ