Келімбетовтің орнына кім келеді?

Dalanews 28 окт. 2015 14:52 1085

[caption id="attachment_12199" align="alignright" width="233"]0 Мақаланың газеттегі нұсқасы[/caption]

Шыны керек, болашақты болжайтын, бақытты болашаққа сенетін мемлекеттің бірі мына біз едік. Бұл да жөн шығар бір жағынан. Бірақ, бүгінгі күнмен де өмір сүру керектігін ұмытып кетіппіз. Бүгініміз емес, болашағымыз маңызды болғандықтан бүгін-ертең алдымыздан кесе-көлденең кездесуі мүмкін мәселелерді көрмеген екенбіз. Әйтпесе, Келімбетовте не кінә бар?
Думан БЫҚАЙ

Ол да біз сияқты адам баласы. Бақытты болашаққа сеніп жүрді. «Қазақстан Орта Азияның Сингапуры» деген де осы Қайрат болатын. Иә, дәл солай айтқан. «Орта Азияның Сингапуры атануға тырысып, тырмысып жүрміз» десе, басқаша естілер ме еді, түсінер ме едік, бәлкім.

Мәселе Сингапурда емес.

Теңгеден құн кеткелі экономиканың тілін түсінетіндер де, түсінбейтіндер де Келімбетовті сөгетінді шығарды. Келімбетовтің не үшін кетуі керектігін біліп айтқандар да, білмей айтқандар да бір жағдайда қателескен жоқ: ол жұрттың сенімінен шықты. Сөзімен, ісімен, әрекетімен, орынсыз күлкісімен, өтірік уәдесімен...

Өткен жолы үкіметбасы Мәсімовті қабылдаған Президент Назарбаев халіміздің өте нашар екенін айтқан. Мұндай жағдайда халықтың сенімінен шыққан жаман. Жоқ, бұл дәл теңеу емес, қауіпті деген дұрыс шығар. Және бұл жалғыз Келімбетовке ғана қатысты емес...

Сенімнен шығу. Бұл биліктегі адамның имиджіне үлкен нұқсан.

Жыл аяғына жақын үлкен өзгерістер болады деген сыбыс бар. Ауыс-түйістер...Сол ауыс-түйістің арасында Келімбетовтің атын айтып жүр сарапшылар.

Бірақ, Келімбетов кеткенмен не өзгереді? Тіпті кеткеннің өзінде оның орнына лайықты адам бар ма Қазақстанда? 

«Бар» дейді сарапшылардың бір тобы. Ендеше олар кім?

 

Жәмішев, Жандосов және... Құдайбергенов. Қайсысы лайықты?

003Оның орнына лайықтылардың бейресми тізімі де жасақталып қойған. Жәмішев, Жандосов және... Құдайбергенов.

 Ұлттық банктің қателіктерін жіліктеп көрсетіп, әлеуметтік желіде әрдайым бөлісіп отыратын бір адам болса, ол осы тізімнің соңында тұрған экономист – Олжас Құдайбергенов екен. 

Сол Құдайбергенов өзінің «фейсбуктегі» парақшасында «Келімбетов отставкаға кетсе, экономикалық қателіктері үшін ғана кетпейді, мұның саяси себептері де бар» деген болатын.

Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, макроэкономист

1434110102_a26j6936– Ұлттық банк төрағасы үлкен қателік жасады – халыққа не үшін девальвация жүргізгенін түсіндірген жоқ, девальвациядан ұтылғандарға көмек көрсетпеді. Қарапайым халықтың ғана емес, банк төрағалары тарапынан да (олардың алдын-ала құлақтандырмағаны үшін) реніш болды.

«2015 жылдың басынан бастап девальвация болады» деген ақпараттық шабуылдар күшейді. Иә, Қазақстанның ол кездегі жағдайы да мәз емес-тін, алайда халықтың көкейіндегі күдікті сейілту, не болмаса алып-қашпа ақпараттарға кешенді жауап беру жұмысы жүргізілген жоқ.

Керісінше, күрт девальвация жасалды, Міне, жағдайды ушықтырып жіберген осы жайт және бұдан Ұлттық банк ұтылды, шығыны көбейе түспесе, азайған жоқ.

Күрт девальвация пайда әкелерін білген топтардың күші Келімбетовтен асып түсті.  Ақыр аяғы бәріне кінәлі тағы да сол – Ұлттық банктің төрағасы болары белгілі еді: ешкім орын алған жағдай үшін жауапкершілік алмасы анық қой.

«Келімбетов қыркүйек айында отставкаға кетеді» деген сыбыс әлі саябырлаған жоқ. Келімбетов кетсе, біреулер үшін билікке манипуляция жасаудың жаңа амалы табылады: сайып келгенде «девальвация болады» деген ақпараттық шабуыл Келімбетовтің орнына отырған кез келген адамды ұзақ аялдатпайды.

 

Сонымен...

«Келімбетов қыркүйекте кетеді» деген сыбыс бар-тын. Қыркүйек өтіп кетті. Келімбетов әлі отыр. Қазан аяқталып қалды. Халыққа оның отставкаға кеткені өз алдына, орнына кім келері қызықты. Жаңа төраға Ұлттық банктің өңін қаншалықты өзгертеді, ақша-несиелік саясат жүргізуде қаншалықты тәуелсіз болады? Және ең басты сауал – банкке деген халықтың сенімін қалай және қайтіп қайтарады?

Тағы да сол Құдайбергеновтың айтуынша, кетсе жалғыз Келімбетов емес, мұның бәріне тікелей және жанама қатысы бар басқалары да орнын босатқаны жөн. Ең алдымен өздері үшін, өздерінің имидждері үшін...
Сонымен Келімбетовтің орнына кім лайық? Бұған біз емес, біз сөзге тартқан сарапшылар жауап берсін.

 

оразалыОразалы СӘБДЕНОВ, академик, экономист:

ЖАНДОСОВ ЛАЙЫҚТЫ

– Біздің билікте Келімбетов сияқтылар өте көп. Сондықтан ертең Келімбетов кетсе, «Ұлттық банктің ұяты оянып, халықтың жағдайын ойлауға көшеді» деген сөз ақымақшылық. Былайша айтқанда, бір Келімбетов кетсе, оның орнына дәл сол сияқты екіншісі келеді. Сіз бұдан «жағдай түзеледі, өмір жақсарады» деп ойлайсыз ба? Жоқ.

Иә, Ұлттық банктің төрағасы орнын босатып жатса, ол заңды болар еді. Себебі, Келімбетов ең алдымен азамат ретінде күресе алмады. Ұстанымы, пікірі тұрақсыз болды... Ендігі жерде бұл да маңызды емес, бірақ. Өтті, кетті. Айтылды, жазылды. 

Келімбетовтің орнына кім лайық? Әншейін босаған орынға қонжия салмайтын, білегін түре сала іске кірісетін азамат керек. Бұл да айтылып жүрген ой.

Бірақ ол кім болады? Кейбір сарапшылар Олжас Құдайбергеновті назарға алыпты. Шыны керек, білікті маман болғанымен мұндай қызмет үшін тәжірибесі әлі де аз деп ойлаймын.  Жастау... Сосын мұндай қызметке отыру үшін әншейін білікті экономист болу аздық етеді. Ұлттық банктің орынтағына Үкіметтің өзіне, депутаттардың сөзіне қарсы шығатын (әрине, дәйекті және орынды түрде), мінезді, тәжірибесі бар, орысша айтқанда «мощная политическая фигура – тяжеловес» қажет.

 Жоқ, үміттенбеңіз. Қазіргі биліктің арасында мұндай адам жоқ, бар болса да кәсібі келмейді. Сырттан іздеу керек. Ол кім? Ол – Ораз Жандосов. Жақын араласқанбыз, табанының бүрі бар. Меніңше Ораз  Олжас сияқты жас та болса талапты мамандарды жанына топтастырар еді.

 

жарасЖарас АХМЕТОВ, экономист:

ЖОҚ, ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ ЛАЙЫҚТЫ

– Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің шешім қабылдауға келгендегі құзыры белгілі бір дәрежеде шектеулі екенін түсіну керек. Яғни, барлығын Келімбетовтің қолы немесе Келімбетовтің сөзі шешпейді. Соған қарамай, біз оны жиі сынға аламыз.

Бірінші кезекте ол жүргізіп отырған несиелік-қаржылық саясатқа көңіліміз толмайды. Бірақ, тереңіне үңілу керек. Бүгінгі хаосқа әсте Келімбетов емес, мемлекет өз қолымен жүргізіп отырған экономикалық саясат кінәлі.

Біздің экономикалық саясаттың өзегі – қолмен басқару. Мемлекет адамдарға ненің жақсы, ненің жаман боларын білемін және өзім жол көрсетемін дейді. Бірақ, бәрін өзі шешетіндей қазіргі Қазақстан үкіметінің қолында қажетті құрал-жабдық жоқ. Иә, бірен-саран әсері бар да шығар. Ол теңгенің бағамына әсер ету (аз да болса), ақшаның ағымын бақылау және жеке салаларға, оның ішінде кейбір кәсіпорындарға мемлекеттік көмек көрсету. Болды. Одан аспайды.

Мұндай жағдайда Ұлттық банк төрағасын ауыстырсақ, оның орнына басқа біреу келсе, «бәрі жақсы болады» деп ойлау аңғалдық. Бізге тұтас экономикалық саясатты өзгерту қажет. Бұл ұзақ әңгіме және ұзақ жол.

Иә, Келімбетов кетеді. Бүгін болмаса да ертең. Ауыс-түйістің болары анық. Ал оның орнына кім лайық? Бірнеше адамның атын атар едім, бірақ Олжас Құдайбергеновке тоқтайын. Жақын таныспын. Мінезді, керек кезде «иә» немесе «жоқ» деп айта алатын азамат. Кез келген мәселеде өз көзқарасы және өз позициясы бар.

Олжас Ұлттық банктің төрағасы қызметін атқарып кете алар еді. Алайда...оның принципшілдігі, мінезділігі өзінің түбіне жетуі мүмкін. Теріс түсініп қалмаңыздар, егер ол Ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындалған жағдайда таңдау жасауына тура келеді. Егер принциптік позициясынан таймаса, бұл қызметте ұзақ аялдай алмайды. Ал егер компромиске келсе, ендеше бүгінгі жағдай баяғы жартас күйінде қала береді. Демек, «Келімбетов қалды не, кетті не ештеңе өзгермейді» деген сөз.

Өзектісі де осы. Өзгеріс керек. Ұлттық банкте не болып жатыр, білесіз бе? Оларды, былайша айтқанда қоқыс қағаздарды сатып алуға мәжбүрлеуде. Ұлттық банкке Құдайбергенов келген жағдайда оған осы мәселелерді шешуге тура келеді. Айттым ғой, ол өз дегенінде тұратын адам. Бір-екі рет бас тартып, «жоқ» деп айтты екен, орнынан алып тастайды. Өкінішті, бірақ біздің жүйе осындай. Мінез танытқандарды көтермейді...

 

байтук 2Ғалым БАЙТҰҚ, блогер:

КЕЛІСПЕЙМІН, ЖӘМІШЕВ ЛАЙЫҚТЫ

– Жақында бір басылымға сұхбат бердім. Журналист қызық сауал қойды: «Біздің биліктің арасында арлы, ұятты азаматтар бар ма?» дейді. Бар. Болған...Соның бір мысалы Шәймерденов, Тәшенов, Әуелбеков және Қонаевтар. Бұлардың артынан жақсы сөз және жақсы іс қалды. Бұлар өз артына ешқандай байлық (қазір «материалды мұра» деп айту трендке айналыпты), ешқандай зауыт немесе пароход қалдырған жоқ.

Бірақ, бұлар бұрынғының адамдары. Қазіргі биліктің арасында дәл осындай адамдар бар ма? Арлы, ұятты... Бар. Ол – Болат Жәмішев. Сыпайы, адал (анығы – таза), еңбекқор және ең бастысы патриот. Жақын таныспын. Меніңше, бұл кісіге Ұлттық банктің тізгінін сеніп тапсыруға болар еді. Жалпы Ұлттық банк қана емес, елімізде жұмысы ақсап отырған басқа да салаларға осындай таза адамдар көптеп керек. Аса қажет. Бірақ, оларды қайдан табамыз?

Біздің биліктегі таза адамдардың санын саусақпен санап алуға болады.

  СЫРТ КӨЗ

photo_136311Досым САТПАЕВ, саясаттанушы:

КІМ КЕЛСЕ ДЕ ОҢАЙ СОҚПАЙДЫ

Бұл қызметке кім келсе де Келімбетовтен мұраға қалған аса ауыр мәселелерді шешуіне тура келеді. Ол да дәл Келімбетов сияқты сынға қалады. Себебі, ол қабылдайтын шешім Ұлттық банкке де, үкіметке де, тіпті Президенттің сөзіне де байланысты емес. Барлығы сыртқы экономикалық фактордың қалай құбыларына тәуелді.

Ал Келімбетовтің өзіне мынадай сауал қойған жөн сияқты: «Сіз өзіңіз осы қызметте қала беруге қаншалықты ынталысыз?». (Сәтпаевтың пікірі «Курсив» газетінен алынды)

 

«Қала мен Дала» анықтамасы:

Ұлттық банк құрылғалы 8 төраға ауысқан екен. Екі мәрте Григорий Марченко төрағалық еткен, бұл: 1999-2004 жылдардың аралығы және қайтып оралған 2009-2013 жылғы кезең. Алғашқы төрағасы Ғалым Байназаров болатын.  Ал қазіргі төраға Келімбетов өз қызметіне 2013 жылы тағайындалған. Әр жылдары Ұлттық банкті – Ораз Жандосов, Қадыржан Дамитов, Әнуар Сәйденов және Дәулет Сембаев басқарды.
 

Рекомендовать
Последние новости