Зейнетақы қалай тағайындалады?

Dalanews 21 окт. 2021 08:10 1072

ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 15-і — зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдері арқылы жүргізіледі. Түркістан облысында жалпы 175 884 зейнеткер бар. Оларға 9,4 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемі жүргізілген. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 43 272 теңгені құрайды. Бұл туралы брифингте департамент басшысының орынбасары м.а. Жанат Жамахова мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ерлерге арналған зейнеткерлік жас – 63, әйелдер үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан – 60 жас болып бекітілген. Ал 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда зейнетақы алуға құқығы бар.

– Ерлерге толық зейнетақы тағайындау үшін 25 жылдық, ал әйелдерге 20 жылдық еңбек өтілі талап етіледі. Талап етілген еңбек өтілі болмаған жағдайда азаматтарға бар еңбек өтіліне сәйкес, толық емес көлемде зейнетақы тағайындалады. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек өтілі еңбек кiтапшасымен расталады. Еңбек кiтапшасы немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек өтілі жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттар сот шешiмi негiзiнде белгіленеді, – деді Жанат Балабекқызы.

Елімізде ынтымақтастық (еңбек), жинақтау жүйесі және базалық зейнетақыдан тұратын аралас зейнетақы жүйелері бар. Ынтымақтастық зейнетақы –  азаматтардың 1998 жылдың 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек стажы болған негізінде тағайындалып республикалық бюджет есебінен төленетін түрі.

Ал базалық зейнетақы жүйесі – зейнеткерлікке шыққан барлық азаматтарға еңбек өтіліне және бұрын жүргізілген аударымдарына қарамастан тағайындалып республикалық бюджеттен қаржылантыратын түрі.

Жинақтау жүйесі – 1998 жылдан бастап міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін түрі.

Айта кетерлігі, зейнетақы мен базалық зейнетақы төлемін алушы адам қайтыс болған жағдайда, оны жерлеуді жүзеге асырған адамға, алушы қайтыс болған сәтте тиісті қаржы айлық есептік көрсеткіштің 15,7 еселенген мөлшерінде, ал Ұлы Отан соғысына қатысушысы немесе оның мүгедегі қайтыс болған жағдайда 36,6 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы тағайындалып төленеді. Зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және қайтыс болған айына қоса жүзеге асырылады.

Рекомендовать
Последние новости