Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов Ақтау жағалауынан табылған Каспий итбалықтарының қырылуына қатысты алдын ала себептерді атады. Оның айтуынша, жағаға шыққан жануарлар Каспий теңізінің әртүрлі бөліктерінде қырылып, кейін толқындармен Қазақстан жағалауына жетуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Итбалықтар қайдан келуі мүмкін?
Серік Сермағамбетовтың айтуынша, итбалықтар тек Қазақстан жағалауында ғана емес, Әзербайжан мен Иран жағалауларында да қырылуы ықтимал. Кейін батыстан соққан дауылды желдер олардың өлекселерін Ақтау жағалауына алып келеді.
Ол сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың қатысуымен итбалықтардың өлекселерін жинау және Каспий итбалығын сақтау бойынша өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленгенін айтты.
Алдын ала себеп – тұншығу
Комитет төрағасының мәліметінше, итбалықтардың өліміне алдын ала себеп ретінде асфиксия, яғни тұншығу қарастырылып отыр. Зерттеулерге сәйкес, мұндай жағдай жер асты сілкіністері мен табиғи газдардың бөлінуінен туындауы мүмкін. Соның салдарынан итбалықтар тұншығып қалады деген болжам бар.
Сонымен бірге мамандар зерттелген жануарлардан жұқпалы аурулардың белгілерін анықтамаған.
Қандай шаралар қабылданды?
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, Ақтауда мемлекеттік табиғи резерват ашылған. Сондай-ақ 2025 жылы қыс мезгіліндегі кеме қатынасына шектеу енгізіліп, Каспий итбалығының көші-қон жолдарынан алыс болуы үшін балық аулау учаскелерінің шекарасы қайта қаралған.
Биыл қанша итбалық өлген?
Серік Сермағамбетовтың айтуынша, жыл басынан бері 230 өлі итбалық табылған. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар жыл сайын тіркеледі. Ал ең көп шығын 2024 жылы байқалған. Сол кезде шамамен 2 мыңға жуық Каспий итбалығының қырылғаны анықталған.
Каспий итбалығы – Каспий теңізіндегі жалғыз теңіз сүтқоректісі және Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген жануар. Гидробиология және экология институтының мәліметінше, 2022–2025 жылдары Маңғыстау облысының жағалауынан 3 433 өлі Каспий итбалығы тіркелген.
Ғалымдардың зерттеуі жануарлардың жаппай қырылуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Олардың қатарында гидрометеорологиялық жағдайлар, адам әрекетінің ықпалы, түрлі аурулар және теңіз ортасының ластануы, соның ішінде суда мұнай өнімдерінің шамадан тыс көбеюі бар.
Сонымен қатар өңірдегі бірқатар экологтар мен тұрғындар итбалықтардың жаппай қырылуының жекелеген жағдайларын мұнай өндіруші компаниялардың, оның ішінде North Caspian Operating Company (NCOC) қызметімен байланыстырады.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау жағалауынан тағы да өлі Каспий итбалықтары табылып, Экология департаменті мамандары теңіз суынан алынған сынамаларды зерттеп жатқанын хабарлаған.