Виктор ЦОЙ: Өтіріктен де, шындықтан да шаршадым

Dalanews 28 окт. 2015 15:24 880

Оның өлеңдерінің өзінен сол кезгі Кеңестік жүйеге деген жеккөрініш білініп тұратын. Оның өлеңдерімен таныс адам мұны бірден аңғаруы тиіс.

 «Перемен требует наши сердца, перемен требует наши глаза...». Бұл әнді барлығы біледі. Бұл өлмейтін ән. Бұл – Виктор Цой.

Оның әндеріне, оның шығармашылығына табынатын тыңдарман көп. Бірақ, сұхбатын оқығандар санаулы. Бірақ, ол мұнда да өзінен «аңыз адам» жасағысы келген жоқ. Қай сұхбатын оқысаңыз да пафос аз, тек қысқа әрі нұсқа жауап қана бар.

 

3743938– Виктор,  топтың аты неге «Кино»?

– Біз бұл атауды ойлап тапқанда 18 жаста едік. Қазір мүлде есімде жоқ.

– Топ қалай құрылды?

Алғаш ән пайда болды. Мен оларды орындай бастадым. Олар менің достарыма, достарымның достарына ұнады...

– Күллі КСРО-ға танылмай тұрып қандай жолдан өттіңіздер?

– Ауыр жолмен жүрдім деп айтпаймын. Өзіме ұнаған іспен айналыстым. Міндетте түрде табысқа жетем деген мақсат қойғам жоқ алдыма.

– Бір сөзіңізде «топқа музыканттарды емес, достарды шақырдым» дедіңіз. Сіздің достарыңыз қандай?

Оларға баға бере алмаймын. Кемшіліктері де, артықшылықтары да бар. Адаммен белгілі бір жақсы қылықтары, жақсы қасиеттері үшін дос болмайсың. Мұның басқа себебі бар.

– Сіздің имиджіңіз қандай?

Жүріс-тұрысымды «жоспарламаймын». Кез-келген жағдайда өзімді қалай ұстауды қаласам солай ұстаймын.


– Сахнада белгілі бір образға енесіз бе?


– Мен ештеңе тудырмаймын, сахнаға шығамын да ән айтамын. Мен өзім образбын (күліп).

– «Перемен требует наши сердца» деп ән шырқайсыз. Нені өзгерткіңіз келеді?

– Әрбір адам ең алдымен өз өмірін, өзін өзгертуі тиіс. Бұл ауыр сұрақ бір жағынан. Бір адам бір өзі өмірді өзгерте алмайды...

– Өзгеріс үшін күресуге дайынсыз ба?

Өзімді күрескер санамаймын. Мен ән айтамын. Маған ұнаған немесе ұнамаған және өзімді толғандыратын дүниелерді орындаймын.

– Сіздің өлеңдеріңіз қалай пайда болады?

– Бұл менің өзіме де жұмбақ. Білмеймін...Ойнай бастаймын. Сосын бір сөздер пайда болады...

– Рок-поэзияның поэзиядан айырмашылығы неде?

595875– Білмеймін, мұндай термин бар ма өзі? Өз басым әндерімнің сөздерін музыкадан бөлек қарастыра алмаймын. Бүйтсем олар өзінің құдіретінен айырылып қалатын сияқты.

Менің өлеңдерім музыкамен бірге орындалуы тиіс.

– Сіз үшін не маңызды?

Ішкі бостандығымды сақтау.

– Қазір кейбір әндеріңізді орындамай жүрсіз? Мұны қалай түсінсе болады?

Кейбір өлеңдер уақыт өте өзінің өзектілігін жоғалтады. Олар мені қызықтырмайтын болды.

– Сіз танымалдылыққа ұмтылдыңыз ба?

Ұмтылған жоқпыз. Әнді қандай стильде орындайтынымызды және қай уақытқа дейін танымал болатынымызды білмейміз.

Бұл істі сүю біз үшін – бірінші орында. Біздің өнер ең алдымен өзіміз үшін өзектілігін жоғалтқанда сахнадан кетеміз

– Ұстанымыңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымдарым бар. Өлеңдерім осыған негізделген. Өзгеге қарап өзгеруге болмайды, өзіңмен-өзің болу керексің. Бәлкім, сен біреуге күлкілі, біреуге біртүрлі, біреуге жеккөрінішті көрінерсің. Бірақ, өзіңмен-өзің болып қалу маңызды.

– Рок-музыка сіз үшін...

– Ішкі ойымды сыртқа шығарудың жолы. Рок-музыка ешқашан тапсырыспен жазылмайды. Тек сен және сенің ар-ұятың ғана сенің – ең басты сыншың.

Мен үшін тек – ән ғана бар. Оны өзім жалғыз да, топпен де, тіпті оркестрдің қолдауымен де орындай аламын. Бұл жағы мен үшін маңызды емес.

– Рок-музыкаға әлі де қарсылық бар. Неге?

– Жаңа дүние әрдайым ескінің қарсылығына ұшырайды. Рок тәуелсіз, еркін ән, ол ешқашан тапсырыспен жазылмайды. Оны сондықтан жек көреді, ұнатпайды.

Иә, бізді сынға алатындар бар. «Құлақтарына сырға тағады, сахнаға шынжыр алып шығады, киім киістері де тұрпайы» дейді. Бірақ, бұл сыртқы көріністің өзі қазіргі қалыптасқан жүйеге, ой-санаға, өмірге, мәдениетке, бүгінгі болмысқа қарсылық.

Рокты қалыптасқан тәртіпке қарсы шыққаны үшін жек көреді...

группа кино– Рок орындаушылардың бәрін өз ісіне, ұстанымына адал деп айтуға бола ма? 

– Өзіңді жүз жерден, мың жерден адал, шыншыл санауға болады. Бұл маңызды емес. Мәселе, басқалары сені шыншыл деп ойлай ма? Бастысы осы.

Ән жазып, осы арқылы табысқа кенелгісі келген адам өзін идеяның күрескері ретінде көрсеткісі келсе, білініп қалады. Оған сенбейді.

Мен өлеңді «қажет болғаны» үшін жазбаймын. Мен бір мәселе алаңдатуы керек, егер ол мәселе менің жанды жеріме тимесе, мені мазалама ол туралы  жаза алмаймын, айта алмаймын.

Осы себепті патриоттық немесе антисоғыстық ән шығаратындарға ешкім сенбейді.

– Сіз бүгінгі өмірдің өзгергенін қалар ма едіңіз?

– Рок музыканттардың арасында өмірді өзгерткісі келетіндер көп. Бізге газеттерде, телеарналарда өз ойымызды айтуға мүмкіндік берсе, бәлкім менің әндерім мен оның мәтіндерінің мазмұны басқаша болар ма еді. Мұндай мүмкіндік бермегесін өз ойымызды музыка арқылы білдіреміз.

– Музыкадағы ең басты дүние не?

– Оның өзектілігі. Мен үшін мәтін мен музыка біртұтас. Өйткені екеуінің ойы бірдей. Жалпы мен өлең емес, ән жазамын.

– Сіз адамға сенесіз бе?

– Білмеймін... Сенетін адамдар бар, сенбейтін адамдар бар. Кейбіреудің адалдығына күмәнданбайсың, ал кейбіреулерді әділетсіз деп санаймын. Айталық, бұдан бұрын «рок-музыка бұл бұзық музыка, оны орындаушылар арсыз, ұятсыз» деп жүргендер қазір керісінше сөйлейді. «Бұлар рокерлер, тамаша адамдар, олар әділдік үшін күреседі» дейді. Мұндай адамдардың ертең қайта құбылмасына кім кепіл?

– Сіз мойындалдыңыз ба?

– Маған мән бермеуге тырысты. Сен тірі адамсың, жұмыс істей аласың. Бірақ, сені қасақана көрмейді. Сені өмірде жоқ деп санайды.

Бірақ сен олардан бөлексің. Өзгелерге ұқсамайсың. Елдің көзін қуантпайсың. Жылтырақ, жасанды емессің. Осы үшін сені шеттетуге тырысады.

Бұл біздің елге ғана тән. Ресми деңгейде мені көргісі келмеуге тырысты. Бірақ халық көрді, білді, сүйді. Сынғам жоқ...

Бірақ, сынып кеткендер қаншама. Біз жаспыз ғой, шыдап бақтық. Шыдамағандардың көбі өмірден өтіп кетті. Высоцкий соның анық дәлелі.

– Бүгінгі ән қандай сіз үшін?

 – Мәтіні жалған, өтірікке құралған. Өтірікті көре тұра байқамайтын, байқағысы келмейтіндер осындай әндерді орындап жұр.

Мынаны түсінбеймін: бізде бәрі жақсы, тамаша, махаббат, достық деп шырқайтын әндерді бүгінгі күні қалай тыңдауға болады. Бұған ешкім сенбейді. Бәлкім, бір кездері сенген де шығар.

Бұл әндер бір кезгі – құрылыс отрядтары құрылған дәуірде, сол заманның романтикасына сай жазылды. Бірақ, бұл дәуір өтті... Бізді күні бүгінге дейін осындай әндермен алдап келді.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


(Виктор Цойдың 1987-89 жылдардың аралығында


сол кезгі газет-журналдарға берген сұхбатынан жинақталды)


 

 

Рекомендовать
Последние новости