Сырт көзге спортшы, көпбалалы әрі үлгілі отбасы болып көрінген Әлсеровтердің шаңырағы бүгінде елдегі ең резонансты қылмыстық істердің біріне айналды. Алматы қаласы полициясының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатқан тұста Stan.kz тілшісі оның бұрынғы әріптесімен сөйлесіп, марқұмның қызметтегі және өмірдегі болмысы туралы пікірін білген, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Біз оны “Слепой” деп атайтынбыз»
Әріптесінің айтуынша, Аслан Әлсеров полицияда тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі болған. Әріптестері оны атымен емес, «Басар» немесе «Слепой» деген лақап атпен атайтын.
«Пәтер ұрлығы бойынша өте мықты маман еді. Қаладағы ең тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі саналатын. Қылмыскерлерді ұстау кезінде оған бірнеше рет шабуыл жасалған. Пышақталған, оқ тиген, жақ сүйегі мен мұрны сынған жағдайлар да болды», – дейді бұрынғы әріптесі.
Оның сөзінше, Әлсеров қызметіне адал, тәртіпті әрі спортты өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған адам болған.
«Балаларына өте талапшыл еді»
Бұрынғы әріптесі марқұмның спортқа ерекше мән бергенін айтады. Балаларының да барлығы дерлік түрлі жекпе-жек спорттарымен айналысқан.
«Үлкен ұлы джиу-джитсудан Азия чемпионы болды. Балаларының бәрін спортқа баулыды. Өзі де үнемі жаттығатын. Ұзын бойлы, дене бітімі мығым жігіт еді», – дейді ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, Аслан Әлсеров бес уақыт намазын оқитын, сабырлы адам болған. Алайда балаларына өте талапшыл әке ретінде танылған.
«Балалардың күн тәртібі қатаң еді. Мектептен кейін сабақ оқып, кешке дейін жаттығуда болатын. Егер жаттығуды жіберіп алса, соған қатты ашуланатын. Бірақ мен оны қызметте ешқашан ашушаң немесе ақыл-есі тұрақсыз адам ретінде көрген емеспін», – дейді бұрынғы әріптесі.
Үлгілі отбасы ретінде танылған
Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысып, жеті баласымен бірге көпшілікке үлгілі полицейлер отбасы ретінде таныстырылған.
Бағдарламада Аслан Әлсеров 2008 жылы патрульдік полицияда еңбек жолын бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен қызмет барысында танысқанын айтқан.
Жұбайы Арайлым Әлсерова күйеуін сабырлы әрі байсалды мінезі үшін таңдағанын айтса, ерлі-зайыпты балаларын спортқа баулитынын жеткізген. Бағдарламада олардың ұлдарының әлем чемпиондары екені де айтылған.
Қайғылы оқиға
Алайда арада екі жыл өткенде бұл отбасы ауыр қылмыстық істің ортасында қалды.
Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің денесі өртенген күйде Алматы облысы Кеген ауданындағы таулы аймақтан табылды.
Тергеу мәліметінше, қылмыс Алматыда жасалған болуы мүмкін. Күдікке марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам ілінді. Кейін жасөспірім күдіктілер үйқамаққа жіберілді.
Ал олардың қорғаушылары отбасы ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Мұндайды сырт көз байқамайды»
Бұрынғы әріптесі отбасында жанжал болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Мүмкін балалар анасына араша түскен шығар. Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылықты көп жағдайда сырт көз байқамайды. Айналасындағылар үлгілі отбасы деп ойлайды», – дейді ол.
Сонымен қатар экс-полицей құқық қорғау органдарындағы психологиялық іріктеу жүйесі мұндай жағдайлардың алдын алуға толық мүмкіндік бермейді деп есептейді.
«Психологиялық тестілеуде бір сұрақ әртүрлі формада қайталанады. Бірақ мұндай тест адамның нақты психологиялық жағдайын көрсете алмайды», – дейді ол.
«Жұмыстан кеткісі келген»
Әріптесінің айтуынша, бірнеше жыл бұрын Аслан Әлсеров қызметтен кетуге де ниеттенген.
«Рапорт жазғанын естігенмін. Бірақ кейін жұмыста қалды. Өз ісін жақсы көретін. Дегенмен полициядағы психологиялық қысым өте жоғары. Күнделікті күйзеліс, жауапкершілік адамға әсер етпей қоймайды», – дейді бұрынғы әріптесі.
Ол марқұм туралы жаман пікір айта алмайтынын айтып, бұл іске қатысты нақты қорытындыны тергеу шығаруы тиіс екенін жеткізді.
«Не болғанын нақты ешкім білмейді. Мүмкін, бәрі шегіне жеткен шығар. Бірақ мен таныған Аслан кәсіби маман әрі сабырлы адам еді», – деді ол.