Back
| DalaNews

Мен қатты алжасыппын!

Олжасты Олжабайдың ұрпағы болғаны үшін және Совет заманында «Аз и Я»-ны жазғаны үшін қатты қастерлейтінмін. Ленинград кітапханасының мөрі басылған, өртелген «Аз и Я» кітабының күрең тыспен қапталған бір данасын КГБ мен НАХЯ-дан жасырып, Құрандай сақтайтынмын. 1979 жылы Моңғолия даласына барып (КГБ жансыздарын «ертіп»!), Тоныкөктің басындағы тас жазуды оқып, көзін дымдағанына сенгенмін. Содан кейін Олжас пен Олжабайды қастерлеп, екінші ұлымның атын жұдырықтасудан Азия жеңімпазы Олзбай /Олжабай/-ға «Олжас» деп қойдырып, аузына түкірткенмін. Моңғолдар мені «Моңғолияның Олжасы» деп қадірлейтіні үшін Олжастың жолын бек ұстанғанмын.
Мына Астана төріне қойылған, Өвөрханғайда қорғауға алынған Түрік ескерткіштерін қорғауды Моңғолияда алғаш қолға алып, жобасын жасағанмын. Сол жоба бойынша Моңғолия Мәдениет министрі Намбарын Энхбаяр 1995 жылы Түрік-Моңғол келісіміне қол қойған. Деректер сақтаулы. Әрі досым, Моңғолияның экс-президенті Намбарын Энхбаяр Олжасты Нұрсұлтан қалай қастерлесе, мені дәл солай қастерлейді. Өкініштісі, мен «оралман» атауын алғалы бері Нұрекең мені адам, ақын деп алдына бір шақырмады, қорғаушылары Сізге ашылған есікті маған ашпады… (Мүмкін ол кісіге мен туралы ақпарат басқа қырынан жетіп жатқан да болар!)
Олжас – «орыс», Мен – «моңғол» болғаным рас. Сол себепті, Олжас нені жасаса, мен соны жасадым. Ол орыс тілінде жақсы өлең жазса, мен моңғол тілінде жақсы өлең жаздым. Ол «Игор жасағына»  түсіндірме жазса, мен «Алтын тобшыны» қазақ тіліне аударып, түсіндірме жаздым. Ол «Мың бір сөзді» жазса, Мен «Көшпенділер тарихын көне таңбалар арқылы зерттеуді» қазақ тіліне аудардым. Бұның арасындағы Абайдан бастап Ақберенге дейінгі ақындар өлеңдерінің аудармасы – бөлек әңгіме! /Ж.Х/.
Ол Еліміздің тәуелсіздігін қаласа, Мен ежелгі Түрік даласын тастап, Атажұртыма алғашқы боп, көш бастап келдім…
Арада екі мүшел өтіпті.
Мен Олжасты сол баяғы Олжас деп ойлап жүрдім.
Сол ойдың жетегінде Атажұртқа келген күннен бастап, ана тілімді үйреніп, ана тілімде жазуға көштім. Бөгде тіл – моңғолшаны тастап, қазақша өлең жаздым. Қатты қиналдым, үйрендім, таршылық көрдім. Әлі күнге дейін көріп келемін!.
Ал, мен сенген, мен қастерлеген Олжас ағам осы аралықта қазақ тілін үйреніп, қазақты қастерлеуі құрысын, Өзі алжасқанымен қоймай, Мені де қоса алжастырып келген екен!..
Енді, егер, қай бір президент досым мені қабылдар болса, Мен дәл осы ойымды айтып, ағамды да, оған алданған елімнің мына шынайы болмыс, шынайы тірлігін де суреттеп беремін.
Өйткені, Тілді – бастағы мимен жөнге салуға болады. Ал, жүрекке ешқашан әмір жүрмейді.
Олжас Омарұлы Сүлейменов аға!
Мен Сізге еліктеп, қатты алжасқан екенмін.
Енді Сіз де мидағы емес, Жүректегі әмірге, Қазақ ұлтының дегеніне табыныңыз!!!

Ізгі ниеттен Моңғолда тәрбиеленген ініңіз, ақын, аудармашы Жүкел ҚАМАЙҰЛЫ.