Ұзынағаштағы үш ағайынды сиыр сатамын деп ажал құшқан базарда ұрлық өршіп тұр

Dalanews 30 сент. 2016 05:03 1031

Алматы облысында мал саудасымен айналысқан үш ағайындының өліміне базарда ұрылардың қаптауы себеп. 

Бұл туралы КТК хабарлайды.

Қандықол қылмыстан кейін саудаға шығуға жүрегі шайлығып қалған саудагерлер осылай деп отыр.  Олар Ұзынағаштағы мал базарын ұрылардың бұрыннан жағалап жүргенін айтады. Суық қолдылардың құныққаны сонша, төрт түліктен түскен қыруар қаржыны әрбір сауда сайын қағып әкете береді екен. Ал соңғы рет қарақшылардың малды иесімен қоса ұрлап кеткені мәлім.
Мәйіті тауда табылған үш ағайынды – Жарқынбек, Қаділбек және Мұқият соңғы рет осы базардан кеткен. Қазір мұнда мал саудагерлерінің ірі қарамен келуге жүректері шайлығып қалған. Өйткені ұрылар тым еркінсініп кетіпті. Себебі, сол ағайындылар жоғалар күні мұнда тағы 15 тұяқ ұрланған.

Ағайындылармен бірге мал саудасымен айналысқандар мұнда әр базар болған сайын ұры-қары қарық болып қайтады дейді. Онда да миллондап олжалайды екен.

Саудагерлердің айтуынша, Ұзынағаштағы мал базарында ақшасын ұрлатпаған адам жоқ екен. Полицияға шағымданғанымен, бірде-бірін тауып бермеген. Ақыры қолын бір сілтеп, арыз жазуды да қойыпты.

Сорақысы сол, бұл оқиғалардың бірі де камераға түспеген.

Қырық бас сиырмен жоғалып, артынша өлігі табылған үш бірдей арыстай азамат Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият соңғы рет осы базарда сауда жасап тұрыпты. Соңғы рет ол кісілерді куәгерлер сенбі күні таңғы сегізде көрген, ал күндізгі сағат 11-лерде сиырлар тиелген жүк көлігі базардан сыртқа шығып кеткен. Бірақ өкінішке қарай базар аузында тұрған 6 бірдей камераға ол үш азамат та олардың сиырлары да, оларды алып кеткен күдіктілердің бірі де түспепті.

Камераға түспегенімен, күдіктілердің бірі – Талғат дегенді саудагерлер танып қойыпты.

Ағайындылардың өлімінен кейінде мал базарында сақтық шаралары күшейтілмепті.  Есесіне, әрбір мал басына, оны алып келген көлікке де 700 теңгеден салық жиналады екен.

Рекомендовать
Последние новости