Боранбаев қайтарған фармацевтикалық компания немен айналысып жүр?

Көркем Алдабергенова 30 мау. 2025 14:44

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыдағы, бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған фармацевтикалық компанияның қазіргі жағдайы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, бұл кәсіпорын қазіргі таңда мемлекеттік меншікте емес.

"Қажет болған жағдайда компанияның құрылтайшыларына қатысты қосымша ақпаратты беруге дайынбыз. Иә, бұл – жекеменшік ұйым, бірақ оның тәжірибесі мол. Қазіргі таңда комбинат бірыңғай дистрибьютордың тізімінде бар және мемлекет есебінен өтелетін дәрі-дәрмектер қатарында белгілі бір позицияларға ие. Бұл өндірушінің өнімдеріне қатысты ресми шағымдар тіркелмеген", – деді министр.

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова компанияның қандай өнім шығаратынына тоқталды.

"Қосымша ақпаратты кейінірек нақтылап айтамыз. Негізінен, бұл кәсіпорын онкологиялық препараттар мен инсулин өндіреді. Атап айтқанда, шығарылатын инсулиннің бірі амбулаториялық деңгейде пациенттерге тегін берілетін дәрі-дәрмек тізіміне енгізілген. Бұл дәрі Қарағанды фармацевтикалық кешені арқылы бірыңғай дистрибьютор базасына тіркелген. Сондықтан кәсіпорын толыққанды жұмыс істеп тұр, және министрлік тарапынан ешқандай ресми шағым жоқ", – деді министр Әлназарова.

Еске салайық, бұған дейін Боранбаевқа тиесілі болған мұнай компаниясы 2025 жылы жекешелендірілуі мүмкін екенін хабарлаған едік.

Компания 2023 жылдың қазан айында мемлекет меншігіне өтті — барлық 100% акциясы мемлекетке беріліп, олардың жалпы құны 35 миллиард теңгеден аса бағаланған.

Phystech II компаниясы Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнын иеленеді. Алайда бұған дейін компания шығын ғана әкеліп келген. Жекешелендіру конкурс немесе тікелей мәміле арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 2023 жылы Қайрат Боранбаев аса ірі мөлшерде мемлекет қаражатын ұрлады және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген күдікпен ұсталды. 

Кейіннен ол көптеген активін мемлекетке қайтара бастады. Мысалы, былтыр қарашада Қайрат Боранбаевпен байланысты Қарағандыдағы фармацевтикалық зауыт бюджетке 105 миллион теңгені қайтарды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар