Ильхам Әлиев әйелін өзінің орынбасары етіп тағайындады

Dalanews 21 февр. 2017 19:11 786



Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әйелі Мехрибан Әлиеваны вице-президент лауазымына тағайындады. Ол туралы жарлық ақпанның 21-і күні президенттің ресми сайтында жарияланды.





2017 жылы ақпанның 21-і күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің ресми сайтында оның әйелі Мехрибан Әлиеваны вице-президент лауазымына тағайындау туралы жарлығы жарияланды.

"М.А.Әлиеваны Әзербайжан Республикасының бірінші вице-президенті лауазымына тағайындау туралы" жарлықта Ильхам Әлиевтің "Әзербайжан конституциясының 103-бабының 1-тармағына сүйенгені" жазылған.

Алайда Ильхам Әлиевтің ресми сайтындағы Әзербайжан конституциясының 103-бабы "Әзербайжан президенті болып сайланған тұлғаның ант беруі" деп аталады және 1-тармағында "Әзербайжан президенті болып сайланған адамның үш күн ішінде... Әзербайжан президенті қызметін атқара отырып, конституцияны, ел егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, халыққа адал қызмет етуге ант беретіні" айтылған.

Күйеуінің бұл жарлығы арқылы 52 жастағы Мехрибан Әлиеваның Әзербайжан саяси жүйесіндегі орны көтеріле түсті. Бұған дейін ол Әзербайжан парламенті - Милли Мәжілістің депутаты ғана болып келген еді. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің жұбайы Мехрибан Әлиева бұдан бөлек ЮНЕСКО және ИСЕСКО елшісі, Әзербайжанның бұрынғы президенті - бұл елдің қазіргі басшысы Ильхам Әлиевтің әкесі Гейдар Әлиев атындағы қордың президенті.

МЕХРИБАН ӘЛИЕВАНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫ

Мехрибан Әлиеваның негізгі мамандығы - медицина саласындағы көз дәрігері. Ол 1988 жылы М.Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік медицина институтын бітірген. 1988-1992 жылдар аралығында академик Красновтың жетекшілігімен Мәскеудегі көз ауруларын зерттейтін ғылыми институтта жұмыс істеген. 1995 жылдан бері өзі құрған Әзербайжан мәдениеті қорының президенті.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әйелі Мехрибан Әлиеваға әкесі Гейдар Әлиевтің атындағы орден тапсырып тұр. Баку, 29 маусым 2015 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әйелі Мехрибан Әлиеваға әкесі Гейдар Әлиевтің атындағы орден тапсырып тұр. Баку, 29 маусым 2015 жыл.

Ол Ильхам Әлиевке 1983 жылы тұрмысқа шыққан. 2003 жылы Әзербайжанды 1993 жылдан бері басқарған Гейдар Әлиев қайтыс болды, билікті оның ұлы Ильхам қолына алды.

Күйеуі президент болған Мехрибан Әлиеваның да Әзербайжандағы ықпалы күшейе түсті. Мехрибан отбасының барлық мүшелері академиялық ортада, саясатта жоғары мәртебе иеленді. Оның атасы Мир Джалал - танымал жазушы. Әкесі Ариф - Бакудегі ұлттық авиация академиясының ректоры. Әпкесі Наргиз - Мәскеу мемлекеттік университетінің Бакудегі филиалын басқарады.

САЯСИ БОЛЖАМДАР

Әзербайжанда Мехрибан Әлиеваға қатысты саяси болжамдар 2013 жылы жазда, ол «Жаңа Әзербайжан» партиясының төраға орынбасары болып тағайындалғанда көбейген еді. Өйткені, Ильхам Әлиев билікке келер алдында әкесі Гейдар Әлиев оны осы «Жаңа Әзербайжан» партиясының төраға орынбасары етіп тағайындап, оған президенттік лауазымды өткізіп беру үшін сайлау ұйымдастырған болатын.

2013 жылы жазда, Әзербайжанда президент сайлауы өтер қарсаңда осы елдегі шағын әрі мемлекетке тәуелді "Әзербайжанның әлемдік демократиялық партиясы" президент сайлауына Әлиеваны ұсынатындарын мәлімдеді. Кейін партия өкілдері бұл мәлімдемені партиядан бөлініп шыққан шағын топтың жасағанын айтып, бастарын арашалай бастады. Бірақ осы оқиға Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев билікті әйеліне өткізуі мүмкін деген сарындағы болжамдарға түрткі болған еді.

ӘЛИЕВТЕР МЕН ПАШАЕВТАР ӘУЛЕТІНІҢ ЫҚПАЛЫ

Кей сарапшылар "Мехрибан Әлиеваның негізгі қаруы – Әзербайжанның мұнайы мен коммуникациясын, құрылыс саласын, Панама және Британдық Виргин аралдарындағы ірі оффшорлық компанияларды қарауында ұстаған отбасылық холдингтің миллиардтаған доллар қаржысы" екенін айтады.

Мехрибан Әлиеваның төркіні - Пашаевтар әулеті президентке жақын болғанның арқасында саяси салмақтарын ұлғайтып, қомақты дәулет жинап алды. Әзербайжандық сарапшы Зафар Гулиевтің айтуынша, Пашаевтар Әзербайжанның билік құрылымының ең жоғарғы деңгейінен орын алуға ынталы, олар тіпті 2008 жылы Мехрибанды президенттікке ұсыну туралы ойлаған. 2013 жылы сайлау қарсаңында Зафар Гулиев Азаттыққа "Ол кезде бұл идея өрістемеді. Мүмкін, отбасы не үкімет тоқтау салған шығар. Бірақ содан бері Мехрибан Әлиева мен Пашаевтар барлық жағынан – қаржылық, экономикалық және ықпалдылық тұрғысынан күшейіп кетті" деген пікірін айтқан еді.

Алайда Ильхам Әлиевтің өзі ешқашанда отбасылық билікке талас туралы айтқан емес және сән көшінен қалмайтын жарын «Әзербайжанның ең сұлу әйелі» деп атайды. Оның «президенттің әйелі болса да, әйелдің аты - әйел» деген сөздері ақпарат құралдары арқылы тарап кеткен. Әлиев көбінесе әйелді «отбасындағы махаббаттың, гармонияның, тыныштықтың кепілі» ретінде сипаттайды.

 

Қалай болғанда да Әзербайжанды билеп отырған Әлиевтер әулеті бұрынғы Совет Одағындағы репрессиялық режимді сақтап қалған, елдегі ақпарат құралдары бостандығын шектеу, сыбайлас жемқорлық пен халықты қысып ұстау жағынан аймақта топ бастап тұр.

2009 жылы Әзербайжан билігі конституцияға өзгеріс енгізіп, президент мерзіміне қатысты шектеу алынып тасталды. 55 жастағы Әлиевтің ресурстарға бай елдің мәңгі президенті болуына техникалық тұрғыда жол ашық тұр. Ал сарапшылар Ильхам Әлиевтің де уақыт өте әулет дәстүрін сақтап, билікті отбасы мүшелерінің біріне тапсыратынын айтады.

Мехрибан мен Ильхам Әлиевтердің екі қызы мен бір ұлы бар.

Дереккөз: "Азаттық"



Рекомендовать
Последние новости