Қатарлық инвестор Tele2/Altel-ді 517 млрд теңгеге сатып алды - Әлихан Смайылов

Кәмшат Тілеухан 27 мау. 2025 16:16

Жоғары аудиторлық палата 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру қарқынын жеделдету қажет деп санайды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутат сауалына жауабында айтты. Оның барысында бас аудитор Tele2/Altel операторы үлесінің қатарлық инвесторға сатудағы егжей-тегжей тұстарына да тоқталды,деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Кешенді жоспардың іске асырылуы Палатаның тұрақты бақылауында. 2025 жылдың басында жоспардың орындалуы 72% болды. 637 нысанның 460-ы жекешелендірілді немесе таратылды. Бұл – республикалық, коммуналдық меншіктегі нысандар мен квазимемлекеттік сектор активтері", - деді Әлихан Смайылов.

2024 жылдың ішінде бәсекелестік ортаға жалпы құны 589 млрд теңге болатын 14 нысан өткізілді. Оның ішінде 517 млрд теңге "Қазақтелеком" АҚ-ның Tele2 мобильді операторы үлесін катарлық инвесторға сату есебінен түсті.

"Осы соманың 158 млрд теңгесі республикалық бюджетке дивидендтер түрінде аударылды. Бұдан бөлек, аталған мәміле бойынша 76 млрд теңге корпоративтік табыс салығы ретінде төленді. Бұл – сатылған активтің қайта бағалануы нәтижесінде түскен салық. Қалған қаражат шартқа сәйкес биыл және 2028 жылға дейін түседі", — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, Кешенді жоспарды толық орындау үшін тағы 177 нысанды бәсекелестік ортаға беру қажет. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бұл жұмысты жеделдету қажет деп есептейді.

Сондай-ақ мемлекеттік қаржы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Парламентте талқыланды.

Бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдаланудың нәтижелігін арттыру – бюджет процесіне қатысушылардың барлығына ортақ міндет. Жоғары аудиторлық палата мен Үкімет депутаттардың қолдауымен осы бағытта тиісті жұмыстарды атқаруда.

Шешімін тапқан маңызды мәселелердің қатарында салықтық болжау мен әкімшілендіруді жетілдіру, бюджет процестерін оңтайландыру, парламенттік бақылауды күшейту және тағы басқа бюджет заңнамасындағы реформалар бар.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есептілігі күшейтілді. Енді Үкіметтің жылдық есебінде Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау нәтижелері көрсетілуі керек.

Сонымен қатар мемлекеттік қаржы статистикасын жетілдіру көзделіп отыр. Онда Ұлттық қорды пайдалану, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы туралы ақпарат қамтылады.

Болжауды, тәуекелдерді бағалауды, лимиттерді айқындауды, мониторингті және есептілікті қамтитын борыштық міндеттемелерді кешенді басқару институты енгізілді.

Бюджет процесіне қатысушылардың бюджет заңнамасын бұзғаны, бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз орындағаны және қаражатты қайта бөлудің негізділігі үшін жауаптылығы күшейтілді.

Жалпы Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын орындау бағытындағы жұмысын арттырды. Өткен жылғы ұсынымдардың жартысына жуығы іске асырылды, жыл соңына дейін тағы бесеуі орындалады.

2024 жылы тәуекелдерге неғұрлым бейім негізгі бағыттар бойынша 30-дан астам ұсыным берілді. Атап-айтқанда:

  • Қолданылған есептеу модельдері, факторлар мен болжамдарды көрсету арқылы әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштерін қалыптастырудың ашықтығын арттыру;
  • Салық саясатының тұжырымдамасын әзірлеу. Тұжырымдамада салықтық және кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру, таңбалауға жататын тауар топтарын айқындау, жасырын кәсіпкерлік қызметті және кірістерді төмендетіп көрсетуді анықтау механизмдері қамтылуы тиіс;
  • Қарыз алудың орындылығын негіздейтін деректерді ашып көрсету, сондай-ақ сыртқы қарыз есебінен қаржыландырылған әрбір жобаның ұзақ мерзімді перспективада борыштық тұрақтылыққа әсерін бағалау туралы талап енгізу;
  • Бизнесті мемлекеттік ынталандыру және қолдау шараларының тиімділігін бағалау тәртібін айқындау;
  • Қаржы жылы ішінде бекітілген бюджеттік инвестициялық жобаларды алып тастау және бұрын жоспарланбаған жобаларды жаңадан қосу үшін қатаң критериилерді белгілеу;
  • Салынған мемлекеттік инвестициялардың қайтарылымдығын арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілері дивидендтерінің мөлшерін айқындау тәсілдерін жетілдіру;
  • Бірыңғай дерекқорға интеграциялау үшін Квазимемлекеттік компаниялар іске асыратын инвестициялық жобаларды цифрландыру;
  • 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау кезінде бюджетаралық диспропорцияны азайту жөніндегі мәселені сапалы пысықтау.

Жоғары аудиторлық палата Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге қол жеткізу үшін Парламент және Үкіметпен жүйелі әрі бірлескен жұмысты жалғастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар