Қоштасу

Dalanews 27 ақп. 2023 09:57 234

әңгіме

Әлдеқашан қоштасып қойсаң да, пойыз әлі жүрмегендіктен перроннан кете алмай, байланып тұратынын бар – біз сондай сәттерде болатын бір кұлазулы күйде едік. Перрон кәдімгі перрон: баяғы арлы-берлі сапырылысқан жұрт, кір-қоқыс, ыстың иісі, шу – кісіні керең қылып тастайтын ызы-қиқы, ың-жың дауыстар, темірді темірге қажаған составтар салдыры.

Шарлотта вагоннның ұзын коридорында, терезе алдында тұр, сығылысқан жұрт оны қағып өтеді, олай да, бұлай да тықсырады, ұрсады бәрі, бірақ біз осынау соңғы ғұмырымыздың минуттарында, қалай ғана оның аузы-мұрнынан шыға толған купесінің жабық терезесінен ымдасып тұрмақшымыз...

– Қандай жақсы болды! – дедім мен осымен үшінші рет, – Маған соққаның қандай жақсы болды, шынында...

– Керегі жоқ, айтпай-ақ қойшы... Баяғыдан бері білеміз ғой біз бір-бірімізді... Он бес жыл болды...

– Иә... иә... екеуміз, міне, отызға келіппіз... Дегенмен, бұл да себеп бола алмайтын еді ғой...

– Қойшы енді, айтпашы... Рас, отызға келіппіз... Орыс революциясына да отыз жыл... Біздін Еуропада аштық пен боқтық, былық-шылықтың басталғанына да сонша жыл...

– Соғыспен де құрдаспыз...

– Жоқ, сәл жастаумыз...

– Рас айтасың, біз әлі өте жаспыз... – Шарлотта күліп жіберді. – Сен бірдеңе дедің бе? – деді сосын мазасындана, өйткені, дәл сол сәтте ауыр чемодан сүйреткен біреу оны терезе алдынан әрі ығыстырып жіберген еді.

– Жоқ, аяғым ғой.

– Сен оған бірдеңе істеуін керек.

– Иә, міндетті түрде, бірдеңе етермін оны, шынында да тым қақсап кетті өзі.

– Қиналып тұрған жоқсың ба?

– Жоқ...

Мен, жаңағы бір аралықта, оны сүйетінімді айтқым келген, бірақ, міне, он бес жыл болды, соны айтуға дәтім жетпей-ак койды...

– Не болды саған?

– Ештеңе... Швеция... Сонымен, Швецияға кетіп барамын де?..

– Иә, аздап ыңғайсыздау да сияқты. Бомба түсіп қираған үйлер, аштық, жыртық-жамау, шоқпыт тірлік – қиыншылықтардың бәрі біздің өмірімізге айналып кетпеді ме? Содан-ақ ыңғайсызданам. Мен өзімді бір қашқын, сатқын сезінем...

– Ақымактың сөзін айтпа... Сен басқа өмір үшін жаратылғансың, Швецияға кететіңіне қуан.

– Кейде, рас, қуанам да... Білесің бе, мен кейде тоя тамақ ішу де, сірә, үлкен бақыт шығар деп ойлаймын... Және айналаңда бір де бір қираған үй болмаса... Ол маған бір алып-ұшпа өрекпіген куанышты хаттар жазады.

Кенет радиодан пойыздың жүретінін хабарлаған дауыс жаңғырығып қоя берді. Қорқып кеттім, бірақ бұл біздің пойыз емес екен. Дауыстың хабарлауынша «Роттердам – Базель» пойызы аттанбақшы.

Шарлоттаның кіп-кішкене сүйкімді жүзіне көз алмай қарап тұрғанымда, неге екені белгісіз, кенет жұпар аңқыған жақсы сабын мен кофенін иісі есіме түсіп, мен өзімді сонша бақытсыз сезіндім.

Бір сәтке маған осынау кішкентай ғана аяулы жаратылысты шарасыздың жанкештілігімен терезеден суырып алып, жібермей алып қалуым мүмкін сияқты көрініп кетті. Өйткені, ол – менікі ғой, мен сүйем ғой оны

– Не болды саған?

– Ештеңе.... Швецияға бара жатқаныңа қуан...

– Әрине... Ерік-қайраты сұмдық оның. Өзің ойлашы табандатқан үш жыл бойы Ресейде тұтқында болды, одан қашып шықты, миллион түрлі оқиға, қиын-қыспақты бастан кешті, енді, түк болмағандай, ана жақта Рубенспен шұғылданып жатыр?..

– Сен де бірдеңемен айналысуын керек. Тым құрса, университет бітіріп алу керек.

– Жап аузыңды!

– He? – Шарлоттаның есі шығып, жүзі құп-қу болып кетті.

– He?

– Кешір, – дедім мен сыбырға жақын үнмен. – Мен мұны аяғыма айтып тұрмын, кейде онымен осылай сөйлесетінім бар.

Шарлотта Рубенстің әйелдеріне ұксамайтын еді, одан гөрі Пикассоныкіне келетін – әлгі Швециядағы жігіттің неге оған үйленгісі келетініне түсінбей-ақ қойдым. Айта берсе Шарлотта, тіпті, сұлу да емес қой, мен оны сүйемін ғой.

Перрон тынышталып, ел аяғы сирей бастады, бірен-саран шығарып салушылар ғана көрінеді. Пойыздың жүретіні туралы радиодан міне-міне хабарлануы тиіс. Әрбір мезет ең соңғы сәт болуы мүмкін.

– Сен бірдеңемен айналысуын керек, әйтеуір, бірдеңемен бұлай жүре беруге болмайды....

– Солай, – дедім мен келісіп.

Ол Рубенстің әйелдеріне мүлде ұқсамайтын сымбатты аяқтары да ұзын, жүйкесі де нәзік және орыс революциясымен, Еуропадағы күллі былық-шылық, аштық, соғыспен кұрдас.

– Сенгім келмейді... Швеция... Түс сияқты.

– Осының бәрі, шынында, көрген түс.

– Сен солай ойлайсың ба?

– Әрине. Он бес жыл... Отыз жыл. Тағы отыз. Дипломның керегі не? Әуреге тати ма? Жап аузыңды қарғыс атқан!

– Сен мұны тағы да аяғына айтып тұрсың ба?

– Иә.

– Ал ол не дейді?

– Тыңда.

Біз бір-бірімізге қарап күлімдеген күйі үнсіз қалдық, сол үнсіз қалпымызда, бір сөз қатпастан, бір-бірімізге айта алмай келген арыз-арманымызды түгел ақтардық.

Сосын ол маған карап тағы күлімсіреді.

– Енді түсіндің бе... Солай болсын, иә ма?

– Иә, иә...

– Шынымен бе?

– Иә, иә...

– Білесің бе, – деді ол ақырын ғана сөзін жалғастырып, – мәселе тек бірге болуда емес қой. Мәселе тек онда емес қой, рас па?

Радиодан пойыздың жүретіні туралы хабарлаған дауыс енді тура тас төбемнен самбырлап қоя берді. Ресми, қатқыл дауыстан күзетшінің маған сілтеп қалған айыркұйрық шыбыртқысынан сескенгендей, дір ете калдым.

– Көріскенше сау бол!

– Cay бол!

Пойыз орнынан ақырын ғана қозғалып, перронды бойлай баяу сырғып бара жатты да, вокзалдың күмбездене көтерілген әйнек жаппасы астынан үзіліп шыға бере, түнекке батып кетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x