Қазақстанда заң бар, сот бар, реформалар да жүріп жатыр. Бірақ қарапайым адам үшін ең бастысы – әділдік пен сенім. Құқық қорғау органдарына, тергеу ісіне, сот шешіміне деген сенім болмаса, ең мінсіз заңдар да қағаз жүзінде ғана қалады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың сөзі осының айқын дәлелі.
Оның пікірінше, елімізде азаматтардың құқықтық қорғалуы бағытында белгілі бір алға жылжу бар. Бірақ мұның бәрі жеткілікті ме деген сұрақ – ашық күйінде. Қоғамда сот үкімдеріне, тергеу амалдарына, әсіресе, сот төрелігінің әділдігіне күмәндану тоқтаған жоқ. Себебі әрбір ресми көрсеткіштің артында адамның тағдыры тұр. Ал тағдыр ойыншық емес.
Ластаев сот алқасының жұмысы туралы айта келіп, бұл жүйенің халықаралық стандарттарға сәйкес екенін мойындайды. Алқа соты – бұл қылмыстық істі кәсіби судьямен қатар, қарапайым азаматтардан құралған 12 адам да қарайтын жүйе. Олар айыпталушыны кінәлі ме, жоқ па – соны шешеді. Судья тек үкім шығарады. Бұл тәсіл – халықтың сот ісіне араласуын қамтамасыз ететін демократиялық қадам. Бірақ бұл – мінсіз жүйе емес.
Ластаевтың өзі де оны жасырмайды: айыпталушы сот отырысы барысында алқа мүшелерін көреді. Бұл олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Үкім қысқа ғана – көбіне бір-екі беттен аспайды. Себебі алқа мүшелеріне үкімнің неге солай қабылданғанын дәлелдеп жазудың қажеті жоқ. Бұл – қауіпсіздік үшін енгізілген жеңілдік. Бірақ дәл осы жеңілдік кей жағдайда әділеттілікке көлеңке түсіруі мүмкін. Себебі түсініктеме берілмеген үкім – күмән туғызады. Оның үстіне мұндай үкімге шағым түсіру де оңай емес. Тек процессуалдық заң бұзылған болса ғана қайта қарауға мүмкіндік бар. Яғни, үкімнің мазмұнына, әділеттілігіне байланысты дау айту тетіктері шектеулі.
Азаматтардың шағымына келсек, өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесіне 6 700-ден астам арыз түскен. Бұл – бір қарағанда сенімнің артқаны. Екінші жағынан – проблема азаймай тұрғанының дәлелі. Ең көп шағым – тергеу амалдарына қатысты. Бұл санат жыл сайын шағымдар тізімінде бірінші орында тұр. Одан кейін – шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны жеңілдету туралы өтініштердің қанағаттандырылмауына байланысты арыздар. Үшінші орында – сот шешімдерімен келіспеу. Оның ішінде 70 пайыздан астамы – қылмыстық істерге қатысты үкімдер.
Ал адам саудасы сияқты аса қауіпті қылмысқа келсек, жағдай тым ерекше. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы тоғыз айда адам саудасына қатысты 194 қылмыстық іс тіркелген. Бірақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесіне бұл мәселеге байланысты бірде-бір азамат жүгінбеген. Бұл қалай? Мұндай күрделі мәселе бойынша азаматтар үнсіз қалды ма? Әлде құқық қорғау органдарына сенбейді ме? Бұл сұрақ жауапсыз тұр.
Артур Ластаев бұл жағдайды оң үрдіс ретінде бағалағысы келеді. Қазақстан адам саудасына қарсы заңнамасын халықаралық талаптарға сай келтірді. Әлеуметтік және құқықтық көмек жүйелері де жетілдіріліп жатыр. Бірақ бұл – мәселе жоқ деген сөз емес. Жәбірленушінің үнсіз қалуы – көбіне жүйеге деген сенімсіздіктен туындайды. Осы орайда қоғамға әділдікке сенетін орта қалыптастыру – бәрінен маңызды міндет.
Артур Ластаевтың пікірлері тек есеп беру үшін емес, ой салу үшін айтылғандай. Ол жүйені жоққа шығармайды, бірақ кемшіліктерді ашық көрсетеді. Бұл – маңызды. Өйткені адам құқықтарын қорғаудың негізі – ашықтық пен өз кемшілігіңді мойындай алу.
Қазақстан шын мәнінде құқықтық мемлекет болғысы келсе, қағаз жүзіндегі заңдардан емес, азаматтың сотқа барғанда әділет табатынына сенетін күнге жетуі керек. Ал бұл үшін тек заң шығару жеткіліксіз. Жүйенің рухы мен мазмұны өзгермей, әділдік жайлы айту – бос сөз.