Армения премьер-министрі Никол Пашинян оппозициялық «Армения» фракциясының депутаты Анна Григорянның сөз бостандығы мен жемқорлыққа қатысты жарияланымдар жайлы қойған сұрағына жауап берген кезде өзін ұстай алмай, эмоцияға берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет сағаты барысында депутат Анна Григорян үкіметті тоқтаусыз жалғасып жатқан жемқорлық даулары, қарыздар және команда ішіндегі жауапсыздық үшін сынға алды.
"Шынымды айтсам, БАҚ-та күн сайын жемқорлықтың жаңа фактілері шығып жатқанда, не үшін мақтануға болатынын әлі түсінбеймін. Егер осы жемқорлық фактілері әшкереленсе, сол кезде ғана мақтануға болар еді", — деді депутат.
Оған жауап ретінде Пашинян былай деді:
"Егер біз баспасөздегі мақалаларға сүйенсек, сізді баяғыда дарға асып, Армениядан қуып жіберер едік. Сіз туралы баспасөз не жазып жатыр, неге әлі бостандықта жүрсіз? Сіз туралы «шетелдік тыңшы» деп жазып жатыр. Онда сіз бұл залда не істеп отырсыз? Егер мен баспасөздегі жазбаларға сүйенсем, сізді Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жерасты түрмесіне тастаймын. Сен бірінші болып сонда кетуің керек, кетесің де.
Баспасөз сіз туралы «шетелдік агенттер», «бесінші колонна», «ықпал агенттері» деп жазып жатыр. Отыр, тыныш отыр, жүйкемді тоздырма. Мен саған айттым ғой: аузыңды жап та, тыныш отыр!" — деп ашулана жауап берді Пашинян.
Осыдан кейін залдағы жағдай шиеленісіп, айқай-шу басталды. Армения Ұлттық жиналысының спикері тікелей эфирді өшіріп тастады.