Freedom Inside '26

Қатарда АҚШ пен Иран келіссөздері жалғасады

Қатарда АҚШ пен Иран келіссөздері жалғасады
Фото: Анадолу

АҚШ пен Иран кезекті соққы алмасудан кейін Қатарда өтетін кездесуге дейін бір-біріне шабуыл жасамауға уағдаласты. Келіссөз 30 маусымға жоспарланған. Онда Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесі талқыланбақ, деп хабарлайды dalanews.kz.

Axios басылымының Вашингтондағы дереккөзіне сүйенген DW агенттігінің хабарлауынша, тараптар Қатардағы кездесу өткенге дейін әскери әрекеттерді тоқтата тұруға келіскен. Негізгі мақсат – әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды саналатын Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасын қайта жандандыру.

Қазір бұғаз ішінара ғана ашық. Иран кемелерден өз бағытын елдің әскери басшылығымен алдын ала келісуді талап етіп отыр. Сонымен қатар Тегеран Батыс елдеріне бұғазды миналардан толық тазартуға әзірге рұқсат бермеген. Осыған байланысты су айдынындағы қозғалыс екі тар бағытпен ғана шектелген.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұғаз толық ашылатынын мәлімдегенімен, қазіргі тасымал көлемі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері басталғанға дейінгі деңгейдің жартысына да жетпей отыр.

Жақында атысты тоқтату режиміне қарамастан, 26-27 маусым күндері АҚШ пен Иран арасында ауқымды соққы алмасу болды. Вашингтонның мәліметінше, Иран екі күн ішінде бұғаз арқылы өткен екі коммерциялық кемеге шабуыл жасаған. Бұған жауап ретінде АҚШ Иранның жағалаудағы бірнеше әскери нысанын атқылады.

Тегеран өз әрекетін кемелердің Ислам революциясы сақшылар корпусымен келісілген бағыттан ауытқуымен түсіндірді. Ал АҚШ шабуылын Иранның Ормуз бұғазындағы бақылауын әлсіретуге бағытталған әрекет деп бағалады.

Кейін Иран күштері АҚШ-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери базаларына соққы жасады. The Wall Street Journal мәліметінше, Бахрейндегі әскери нысандардың бірі едәуір зақымданған.

Осы оқиғалардан кейін екі тарап та атысты тоқтату режимінен шығуы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін келісім 8 сәуірден бастап күшіне енгенімен, АҚШ та, Иран да оны бірнеше рет бұзған.

Бітім туралы уағдаластық мұнай нарығына да әсер етті. Инвесторлар бірнеше ай бойы Ормуз бұғазының толық ашылуын күтіп келген. АҚШ пен Иран 17 маусымда «өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойғанын жариялағаннан кейін мұнай фьючерстері арзандай бастады.

24 маусымда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 73,22 долларға дейін түсті. Бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соққыларынан бұрынғы деңгейге жақын көрсеткіш болды. Сол күні WTI маркалы мұнай барреліне 69,87 доллардан саудаланды.

Дегенмен АҚШ пен Иран арасындағы қазіргі келісім түпкілікті бітім емес. Меморандумға сәйкес, тараптар 60 күн ішінде бірқатар күрделі мәселе бойынша ортақ шешімге келуі керек. Олардың қатарында Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ әскерлерінің көрші елдерден шығарылуы және Тегеранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алу мәселесі бар.

Әзірге бұл бағыттағы келіссөздерде нақты ілгерілеу болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.