Қазақстанда бұрынғы әскер қолбасшысы ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерінің бұрынғы басшысы – отставкадағы генерал-майорға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы ведомствоның ресми өкілі Данияр Биғайдаров хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті кәсіпкердің сеніміне кіріп, өзінің жоғары әскери лауазымдағы беделін пайдалана отырып, аса ірі көлемдегі қаржыны иемденген.
"Күдікті инвестиция тарту арқылы әлеуметтік жобалардан жоғары табыс табуға болады деген желеумен әрекет еткен. Ол жобаларға министрлік пен шетелдік әріптестердің қолдауы бар деп сендірген", – деді Биғайдаров.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынған.