Түркістан облысында өткен жылы 8 мыңға жуық жас тұрақты жұмыспен қамтылған

Ақтоты Жапатова 08 мам. 2025 18:59 213

Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздықтың деңгейі 3,1%-ды құраса, ең төменгі көрсеткіштердің бірі Түркістан облысына тиесілі. Түркістан облысында жастар саны 671 мыңнан асады. Олардың 500 мыңнан астамы ауылда тұрады. Облыс көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 6 мыңнан астам маңызды іс-шара өткізілген. Нәтижесінде өткен жылы 8 мыңға жуық жас тұрақты жұмысқа тұрды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық берілмек,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Өңірде NEET санатындағы жастардың үлесі өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда 6,4%-ға төмен. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 30%-ға төмендету көзделіп отыр. NEET – бұл 16-24 жас аралығындағы жұмыс және оқу орны жоқ жастар. Олардың үлесін азайту мақсатында 13 мемлекеттік бағдарламаны қамтитын жол картасы әзірленген. Өңірде NEET жастарының деректер базасы құрылып, олардың мәселесін шешу жолдары қарастырылды.

Сондай-ақ, өңірде «Отбасының цифрлық картасы» жобасы іске қосылды. Облыста жастарды жұмыспен қамту және оқыту шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. «Серпін-2050» жобасы бойынша еліміздің Солтүстік өңірлердегі 17 жоғары оқу орындарына 2024 жылы 802 түлек грантқа түскен. Түркістан облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, кәмелет жасына толмаған жастар арасындағы орын алған қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 10 оқиғаға азайған.

Облыстың білім беру ұйымдарында арнайы балаларға қатысты түрлі жағдайлардың алдын алу мақсатында 1 143 мектепке «111-QR» сенім кодтары орнатылған. Облыс бойынша 127 волонтерлік ұйым және волонтерлік 36 желі фронт-офистері жұмыс істейді. Qazvolunteer.kz ұлттық волонтерлік ұйымына 17 мыңнан астам белсенді жас мүше.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар