Ватикандағы Сикстин капелласында өткен конклав нәтижесінде Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысы сайланды. Дауыс берудің төртінші кезеңінен кейін, жергілікті уақытпен 18:00-де капелла шатырынан ақ түтін шығып, жаңа Папаның таңдалғанын білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz ВВС басылымына сілтеме жасап.
Жаңа Рим Папасы болып америкалық Роберт Франческо Прево сайланып, XIV Лев есімін қабылдады. Ол – бұл лауазымға келген алғашқы америкалық. Тағайындаудан кейін шамамен бір сағат өткенде жаңа Папа Әулие Петр алаңына жиналған мыңдаған сенушінің алдына балконнан шықты. Жиналған жұрт оны зор қуанышпен қарсы алды.
1955 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында дүниеге келген Прево ерте жастан діни жолды таңдаған. Августиншілер орденіне кіріп, Римде діни білім алған. Ол шамамен 30 жыл бойы Перуде миссионерлік қызмет атқарып, кейін епархияларды басқарған. Перу азаматтығын алған Прево әлеуметтік реформаларды қолдап, осал топтарға жәрдем көрсетуді мақсат еткен тұлға ретінде танымал.
2023 жылдан бастап Ватиканда епископтарды тағайындауға жауапты маңызды құрылымды басқарған ол бүгінде католик әлемінің рухани көшбасшысы ретінде танылып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XIV Левті ел халқының атынан құттықтап, жеделхат жолдады. Мемлекет басшысы Католик шіркеуінің бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы рөлін атап өтіп, Қазақстанның дінаралық келісім мен ынтымақтастықты қолдай беретінін жеткізді. Президент сонымен қатар Рим Папасының елімізге екі мәрте сапармен келгенін еске салып, бұл байланыстардың ерекше маңызын атап өтті.