Астанада автобус апатынан кейін аяғынан айырылған қыз бала үйден оқитын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
"Қолданыстағы барлық заңнамаға сәйкес, бала үйден оқытылады. Реабилитациядан кейін, мүмкін, мектепте оқуын жалғастыру мәселесін қарастыруға болады. Бұл – ұзақ процесс. Әзірге трагедия жақында ғана болғандықтан, нақты не болатынын айту қиын", – деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында.
Еске сала кетейік, 2 маусымда елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, бірнеше адам жарақат алған болатын. Алуа – сол апаттың ең ауыр зардап шеккен жолаушыларының бірі.
Бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл отбасының жағдайы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін мәлімдеді.