Қазақстанда шығармашылық қызметін жалғастырып жүрген якутиялық әзілкеш Ньургун Атаковқа қатысты Ресей билігі әкімшілік іс қозғады. Оған ұлтаралық араздық қоздыру және адамның қадір-қасиетін ұлттық белгілеріне қарай қорлау дерегі бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімшілік іс Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы негізінде қозғалған. Якутия.инфо порталының мәліметінше, іс биыл маусым айында екі рет Якутск қалалық сотына жолданғанымен, процессуалдық талаптардың сақталмауына байланысты кері қайтарылған.
Әзілкеш Ньургун Атаковтың сөзінше, ол Ресейде тұрғанда сахнада еркін әзіл айтуға қысым көргендіктен, үш жыл бұрын Алматыға көшіп келген. Оның сахнада айтқан сөздері әлеуметтік желіде тарап, Ресей билігінің назарын аударған.
Атаков стендап-кешінде: «Менің ана тілім – якут тілі. Орыс тіліне деген көзқарасым ... (балағат). Ресейде сахнаға шығудан қорықтым, себебі ол жақта шындық айтқан әзілкештерді елден қуып жібереді. Орыстар өздерін басқалардан биік санайды. Менің құрметтейтін жалғыз халқым – шешендер. Якутия да Ресейдің бір бөлігі. Бірақ Ресей тарих оқулықтарында Якутия туралы не жазады? Бұғыларды ... (балағат) дегенді ме? Африкалықтарды құл қылды, үндістерді жойды, бізді православ жасады. Бізді өлтіргендері жақсы еді. Мен украиндар мен белорустарды жақсы көрем, себебі олармен бірге ... (балағат) орыстарды. Бірақ олар да мен үшін орыс. Барлық еврей – қу, кавказдықтар – агрессивті, азиялықтар – арсыз, ал орыстардың бәрі сасиды», – деген өрескел сөздер айтқан.
Әзірге Ньургун Атаковтың өзі бұл іске қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, әзілкеш Алматыға келгеннен кейін «Тюркский разговорник» атты авторлық жобасын бастаған болатын. Бұл шоуда ол ұлттық ерекшеліктерді, тарихи және мәдени айырмашылықтарды жиі әзілге қосады.