Халық аузында "Хуторлықтар" қылмыстық тобы деп танылып кеткендердің "басшысы" саналатын Хасан Қасымбаев соққыға жықты деген Арман Алимовтің де бірнеше қылмыстық іске қатысы бар болып шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Sona.kz порталына сілтеп.
Басылым мәліметінше, Алимовтің өзі бірнеше рет тәртіп сақшыларының көзіне түсіп, істі болған.
№1 оқиға: Арман Алимов алғаш 2008 жылы істі болған. Ол тонауға қатысты қылмыстық істе фигурант. Сол жылы Алимовпен бірге бірнеше адам «Бьютимания» және «Французский дом» дүкендер желісінің экспедитор-жүргізушісін тонаған. Арман Алимов жүргізушіні газ баллонымен қорқытып, 9 021 850 теңгені жымқырған.
2008 жылы Алматыда болған бұл қылмысты Арман Алимов алдын ала жоспарлаған. Артынша ол көлікте күтіп отырған танысы Мамырқановқа барған. Екеуі Талғарға беттейді. Жолай Серік Сағынаев атты тағы бір таныстарын ала кетеді. Көлікте Алимов қалған екі танысына дүкеннің жүргізушісін тонағанын айтады. Осылайша Мамырқанов пен Сағынаев бұл қылмыс туралы жақ ашпасын деп 1 миллион теңге және 500 мың теңгеден ұстатады.
Мамырқанов сот отырысы кезінде Алимовты Алматыға әкеліп, Қазыбек би көшесінде күткенін, артынша Арман Алимов сөмкемен келіп, екеуі Талғарға жүріп кеткенін, үшеуі жымқырған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын айтқан.
Сотта Арман Алимов жасаған қылмысын толық мойындаған. Ол бұл қылмысты қалай жасағанын түгел баяндап, тергеу барысында анықталған нәрселерді түгел мойындаған.
Жеке өміріндегі жанжал
Арман Алимовке қатысты тағы бір іс - жеке өміріне қатысты болған. Ол 2020 жылдың қарашасында мас күйде бұрынғы сүйіктісі Елегенованың Талғардағы үйіне келген. Алимов жанжал шығарып, жиһаздарын қиратып, соққыға жығамын деп қорқытқан. Артынша Арман Алимовке қатысты әкімшілік іс қозғалған.
Алайда сот отырысы кезінде Елегенова Алимовпен татуласқанын, сондықтан қылмыстық істі тоқтатуды сұраған. Осылайша Алимов жауапкершіліктен босатылған.
Арман Алимовтің аты бұдан кейін де қылмыстық істерде жария болып жүрді. Мысалы оның зорлық пен қоқан-лоқыға қатысты істерге қатысы бары айтылған. Сонымен қатар, Алимовтің Алматыдағы қылмыстық топтарға қатысы болуы мүмкін.
Сондықтан "ережесіз жекпе жек жаттықтырушысының" тек спортқа ғана емес, қылмыс әлеміне де қатысы бар болып шыққан.
Еске салайық,Хасан Қасымбаевтың өзі екі айға қамауға алынған болатын.
Кейін полиция мәлімдеме жасап, Хасан Қасымбаевтың ұсталуы - Шерзаттың өліміне байланысты емес екенін хабарлады.
ПД мәліметінше, Қасымбаев 2 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ол азамат А.-ны ұрлап, денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.
Оқиға 2021 жылдың маусымында болған.
"Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді", - деді бұған дейін Алматы облыстық ПД өкілдері.