Freedom Inside '26

Қос палаталы Парламенттің соңғы күні: Алтынбаев пікір білдірді

Қос палаталы Парламенттің соңғы күні: Алтынбаев пікір білдірді
Казинформ

Парламенттің соңғы бірлескен отырысы қарсаңында Мәжіліс депутаты, армия генералы Мұхтар Алтынбаев қос палаталы парламенттің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы Ұлттық құрылтай құрамына мемлекетшіл азаматтар келуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның пікірінше, Парламенттің соңғы шақырылымдары қоғамдағы өзгерістерге сай жұмыс істеп, депутаттар өз ұстанымдарын ашық айта бастаған.

«Сенаторлар да, мәжіліс депутаттары да белсенді жұмыс істеді. Меніңше, бұл – қоғамдағы прогрестің көрінісі. Бүгін Мемлекет басшысының сөзін тыңдаймыз. Бұл – тарихи сәт. Бір палаталы парламентке көшу жүзеге асады. Президент айтқандай, алда үлкен өзгерістер бар. Бір орында тұруға болмайды. Ел жағдайына қарай үнемі алға жылжып, дамып отыруымыз керек», – деді Мұхтар Алтынбаев.

Болашақ Ұлттық құрылтай мүшелеріне қандай кеңес берер едіңіз деген сұраққа генерал қысқа жауап қайырды.

«Ең бастысы – мемлекет туралы ойлау керек. Өз елінің патриоты болу қажет», – деді ол.

Еске салайық, бүгін Президенттің қатысуымен Сенат пен Мәжілістің соңғы бірлескен отырысы өтуде. Онда қазіргі Парламенттің жұмысы ресми түрде аяқталады.

1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне еніп, қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Ұлттық құрылтай жұмысын бастайды. Жаңа өкілді органның сайлауы тамыз айына жоспарланған.