Ақын әрі аудармашы Нұртас Исабаев өмірден өтті

Ақын әрі аудармашы Нұртас Исабаев өмірден өтті
ҚР Жазушылар одағы

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұртас Исабаев 72 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нұртас Исабаев 1954 жылы 13 қарашада Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ол Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Ораз Жандосов қоры сыйлығының лауреаты атанған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған.

Қаламгер Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік стипендиясының иегері болған. Сонымен қатар әдебиет пен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған.

Нұртас Исабаев еңбек жолын орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық газетте корректор болып бастаған. Кейін Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтында білім алып, оны 1982 жылы тәмамдады.

Ақынның алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атаумен 1980 жылы жарық көрді. Одан кейін «Өмірді сүю», «Ұлылықпен сырласу», «Қимаймын сені», «Өмірге құштарлық» және басқа да поэзиялық кітаптары оқырманға жол тартты.

Нұртас Исабаевтың шығармалары қазақ поэзиясындағы сыршылдық, өмірге құштарлық, адам болмысы мен рухани ізденіс тақырыптарымен ерекшеленді. Оның бірқатар өлеңдері орыс тіліндегі «Разбег» атты ұжымдық жинаққа енген.

Қаламгер аударма саласында да өнімді еңбек етті. Ол орыс ақыны Александр Твардовскийдің шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық аударма өнерінің дамуына үлес қосты.

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен оқырман қауымға қайғыра көңіл айтты.

Нұртас Исабаевтың қазақ әдебиеті мен руханиятына қосқан еңбегі ел есінде сақталады.