Шекарасыз ерлік: қазақтар Францияны азат ету жолында қалай күресті?

Ақтоты Жапатова 09 мам. 2025 14:45 310

Екінші дүниежүзілік соғыстың әлі күнге дейін толық зерттелмеген, ашылмаған сырлары аз емес. Сондай көпке мәлім бола қоймаған тарихтың бір парасы – Франция жерінде жауға қарсы қасқайып тұрып, ерлікпен шайқасқан қазақстандық партизандардың тағдыры. Бүгін осы ерекше тарих беттері Қазақстан мен Францияның тарихшылары мен дипломаттары тарапынан қызу зерттеліп жатыр.

Профессор Гүлнәр Меңдіқұлованың дерегіне сүйенсек, Франция аумағында фашизмге қарсы күрескен қазақтардың саны мыңнан кем емес. Алайда олардың нақты есебін шығару – әлі де тарихшылардың мойнындағы міндет.

Осы орайда елордада Францияның атақты қолбасшысы әрі мемлекеттік қайраткері Шарль де Голль ескерткішінің алдында алғаш рет гүл қою және марқұмдарға медальдар табыстау рәсімі өтті. Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гийогенің қолынан Кабыш Омаровтың, Кәдем Жұманиязовтың және Әшімбек Істыбаевтың ұрпақтары ардагерлерге берілген арнайы марапаттарды қабыл алды.

Кабыш Омаровтың ұлы, майдангер ұрпағы Қабиден Омаров Toppress.kz сайтына берген сұхбатында, кезінде әкесі Франциядағы әскери парадта Пятый республикасының тұңғыш президенті Шарль де Голльдің жеке қолынан «Жауынгерлік крест» орденін алғанын зор толқыныспен еске алды.

Салтанатты шара барысында Сильван Гийоге мырза бұл Қазақстан жерінде Оңтүстік Францияда нацизмге қарсы күрескен қазақ жауынгерлерінің ерлігіне ресми түрде алғаш рет құрмет көрсетіліп отырғанын атап өтті:

«Бүгін біз екі елдің тарихында ортақ тамыр, тағдырлас оқиғалар бар екенін тереңірек түсіне бастадық. Францияны нацистерден азат етуге қатысқан қазақстандықтарға және тұтас қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз».

Сондай-ақ шараға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, дипломатиялық корпус өкілдері, тарихшылар мен Сопротивление қозғалысына қатысушылардың ұрпақтары қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар